Былығы көп бағдарлама
Былығы көп бағдарлама
424
оқылды
Биыл балалардың қызығу­шы­лық­тары бойынша спорттық секциялар мен шығармашылық үйірмелерге те­гін қатысу үшін мемлекет қар­жы бө­ле бастады. Алайда балалардың бос уақытын тиім­ді жұмсауға жұмыс істеуі тиіс бағдарламаның былығы көбейіп барады.

Жүйе қалай жұмыс істейді?

Бағдарлама Президенттің тікелей тап­сыр­масымен жасалған. Оған тек жеке клуб­тар, секциялар, шығармашылық үйірмелер қа­тысуға құқылы. Яғни, балалар мен жа­сөс­пірімдердің спорт мектептері, олим­пиа­далық даярлау орталықтары қатыспайды. Өйткені олар мемлекет тарапынан онсыз да қаржы алады. Сондықтан бұл жол­ғы бағдарламаға қатысу үшін жаңадан ашыл­ған жеке клубтар мен үйірмелердің са­ны бес есе артты. Ал бағдарлама арқылы ба­лаларын тегін үйірме мен спорттық сек­цияларға қатыстыру үшін ата-аналар да, же­ке кәсіпкерлер де Artsport.edu.kz сайты ар­қылы тіркеледі. Сайтта олар өздеріне қа­жетті жеткізушілер мен ата-аналарға ар­нал­ған нұсқаулық бойынша әрекет етеді. Мы­салы, жеткізушілер нұсқаулыққа сәйкес же­ке кабинетін ашып, құжаттарды тіркейді. Өті­нішін, жаттықтырушылардың құжат­та­рын, жалдау шартын бекітеді. Бес күн ішін­де өнім берушіге жауап келеді. Тапсырыс беру­шілер бас тартқан жағдайда барлық кем­шіліктерді түзетіп, қайтадан өтініш бере ала­ды. Қабылданғаны туралы растау алған­нан кейін жеткізушінің деректері қала кар­та­сында пайда болады. Ата-аналар да сайт­қа жеке кабинетін ашып, өздері тұра­тын қаланың картасы арқылы кез келген өз­деріне ұнаған үйірмелер мен спорттық секцияларға өтінім бере алады. Мысалы, баласын шахматқа немесе биге бергісі кел­се, қаланың картасында үйіне жақын жер­дегі орналасқан клубтың мекенжайы көр­се­тіледі. Осылайша, баланың ЖСН енгізіп, ваучер алады. Бағдарламаның басты мақсаты – ба­ла­лармен жұмыс істейтін жаттықтырушылар мен оқытушылар дарынды балаларды тауып, оларды одан әрі күшейтілген жат­ты­ғу­ларға тарту. Ең бастысы, ақылы қосым­ша­ларға қаражаты жоқ отбасылардың ба­лаларын 100 пайыз қамтуға арналған. Бірақ бағ­дарламаның қызығын көру барлығына бір­дей мүмкін болмай отыр.

Қаржы таусылған соң қосымшалар да тоқтады

Жан басына қаржыландыру бағдарла­ма­сының арқасында мыңдаған қазақ­стан­дық бала спорттық секциялар мен шы­­­­ғармашылық үйірмелерге тегін қатысуға мүм­кіндік алды. Бағдарламаның міндеті мін­сіз болғанымен, қадағалауы кем секілді. Олай деуімізге себеп көп. Қа­зір ата-аналар балаларын сайт арқылы үйір­мелер мен спорттық секцияларға тір­ке­генімен, әлі күнге дейін қатыса алмай жүр. Бірі – топ жасақталмады десе, екіншісі оқы­­­тушыларға төлейтін қаражаты жет­кі­лік­сіз болып шық­қан. Ал енді басқа ата-ана­лар балаларын қы­зықтыратын орта­лық­­тар­да орын жоқ десе, қалғандары тым алыс­ты­ғын айтып ашынады. Бұдан бөлек, бө­лінген бюджеттің мерзімі бітпей таусылып қал­ғаны тағы бар. Кәсіпкерлер жұмыс­та­рын қайта жалғастыру үшін қанша қаражат сұр­а­ғанмен, олардың өтініштері қабыл­дан­байды. Қабылданбаған соң олар жал­дау құнын төлей алмайды, қызметкерлер ақ­шасын ала алмайды, ал балалардың үйір­ме­лері мен спорттық қосымшалары тоқ­тайды. Қаржыландыру көлемі әр об­лыс­та әртүрлі. Қайсы облысқа қанша бөлінгені Artsport.edu.kz сайтында ашық көрсетілген. Аймақтардағы алуан­дық­тың  себебі бала­лар­дың саны мен үйір­ме жетекшілерінің санына бай­ланысты. Мы­салы, Алматы мен Нұр-Сұл­тан қала­сына бөлінген қаражат Тал­дықор­ған мен Көк­шетаудан көп. Қазірдің өзін­де бағдар­ламаны жүзеге асыруға бө­лінген қаражат жыл соңына дейін жеті ай­мақта жетпей қалған. Ал Түркістан об­лысы балалардың бос уақытын өткізуге ел бойынша ең аз сома бөлген. Ал бұл өңір бала туу мен көп­балалы балалар саны бойын­ша көшбасшы облыстардың бірі. Бі­рақ жергілікті жердегі атқамінерлердің үнем­шілдігі балалардың бос уақытын тиім­ді жұмсауға тұсау болып отыр.

