Kcell-дің қаржы директоры мен банк қызметкері тұрғындардың ақшасын казиноға салған – Елнұр Бейсенбаев
Kcell-дің қаржы директоры мен банк қызметкері тұрғындардың ақшасын казиноға салған – Елнұр Бейсенбаев
Фото: twitter.com
413
оқылды

Мәжіліс депутаты, Nur Otan партиясы фракциясының мүшесі Елнұр Бейсенбаев Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа, Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановқа депутаттық сауал жолдады.

Қазақстан Республикасының «Ойын бизнесі туралы» заңына сәйкес, электронды және интернет-казино қызметіне тыйым салынса, «Жарнама туралы» заңына сәйкес, бұл ойындар түрін жарнамалауға да тыйым салынған. Сондай-ақ, ойын бизнесінің арнайы аймақтарға көшірілуіне қарамастан, халық арасында, оның ішінде жастардың интернет-казинолар ұсынатын құмар ойындар мен бәс тігуге қызығушылығы күннен-күнге артуда. Дәлел ретінде, ҚР-ның заңнамасына сәйкес, 2020 жылы құмар ойындар мен бәс тігудің теріс әсерін азайту мақсатында азаматтар үшін осындай ойындарға қатысудан өз бетінше шектеу мүмкіндігі енгізілген. Дегенмен, заң қабылданған сәттен бастап бір жарым жыл ішінде тізімге 430-дан астам адам тіркелсе, олардың 50 процентін 30 жасқа толмаған жастарымыз құрап отыр. Яки, бұл дерттің шырмауында жас өрендеріміздің көп екендігін аңғартады.   Әлеуметтік зерттеулердің деректері бойынша адамдардың 57% тәуелділіктің негізгі себебі жеңіл табыс табу мен ештеңе жасамай-ақ байып кету болып табылатынын атап өтуде. Медицина мамандарының айтуынша, ойынқұмарлық нашақорлық пен алкогольге тәуелділіктен де зиян. Бүгінде интернет беттері оңай табыс әкелуді көрсететін әртүрлі онлайн-казинолар мен букмекерлік кеңселердің агрессивті жарнамасының көлемі айтарлықтай өсті. Онлайн казинолар тайраңдап жүргенде, отбасылардың ойрандалып жатқаны баршамызға аян. Зерттеу нәтижесі бойынша құмар ойындардың тозағына еліміздің әрбір оныншы отбасы ілінеді екен. Қазақстанда құмар ойын ойнайтындар жасаған қылмыс та  аз емес.  2018 жылдың сәуір айында Шымкент қаласының ойынқұмар тұрғыны, өзінің кезекті ірі көлемдегі ақшалай ұтылысынан соң, қатыгездікпен өз анасы мен атасын өлтірген еді. Сол жылы елордамыздың тұрғыны өзімен бірге тұратын әйелді, екеуара ортақ қаржысын құмар ойынға ұтылуына байланысты өлтіру фактісі бойынша ұсталған еді.

Бұл аз десеңіз, Қаржы мониторингі агенттігінің ақпараты бойынша жақында Kcell байланыс операторының қаржы директоры ұсталды. Ол соңғы үш жыл ішінде қылмыстық жолмен 450 миллион теңге ұрлап, олардың көп бөлігін букмекерлік кеңселерде ұтылса, маңғыстаулық банк қызметкері клиенттердің шотынан 90 млн теңгеден астам қаржыны заңсыз ұрлап, қаражаттың негізгі бөлігін букмекерлік кеңсе арқылы қолма-қол ақшаға айналдырғаны белгілі болып отыр.

Тиісті мемлекеттік органның мәліметінше, 2021 жылдың басынан бастап интернет-казино қызметіне және жарнамасына байланысты бұзушылықтар бойынша 2223 интернет сайттарының жұмысына шектеу қойылған. Алайда, бұл бұғаттау бойынша шаралар онлайн-казино санының азаюына алып келмейді, өйткені бұғаттаудан кейін жаңа сайттар құрылады. Заңдық тетіктердің барлық мүмкіндіктеріне қарамастан, тиісті мемлекеттік органдар тарапынан интернет-казинолардың қызметіне қарсы іс-қимыл шараларын жеткіліксіз реттелуде деп есептейміз. Мысалы, халықаралық тәжірибе бойынша Американың көптеген штаттарында 2006 жылдан бері интернет-казино қызметіне тыйым салынған және қаржы ұйымдары интернет-казиноға бәс тігу жасайтын азаматтардың шоттарына қызмет көрсете алмайды. Ал, Қытай аумағында үкімет интернет-казинолар мен букмекерлік кеңселердің сайттарын ғана емес, сондай-ақ аталған сайттарды жарнамалайтын ресурстарды да бұғаттау бойынша жүйелі шаралар қабылдауда. Осыған байланысты, жауапты мемлекеттік органдардан интернет-казиноның қызметіне қарсы іс-қимыл жасау және құмар ойындар мен бәс тігудің жарнамасын шектеу жөніндегі шараларды күшейтуді сұраймыз, оның ішінде: – интернет-казиноларда және букмекерлік кеңселерде төлемдерді кредиттік карталардың көмегімен толтыруға тыйым салуды қарастыруды (бұл карталар кредиттік, яғни пайыздық мөлшерлемесі жоғары); – Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұза отырып, құмар ойындарды ұйымдастыру, өткізу жөніндегі қызметті жүзеге асырып келген шетелдік ұйымдастырушылардың арнайы тізбесін әзірлеуді сұраймыз.