Жас жігітті өлтірген кім?
Жас жігітті өлтірген кім?
419
оқылды
Шымкент қаласындағы полиция ғимаратында күдікті деп ұсталған атпалдай азаматтың қайтыс болуы қоғамда үлкен пікірталас туғызып отыр. Алғашында «өзін нашар се­зініп, өз-өзінен қайтыс болып кетті» деп мәлімет та­рат­қан Полиция департаментінің ақпараты енді жал­ған болып шықты. Айдың күннің аманында ден­саулығында ешқандай кінәраты жоқ 31 жастағы сотқалдай жігіттің ешнәрсе болмай құлап, қайтыс бола салуы мүмкін емесін әлеу­меттік желі белсенділерінен бастап оның әкесі мен бауырлары, туыс­тары да айтты. Баласының мез­гілсіз көз жұмғанын Қырғыз елінде жүріп естіген әкесі Ерғара Жұ­мабаев құстай ұшып, Шымкентке жетеді. Мәйітханадағы ұлын көз­бен көргенде жүрегі қарс айыры­лады. «Денесінде сау тамтығы жоқ. Екі құлағының асты, мойны, жел­кесі арқа белі түгел, бүйрек тұстары түгел қарайып кеткен ғой. Бұлар қолдан өлтіріп отыр. Сот-меди­циналық сараптамаға баламды тіпті кеспей-ақ қоюын сұраған едім. Себебі әбден ұрғаны, бар­лығы да айдан-анық көрініп тұр. Денесін кесті. Видеоға, суретке тү­сіре алмадым. Өзімізде бар, қор­ғаушыға береміз деп сендірді ме­ні», – деп көзіне жас алды мар­құм­ның әкесі Ерғара Жұмабаев. Осы­лайша, Шымкентке қалыңдығын алып кетуге келген қостанайлық Нұрболаттың денесі еліне ақ ма­таға оралған күйде жеткізілді. Жүрегі қан жылап тұрған мар­құмның әкесі қалай болғанда да ба­ланы сақшылардың тепкілеп ұр­ғанына жүз пайыз сенімді. «Нұр­болат спортпен шұғылданатын, денсаулығында ешқандай кінәрат жоқ сотқалдай азамат еді», – дейді әкесі. Қостанайда шағын бизнесі де бар екен. Көпбалалы отбасында өсіпті. Шымкенттегі сот-меди­цина­лық сараптаманың қорытынды­сында баланың өліміне «шок» болғаны және «ұйқы безіне қан кету», «ішінен алған жарақат» се­беп болған деп көрсетілген. «Ба­ламды қолдан өлтіріп отыр» деп еңіреген әке сараптама қо­ры­тындысында бәрі жазылғанын, дәлелденіп тұр­ғанын айтады. «Біз министрлікпен бай­ла­нысып отыр­мыз. Сараптама қо­ры­тындысы­ның өзі полицейлердің баламды тепкілеп қолдан өлтір­генін дә­лелдей алады. Соның өзі жеткілікті деп отыр. Одан бөлек, баланың де­несіндегі, бетіндегі қан­талаған дақ­тары бар сурет те бар болып шық­ты. Тергеу әре­кет­терін, сот ше­­шімін күтіп отырмыз. Егер кі­нә­­лілер лайықты жаза­лан­баса, одан да жоғары тұрған орын­дарға арыз­данамыз», – дейді Е.Жұмабаев. Марқұмның отбасына Шым­кент қаласындағы осы салаға жа­уапты және кінәлі деп танылған 6 полицейдің жұмыстан кеткені және 3-еуінің қамауға алынғаны жөнінде ақпарат беріліпті. Бұл ақпаратты қалалық Поли­ция департаменті растап отыр. Шым­кент қалалық Полиция де­пар­та­ментінің бастығы Ералы Жұ­маханбетов полиция қызмет­кер­лерінің Жұмабаевқа күш қол­данғанын растады. «Полицияның лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық істер қозғалды, объек­тивтілік мақсатта оларды арнайы прокурорлар тергеп жатыр. Осы факті бойынша жүргізілген қыз­меттік тергеу нәтижесінде ұстауға қатысқан қызметкерлер және олар­дың іс-әрекеттеріне бақы­лауды қамтамасыз етпеген бас­шылары ішкі істер органдарынан шығарылды. Сонымен қатар олар­дың қылмыстық істі тергеу шең­беріндегі іс-әрекеттеріне құ­қық­тық баға берілетін болады» деген Шымкенттің бас полицейі өзінің мәлімдемесінде. Істі прокуратура мен Өзіндік қауіпсіздік депар­таменті тергеп жатыр. Шымкент қалалық Полиция департаментінде көз жұмған Нұр­болат Жұмабаевтың ісі бо­йынша ұсталған үш лауазымды полицейге сот қаулысы шықты. Олар Ұлттық қауіпсіздік департаментінің тергеу изоляторына қамауға алыныпты. Қаулыны Шымкент қалалық ма­мандандырылған тергеу соты шы­ғарды. Олар бұған дейін уақытша ұс­­тау изоляторында болған. Енді тер­геуде екі ай бойы тергеліп жа­та­ды. Оның екеуі подполковник бол­са, біреуі полковник шеніндегі ла­уа­зымды тұлға. Олар негізінен Кри­миналдық полиция басқар­масында қызмет атқаратын. Шулы оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-бөлігіне сәй­кес (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, өлімге әкеліп соғу) қылмыстық ісі қозғалған. Адвокат Есімов іске қатысты басқа адамдар әлі де анықталып жат­қанын айтады. Ал оқиғаның басы-қасында бол­ған марқұм Нұрболат Жұма­баевтың жолдасы қостанайлық Сергей Петровты қорғап жүру үшін арнайы күзет бекітілген. Бұл туралы марқұмның әкесі айтып өтті. Себебі Сергей полицейлердің өзін де, жолдасы Нұрболатты да теуіп, бастарын күртешемен жа­уып, бірнеше мәрте соққы бергенін көрген бірден-бір куәгер. Таяу күндері Полиция депар­таменті көлік ұрлығы бойынша брифинг өткізбекші. Айтула­рын­ша, марқұмның көлігінен айғақты заттар тәркіленген. Ал бұл бо­йын­ша марқұмның әкесі көлік жуу тұрағында тұрған көлікке әлде­біреулердің темір-терсек салып қойғанын айтып өтті. Адвокат болса, айғақты зат тәркіленгенде тергеуші қатысуы тиіс екенін ай­тады. Тіпті, жауап алу кезінде де тергеуші болмаған. Қалай болғанда да, қылмыскер болсын, болмасын жас жігіттің өлі­мі шымкенттік полицейлер үшін үлкен сын болды. Еліміздегі ең басты байлық адам және оның өмірі мен қауіпсіздігі болуы тиіс. Қазір әлеуметтік желіде «кі­нә­лі­лер қатаң жазаланбаса, Нұр­­болат­тың басына түскен жағдай кез кел­геніміздің басымызға тү­суі ға­жап емес» деген сөздер жел­дей есіп тұр.

Шымкент қаласы