Дәретханаға түсіп кеткен балаларды құтқарған полицей марапатталды
Дәретханаға түсіп кеткен балаларды құтқарған полицей марапатталды
Фото: polisia.kz

Түркістан облысында екі бала дәретханаға түсіп кеткен. Оларды құтқарған полицей Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды, – деп жазады Polisia.kz.

Оқиға былтыр мамыр айында болды. Үш жасар ұлы мен 10 жастағы қызы абайсызда ауладағы дәретханаға түсіп кеткен әйел полициядан көмек сұрады. Полицей Нұрдәулет Еділов, Асыл Ережепов пен Айсұлтан Сапар оқиға орнына екі минутта жетті.

10 жастағы қыз тереңдігі 5 метр әжетхана ішіндегі нәжіске иығына дейін батса да, үш жасар інісін полицейлер келгенше көтеріп тұрған. Полицейлер кешіксе балалар иістен уланып мерт болуы да мүмкін еді.

Полицейлер бетоннан жасалған әжетхана еденін темір құрылғымен бұзды. Полиция капитаны Нұрдәулет Еділов 5 метр тереңдіктегі әжетхана ішіне түсіп, балаларды алып шықты.

Нұрдәулет Еділовті арнайы Нұр-Сұлтан қаласына шақырып, медальді табыстады.