Елордада 1000-нан астам отбасы баспаналы болды
Елордада 1000-нан астам отбасы баспаналы болды
Фото: Аstana.gov.kz
287
оқылды

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында елордада «Шығыс» тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталды. Көппәтерлі тұрғын үйді тұрғындарға табыстау бірнеше кезектен тұрды. Ондағы ең көп үлескер тіркелген кезекте 2,5 мың отбасы болды. Бірінші кезекте алған 800-ге жуық үлескер қазір тұрғын үй құжаттарын рәсімдеп жатыр. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Биыл барлығы 57 тұрғын үйдің құрылысы аяқталады, осылайша 7500-ден астам үлескердің мәселесі шешілген. Бүгінгі таңда екінші және үшінші кезектегі 1047 үлескерге үйдің жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін кілттері берілді.
"Қалған 1058 үлескердің төртінші және бесінші кезегінің мәселелерін екінші деңгейлі банкпен және инвестормен «Қоныс аудару» жобасы бойынша жасалған келісім аясында шешу жоспарланып отыр. Ал 4, 5-кезектегі және 2Б үлескерлері «Шығыс» ТК, сондай-ақ «Жағалау-4» ТК 1-полигон, 2-полигон дайын тұрған «Шығыс» ТК 3А және 3Б нысанына көшіріледі", – делінген хабарламада.
Нұр-Сұлтан әкімдігінің хабарлауынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елорда әкімдігі ұзаққа созылған құрылыс жұмыстарын аяқтау үшн жүйелі жұмыс істеп жатыр. Осылайша, осы блоктарда құрылысты қайта бастау үшін қажетті рәсімдер жүргізілді: объектінің техникалық тексеру қорытындысы алынды, қаржы аудиті жүргізілді, құрылыс салушы анықталды. Нысанның барлық 17 блогында монолитті жұмыстар, тас қалау жұмыстары жүргізілді, сыртқы инженерлік желілер тартылды, терезе блоктары жайластырылды, ішкі әрлеу және қасбетті орнату жұмыстары жүргізілді.
«Бүгін бізде қос мереке. Сегіз жылдан бері күткен пәтерімізді ақыры алдық. Бұл – мемлекеттің үлкен еңбегінің нәтижесі», – деді үлескерлердің бірі – Ермұхамет. «Мен енді ғана экс-үлескер екенімді сезініп отырмын. Сондай-ақ, осындай айтулы күні, Қазақстанның Тәуелсіздігі күні пәтеріміздің кілтін алып отырмыз. Осы жұмысқа қатысқандардың бәріне дән ризамын. Елбасына, Президентке және барлығына алғысым шексіз», – деп өз әсерін бөлісті Лариса.
2019-2020 жылдары 33 көппәтерлі тұрғын үй кешені салынып, пайдалануға берілді. 5 мыңнан астам үлескер отбасы көптен күткен қоныс тойын тойлады. 2022-2023 жылдары құрылысы ұзаққа созылған қалған үйлерді аяқтау жоспарланған.