Палата Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалық етуімен Сенаторлар кеңесінің Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған отырысы болды.
Шараға кеңес мүшелері, оның ішінде Палатаның әр кезеңдегі Төрағасы қызметін атқарған – Өмірбек Байгелді, Оралбай Әбдікәрімов, көрнекті мемлекет қайраткерлері Қуаныш Сұлтанов, Зинаида Федотова, «Халық Қаһарманы» Мұхтар Алтынбаев және басқалар қатысты.
Мәулен Әшімбаев отырысты аша келіп, кеңес мүшелеріне тәуелсіздікті нығайтуға және қазақстандық парламентаризмді дамытуға қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.
Палата Төрағасы қазақстандық жаңа мемлекеттілікті қалыптастырудағы Елбасының тарихи рөліне тоқталып, кәсіби Парламент еліміздің Тұңғыш Президентінің бастамаларына әрдайым қолдау көрсеткенін атап өтті.
«Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында Қазақстан 30 жылда ордалы елге айналды. Мемлекеттік институттарды қалыптастырып, олардың үздіксіз әрі құзыретті жұмысын қамтамасыз еттік. Осы ретте қос палаталы кәсіби Парламенттің орны ерекше болғанын айта кеткен жөн. Заң шығарушы орган ел дамуына негіз болатын заңнамалық база жасақтай алды», – деді Мәулен Әшімбаев.
Палата Төрағасы экс-сенаторларға Елбасының сенімді серіктері ретінде ауқымды жұмыстарға тікелей атсалысқанын және тәуелсіздікті нығайтуға елеулі үлес қосқанын атап өтті.
Мәулен Әшімбаев кеңес мүшелеріне Мемлекет басшысының жаңғырту жөніндегі бағдарын заңнамалық қамтамасыз етуге бағытталған Сенаттың ағымдағы жұмысы туралы айтып берді. Ол сондай-ақ Палатаның қосымша басымдықтары – өңірлерді дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау, сондай-ақ ұлттық құндылықтарды ілгерілету мәселелеріне тоқталды.
Мәулен Әшімбаев өз сөзінде сенаторлар заң шығару бастамасы құқығын белсенді пайдаланатынын және бұл мәселеде тәжірибелі экс-сенаторларды қолдау өте маңызды екенін атап өтті.
Мәулен Әшімбаев бұрынғы сенаторларды қос палаталы Парламенттің құрылуының 25 жылдығымен құттықтады.
Кездесу барысында кеңес мүшелері Сенат жанындағы Сенаторлар кеңесінің жұмысын ұйымдастыру туралы ұсынысы мен тілегін білдірді. Мәулен Әшімбаев ел Президенті атынан мемлекеттіліктің қалыптасуына, тәуелсіздіктің нығаюына және елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі үшін Сенаторлар кеңесінің мүшелерін «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерейтойлық медалімен, сондай-ақ Сенат Төрағасының Алғысхатымен марапаттады.