Атырау медициналық аппаратқа мұқтаж
Атырау медициналық аппаратқа мұқтаж
© коллаж: Елдар Қаба
397
оқылды
Былтыр пандемия бас­тал­ға­лы медицинадағы біраз былық­тың беті ашылды. Атырауда жедел жәрдем қызметі науқастарды №1 облыстық ауру­ха­наға жеткізеді. Осы ауруханадағы МРТ аппаратының істен шық­­­қанына екі ай болған. Екі ай бойы мәселе неге шешілмеді? Адам ағзасына зияны аса көп емес МРТ технологиясының артықшылығы – басқа технология­ларға қарағанда сау мен ауру ұлпа­лардың айырмашылығы мен қарама-қарсылығын жоғары дәре­жеде анықтап, нақты диагноз қоя алады. Ал Атыраудағы ауруханада осындай керекті аппараттың әбден тозығы жеткен. 10 жылдан астам уақыт қолданылған екен. Бұған дейін жыл сайын аппаратқа сервистік қызмет көрсетіліп, қосалқы бөлшектері ауыстырылып, техни­ка­лық жөндеу жұмысы жасалатын. Облыстағы жалғыз МРТ аппараты алғашқы 6-7 жылда облыстың барлық медицина ұйымына қызмет көрсеткен. Мамандар соңғы рет диагностика жасап, сервистік қызмет көрсеткен кезде аппарат­тың бұзылғанын анықтады. Бір қиыны, аппараттың қосалқы бөл­шек­тері Қазақстанда және жақын маңдағы елдерде өндірілмейді, оны тек алыс шетелден тапсырыспен алдыру керек. Оның қосалқы бөлшектері мен техникалық тексеруіне жұмсалатын қаржы жыл өткен сайын өсіп отыр. Сала бас­шылығы дәл қазір «құрылғыны жөн­деуге қаржы бөлу тиімсіз және қымбат» деп отыр. Себебі ескі құрылғы қайта-қайта істен шыға береді. Облыстық ауруханадан бөлек кардиоорталықта 2021 жылы алын­ған жаңа МРТ аппараты бар. Бюджеттен қаржыландыратын осы екі ауруханадан өзге мемлекеттік ауруханаларда бұл жоқ. Құны жоғары, диагнозды дөп қоятын аппарат тек жеке емханалардан та­былады. Сайып келгенде, тұр­ғындардың жылдар бойғы жанай­қайынан соң ол жеке емханалардың бәрі «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» реестрінде тіркеліпті. Қазір жекеменшік екеніне қарамастан, қалалық және аудандық емханалардың жолдамасы бойынша халыққа тегін қызмет көрсетеді. Бірақ онда да ұзын сонар кезек. Мәселен, МРТ аппаратына түсіп, елордаға емделуге барғысы келген қала тұрғыны Зылиха Емберген денсаулық сақтау саласына көңіл толмайтынын айтады. «Облыстың денсаулық саласынан әбден көңіл қалды. Енді аста­намыздың емдеу орталықтарын­дағы тәжірибелі мамандарға бару үшін тиімдісі – тұрғылықты жерден МРТ-ға түсіп бару. Емханаға келгеніммен, алдын ала кезекке тұр­ғандар көп екен. Облыстық ауру­хананың МРТ аппаратының істемеуі өз қаражатына басқа ай­мақта емделуге бармақ болған біз секілді науқастарға кедергі келтіріп тұр», – дейді ол. Атырау облыстық онкология ауруханасының бас дәрігері Эльмира Сапарованың айтуынша, ауруханада тек КТ аппараты бар. Алайда МРТ аппаратына түсуі қажет науқастар INVIVO, OPION мен өзге де жеке емханаларға жол­дама арқылы тегін түсуге жағ­дай қарастырылғанын айтады. «Бүгінде Атырау облыстық ауруханасы МРТ аппараттың бұзыл­уына байланысты кардиорталық­пен келісімшарт жасасқан. Яғни, жедел жәрдеммен ауруханаға түс­кен науқасты қаланың «Еуразия» аумағындағы ауруханадан «Азия» бөлігіне қатынап, МРТ-ға түсіріп жүргелі екі ай болды. Бұл жағдай келер жылдың соңына дейін жал­ғасса, еш таңғалмаңыз. Аурухана­ның даму жоспарында 2022 жылы жаңа МРТ құрылғысын сатып алу қарастырылған», – деді ол. Алайда облыстық Денсаулық сақтау басқармасынан алынған мәліметтен білгеніміздей, МРТ құрылғысын алу үшін облыстың бюджеті қалыптасуы керек. Онда денсаулық сақтау саласына қара­жат бөлінеді, конкурс ұйымдас­тырылады, жеңімпазды анықтай­ды. Бұдан соң келісімшарт жасалады, кеден, сертификаттау, жабдық­ты тұтынушыға жеткізу – барлық процедура ҚР заңдарында белгіленген өз мерзімінде жасалады. Сайып келгенде, Денсаулық сақтау басқармасының кемшілігі көрініп тұр. Біздің емес, өңір тұрғындарының сөзі. Келіспеске амалымыз жоқ.

Атырау облысы