Жоспарлы жұмыс жоқ

Бағдарламаға қатысу үшін ашылған жеке клубтар мен үйірмелердің жұмысын тек­­серу кімге жүктелген? Себебі бағдар­ламадан бұрын жұмыс іс­теп тұрған жеке спорттық және шы­ғар­ма­­­шылық үйірмелер бар ма, осы үйірмелер мен секцияларға қанша бала барады, олар­мен кім жұмыс істейтініне тексеріс жасаған еш­кім болмаған. Бұрын мұндай статис­ти­ка­ны ешкім жүргізбегені белгілі болды. Мы­­­­салы, Алматыдағы 2 миллион тұрғын­ның 600 мыңы кәмелетке толмағандар. Қа­­ладағы 10 спорт мектебі 12 мыңға жуық ба­­ланы қамтыса, қалған балалар қосымша үйір­­мелер мен спорттық клубтарға бұрын­ғы­дай қалтадан қаражат шығарып бара­ды. Ал шамасы жетпегендері әдеттегідей көше ке­зеді немесе смартфондарға телміреді деген сөз. Бұл бір ғана Алматы емес, өзге об­лыстарға да қатысты. Қазіргі мәліметтерге сен­сек, облыстарда спорт мектептерімен ба­лалардың 2-10% ғана қамтылған.

Күмән көп

Бағдарлама іске асқанда, бәрінен бұрын балалар мен ата-аналар қатты қуанған. Өйт­кені қаржының тапшылығынан қосым­ша­ға бара алмай жүргендер жаппай сайтқа тір­келіп, өздеріне ұнаған, көңілдері қалаған үйір­мелерге таңдау жасағысы келді. Бірақ көп­теген ата-ана мемлекет берген мүм­кін­дік­ті молынан пайдалану мүмкін емес еке­ніне мойынсұна бастаған сыңайлы. Себебі ұсынған үйірмелер мен секцияларға таң­дау аз. Болса да бос орындар жоқ. Тіпті, пор­талда көрсетілгендердің өзіне жазылу мүмкін болмай шыққан. Ваучер алға­ның­мен, жеткізушілердің құжаттары толық бол­май қалған. Нұр-Сұлтан қаласының тұр­ғыны Нұрберген Қалмұратов баласын қыр­күйектен бері тіркетіп, ваучер алға­ны­мен, әлі күнге дейін футбол клубынан тұ­шым­ды жауап ала алмай жүргенін айтып, ашы­нады. «Сайт арқылы қыркүйекте ұлым­ды «Достар» футбол клубына тіркеттім. Кезегі келген жоқ. Сұрасам, 4-сыныпқа топ жи­налмай жатыр екен. Көрсетілген нө­мір­лерге хабарласып шаршадық», – дейді ол. Ал клуб жаттықтырушысы жаттығудың бастал­мауы­на топтың жасақталмауы себеп екенін мойын­дап отыр. Алматылық Тимур да алыс болған соң бармаған баласының атынан акт жасалғанын айтады. Бұл туралы үйірменің атынан хабарласқан жаттық­тыру­шысынан ес­тіпті.

