Батыс Қазақстан облысының 150 ауылында ауызсу бағасы үш есеге дейін өсті. Жаңа тариф облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында бекітілген.
Судың әр текше метрі үшін орташа тариф 318 теңге болып белгіленді. Бірақ есептегіш құралы бар тұрғындар үшін баға небәрі 30 теңге болатын. Ал мұндай құралы жоқтар 40 теңге төлейтін. Жаңа жылдан бастап ауыл тұрғындары үшін оның бағасы 90, ал есептеу құралы жоқтар үшін 200 теңгеге жетпек. Кәсіпорындар мен халыққа ұсынылған тариф арасындағы айырмашылық өңір және республика бюджеті есебінен субсидияланады.
– Әсіресе, жазғы айларда бізде көптеген шалғай ауылда ауызсу тапшы болады. Неге десеңіз, адамдар таза ауызсумен бақша суарады, өлшемсіз малға береді. Нәтижесінде, кейбір азаматтар сусыз отырады. Біздің есебіміз бойынша, келесі жылы су жеткізетін кәсіпорындарға тікелей облыстық бюджеттен 1 миллиард 216 миллион теңге субсидия бөлеміз. Сондықтан олар суды 3 есе арзан беруі тиіс, – дейді облыстық мәслихат жанындағы бюджеттік комиссияның төрағасы Мұрат Мұқаев.