Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Қазақстан мен Ресейдің Байқоңырдағы бірлескен жобасы "Бәйтерек" зымыран-ғарыш кешенін "Назарбаев старты" деп атау туралы шешім қабылданады деп хабарлады. Бұл өзгеріс жобаны модернизация жасағаннан кейін жүзеге асырылады.
Негізінен "Бәйтерек" кешенін "Назарбаев старты" деп атауды Ресей басшысы Владимир Путин ұсынған екен. Бірақ ол кезде ресми түрде ешқандай шешім қабылданбаған еді. Оның айтуынша, "Назарбаев старты" жобаның "шартты атауына" айналып үлгерген, оған бәрінің де құлағы үйренген.
Министрдің сөзінше, кешеннен сынақ ретінде алғашқы "Союз-5" зымыраны 2023 жылдың соңына қарай ұшырылады.
"Бәйтерек" – Байқоңырдан орташа және жартылай ауыр санаттағы "Союз" кемелерін ұшыруға арналған Ресей мен Қазақстан бірлесіп салып жатқан жоба. Екі елдің бірлескен жобасының айтылып жүргеніне 15 жылдан асты. Тіпті, әлі жүзеге аспаған жобаның болашағына бұған дейін де кейбір сарапшылар күмән келтірген болатын.