Қолдан жасалған кедергі

Осыған қарап-ақ бюджеттен бөлінген қа­ражатқа кәсіби деңгейде мамандан­дырыл­ған шығармашылық орталықтардың ашыл­ғанына күмән туады. Бала құқығы жөніндегі  ом­будсмені Аружан Саин балалар үйірмелеріне жол­дама беруге қолдан кедергі жасалып отыр­ғанын айтады. Айтуынша, бюджеттегі қар­жыны біреулер келісім бойынша жұмсап жа­тыр. Оның арасында белгілі продюсер Қы­дырәлі Болмановтың мектебі де бар екен. Осындай бассыздықтар бір елордада ғана емес, өзге өңірлерде де тіркелген. Мә­се­лен, Ақтауда MartaArt арт-студиясы ата-ана­ларға 1-2 сағаттың ішінде балаларын өз­деріне тіркеп үлгерулері керек деген ха­бар­лама жіберген. Бюджеттен бөлінген қаржыны Нұр-Сұлтан қалалық Мәдениет басқармасының қыз­меткерлері өздері таңдап алған меке­ме­лерге үлестірген көрінеді. Қыркүйек айын­да шығармашылық мемлекеттік тапсырыс операторлары ArtSport.edu.kz порталында балаларға үйірмелерге қатысуға жолдама беруді «оператор шегі таусылды», «жаңа ба­лалар енді үйірмелерге жазыла алмайды» деп жауып тастаған. Сол аралықта жүйе белгілі бір үйірме орталықтарына балаларды жинау қажет болғанда қайта ашылған. Мәселен, 3 қарашада мемлекеттік тапсырыс операторы қысқа мерзімге (шамамен 1 са­ғат) шектеуді алып тастаған. Осы уақыт ішін­де көптеген ата-ана шығармашылық үйір­мелерінің біріне, атап айтқанда «Ай­сұл­тан арт» ЖШС-на («Қарақат» мектеп сту­диясына) бекітілген. Бұл туралы ата-ана­ларға WhatsApp чатында да хабар­ла­нып­ты. Қызығы сол  балалардың ата-аналарына ArtSport.edu.kz порталындағы жазба 3 қараша күні таңғы сағат 9-да ашылатыны туралы алдын ала хабарланыпты. «Пор­тал­дың техникалық қолдау көрсету тобына ха­барласып, шынымен де 3 қарашада 564 бала «Айсұлтан арт»-қа шамамен 30 минут­тың ішінде (орта есеппен 4 секундқа бір жолдама), ал 4 қарашада 2 сағат ішінде тағы 107 бала тіркелгенін білдім. Қазір студияға 742 бала бекітілген. Бұл мемлекеттік тапсы­рыс операторлары бағдарламаны жүзеге асыруға жасанды түрде кедергі жасағанын көр­сетеді. Ақшалай қаражатты белгілі бір қыз­метті орындайтын тұлғалардың пайда­сына бөлуге ықпал еткен», – дейді Аружан Саин. Осы бассыздықты анықтау үшін ол Мә­дениет және спорт министріне, Нұр-Сұл­тан қаласының әкімдігіне, Нұр-Сұлтан қаласының прокуратурасына және Сы­байлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агент­­тігінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша де­пар­таментіне хат жолдаған. Алайда қоғам бел­сендісінің хатына әлі бірде-бір мекеме жауап бермеген. Біз де өз тарапымыздан қалалық әкім­діктен қоғам белсендісінің хатына қашан жауап болатынын, тиісті тексеріс қашан жү­ре­тінін сұрап хат жазған едік. Алайда жыл соңындағы қарбаластан қол тимей жат­қан мекемелерден жауап кеш келді, оның өзінде хатымызға тұшымды жауап жоқ. Алайда Аружан Саин айыптап отырған «Айсұлтан арт» ЖШС басшысы, белгілі продюсер Қыдырәлі Болмановтың өзіне ха­­­барластық. Оның сөзінше, балалар ом­будсменінің айтқан сөзі қып-қызыл жала екен. «Үйірмелердің арасында біздерді әкім­дікпен келісіп алды» деген жаңсақ пі­кір. Біріншіден, ол жерге ата-аналар өз­дері жа­зылады. Екіншіден, біз бюджеттен бө­лін­ген қаражатқа қарап қалған күніміз жоқ. Біз Үкіметтен де, әкімдіктен де ешқашан бір тиын алып көрген жоқпыз. Бұл бағ­дар­лама болмай тұрғанда да талай жобамызды мем­лекетке алақан жаймай-ақ жасап кел­дік. Мысалы, біздің «Қарақат» мектеп-сту­диясы 14 жылдан бері қызмет жасап келеді. Сон­дықтан «әкімдікпен ауыз жаласып алды» дегенмен келіспеймін», – дейді Қыдырәлі Болманов. Оның айтуынша, елде 13 қалада 14 жылдан бері жұмыс істейтін жал­­ғыз мектепке жала жабу абырой әкел­мей­ді. «Тексергісі келсе, бюджет қаржысы үшін ашыла салған орталықтардың жұмы­сын тексертіп алғаны дұрыс. Біз 14 жыл бұрын ашылсақ, қалған үйірмелер мен клуб­тар 3 ай бұрын ғана ашылды. Кез кел­ген тек­серіс жасасын, жала екенін дәлелдеп беру­ге дайынбыз. Бізге таңдау жасаған­дар­дың көптігін бір ғана сөзбен түсіндірейін. Өйт­­кені біз секілді 13 қалада жұмыс істеп жат­­қан мектеп-студия жоқ», – дейді продю­сер. Қысқасы, көк жәшікке телміріп, смартфонды серік еткен бүгінгі балалардың бос уақытын тиімді жұмсау үшін де бұл бағ­дар­лама тиімді жүзеге асуы керек еді. Бюд­жет қаржысына бақылау болмаса, тәуір іс бұдан бұрынғы қолға алынған жобалар секілді құмға сіңген судай болары түсінікті. Оның соңы балалардың тасада жатқан та­лан­тын ашып, армандарын жүзеге асыруға де­ген мүмкіндігіне балта шапқалы тұр. Сол үшін балалар омбудсмені Аружан Саин мә­дениет және спортқа жауаптылар бюд­жетті жеке клубтар мен үйірмелерге емес, жан басына қаржыландыруға бағыттауды ұсы­ныпты. Өйткені былықтың барлығы әкім­дік бөлген азын-аулақ қаржының тез тау­сылып, балалардың ваучер алып үлгере ал­мауынан туындаған.