Француздарды таңғалдырған қазақстандық әртістер отандық классикалық музыканың үздік үлгілерін паш етті. Франция елінің Нанси қаласында жоғары деңгейде өнер көрсеткен FORTE-TRIO мемлекеттік триосы еліміздің абыройын тағы да асқақтата түсті.
Бұл – қазақстандық трионың Франция еліндегі үшінші концерті. Ұжымның халықаралық гастрольдері ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өтуде.
Нанси қаласында FORTE-TRIO Мэрияның тарихи сарайында өнер көрсетті. Атақты ортағасырлық Станислав алаңында орналасқан бұл зал бай тарихымен және қайталанбас акустикасымен ерекшеленеді. Концертті тамашалауға келген көрермендердің қарасы қалың болды.
Бұл кеште қазақстандық композиторлардың туындылары мен еуропалық классика жауһарлары шырқалды. Әртістер халқымыздың ұлттық құндылықтары көрініс тапқан «Япурай» және «Көроғлы» туындыларын ұсынды. Сондай-ақ С.Рахманинов, К.Дебюсси, И.Брамс сынды әлемдік композиторлардың үздік шығармалары орындалды.
Көрермен қауым қазақстандық трионың шеберлігіне тәнті болып, зор ықылас білдірді. «Қазақстанда классикалық өнердің жоғары деңгейде дамығандығын білмеппін. Музыка арқылы Қазақстан халқының тарихын сезіне алдым. Трио әртістері бізге нағыз мереке сыйлады, алғысымды білдіремін», – деді Abdelrhani Azzab есімді көрермен.
Енді, алдағы уақытта FORTE-TRIO халықаралық гастрольдер аясындағы соңғы концертке дайындығын бастайды. Концерт 22 желтоқсан күні Лион қаласындағы атақты Моliere залында өткізілмек.
Айта кетейік, трио әртістері – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ұжымның негізін қалаушы Тимур Урманчеев (фортепиано), халықаралық байқаулардың лауреаттары Мұрат Нарбеков (виолончель) пен Шолпан Манкеева (скрипка) Роза Бағланова атындағы Қазақконцертте еңбек етеді.