Нұрғали Нүсіпжанов: Алашымның алақанында жүргеніме – 65 жыл!
Нұрғали Нүсіпжанов: Алашымның алақанында  жүргеніме – 65 жыл!
© фото: Айтжан Мұрзанов
932
оқылды
Қазақ даласын дара дауысы, ерекше талантымен тәнті еткен ғажап әнші, Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрғали Нүсіпжанов 85 жасқа толды. Дара тұлғаның өнер сахнасында жүргеніне – 65 жыл! Ұлт өнерінің абызына айналған ағамызбен сұхбаттасқан едік. – Нұрғали аға, мерейлі жасы­ңыз құтты болсын! – Рақмет, айналайын! – Жезтаңдай әнші Нұрғали қандай бала болды? Өскен ортасы, туған өңірі туралы білгіміз келеді. – 1937 жылы 5 қаңтарда жер жән­наты Жетісудың әйгілі Кү­рең­белдегі Алтынемел тауының ба­уырындағы Доланалы деген шағын ауылда туып-өстім. Біздің ауылда долана деген жеміс керемет мол өседі. Сондықтан ауыл атауы До­лана деп аталып кеткен. Ата-бабаларым осы таудың күнгейі мен теріскейін қатар мекен еткен. Сол ауылда жеті жылдық мектеп болды, соны бітірген соң қалған сы­нып­тарды аудан орталығы Қоғалыдағы мектепте жалғастырдық. Бала Нұрғали қандай болды дегенге келер болсақ, бала кезімде сурет салуға тым құмар едім. Ол кезде қазіргідей сурет салуға арналған түрлі қалам табыла бермейді. Сон­да ағаштың шоғынан қалған қара күйемен үйдің әппақ қабырғасына түрлі сурет салып тастайды екен­мін. Оны көрген анам (ол кезде әктің де қат кезі ғой) маған ренжіп, ұрсып жүретін. – Сонда қандай суреттер салушы едіңіз? – Ауыл баласы нені көрсек, со­ны саламыз ғой. Сол тауды, құс­тарды табиғатты бейнелеймін. Бір қызығы, суретті өте әдемі салушы едім. Мектеп қабырғасында жүр­генде түрлі сахналық безендіруге қатысып, «суретші бала» атан­ға­ным да бар. Онымен қоса, сол сахналарда ән де салып жүрдім. – Мектеп бітірген соң кон­сер­ваторияға бірден түсіп кеттіңіз бе? – Ол кезде жоғары оқу орнына түсу үшін әрбір түлек алдымен екі жыл комсомолдық жолдамамен ең­бек етуі керек деген талап бола­тын. Сол шартпен екі жыл ауылда шопан болып, жұмыс істедім. Со­дан кейін ғана қазіргі Құрманғазы атындағы консерваторияға түстім. Ол жерде жеті жыл кәсіби білім алдым. – Консерваториядан кейін ең­бек жолыңызды қай жерден бас­тадыңыз? – Оқу орнын бітірген мені бірден Абай атындағы Опера және балет театрына жұмысқа қабыл­дады. Ол жерде екі жыл жұмыс істедім. Одан кейін Қазақ радио­сының музыкалық хабарлар ре­дакциясын басқаруға шақырды. Артынан қазақ телевизиясының музыкалық хабарлар редакциясын да басқарып, бас-аяғы 10 жыл радио мен телеарнада қызмет атқардым. Одан кейін 20 жылдай Құрманғазы атындағы ұлт аспап­тары оркестрінде жетекші әнші болдым. Жалпы қай жерде жүрсем де, халқым мені ерекше еркелетті, әнімді, өнерімді барынша жоғары бағалады деп айта аламын. Өмір жолыма қарасам, биыл қазақ сахнасында ән салғаныма 65 жыл толды. Бір сөзбен айтқанда, мен 65 жыл Алаштың алақанында еркелеп жүрдім. Түрлі гастрольдік сапармен әлемнің төрт бұрышын шарладым. Ескендір Хасанғалиев – «Еркелеп жүрдім» деген сөзі­ңізден еске түсіп отыр. Сізді қа­зақтың ғажап ұлдарының бірі Нұрғиса Тілендиев ерекше құр­меттеп, еркелеткен дейді. Рас па? – Иә, ол рас. Мен Нұрағамен студент кезімнен ағалы-інідей бо­лып, өмірінің соңғы сәттеріне дейін 51 жыл араластым. Ол кісі мені туған бауырындай көрді. Әндерінің 90 пайызының алғаш­қы орындаушысы болғанымды жасырмаймын. – Ол кісі сізді «Жалғызым-ау», «адалым-ау» деп атайды екен. – Жалпы, Нұрғиса Тілендиев өнерге барынша адал болды. Сонымен қатар басқалардан да сол адалдықты талап ететін. Менде де принцип дәл сондай. Сондықтан болар, жоғары да өзің айтып өт­кендей, «адалым-ау» деп жүргені. Екіншіден, ол кісі өзі атадан жал­ғыз еді. Мен де атадан жалғызбын. Сол себепті болуы керек, кейде «жалғызым-ау» деп еркелететін. Екеуміз түрлі іссапар бар, басқа да себептермен екі-үш күн кө­ріспей қалатын кездер болатын. Сондай сәттерде сағынысып қа­уышатынбыз. Мені құшақтап, ба­уы­рына алып тұрған сәттерде кө­зінің жасы омырауын жуып кеткен сәттеріне де талай куә болдым. Ол кісі сырт көзге сұсты, мінезді адам сияқты болып көрінгенімен, жаны өте нәзік, бауырмал тұлға еді.

Қонаевтан сын естіп қалған кезім болған

– Сізді сол кезде респуб­ликаның бірінші басшысы болған Дінмұхамед Қонаев та жақсы көрген деседі. – Димаш Ахметұлы мені ғана емес, сол кездегі талантты жастар­дың бәрін жақсы көрді. Солардың ішінде мен де бармын. Ол кісі ұлттық өнерге ерекше жанашыр адам болды. Бізді әрбір шет мем­лекеттерге гастрольдік сапарға кетер алдында міндетті түрде қа­былдап, ақыл-кеңесін айтып оты­ратын. Ол сапардан оралған соң мың сан шаруасының арасынан уақыт тауып, бізді қабылдап, са­пардың жай-жапсарын сұрап, же­тістіктерімізге қуанып, марқайып отыратын. Бір қызық оқиға есіме түсіп отыр. Сондай бір кездесудің бірінде сын естіп қалдым. Бір кез­десуден соң «Нұрғали, сен қала тұршы» деді. Қалдым. Содан беті­ме қарап отырды да: «Сен өзі не қылған адамсың?» деп дүрсе қоя берді. Бірден «не бүлдіріп қойдым екен?» деген ой келді. Димаш аға маған «сенен басқа елдер маған кірсе, негізгі ресми шаруасын рет­теп алған соң жеке басына қа­тыс­ты мәселесін де шешіп беруімді өтініп жатады. Ал сен болсаң осы уақытқа дейін неше рет келдің, неге үйің жоқ екенін, ата-анаңның жалғыз баласы екеніңді айтпа­ғансың?» деді. Сол кезде барып артық ешнәрсе бүлдіре қойма­ға­нымды сезіп, «Уһ» дедім ғой. Ол кісі сондай өнерге, жалпы руха­ният­қа ерекше жанашыр тұлға еді. Нүсіпжанов – Шәмші Қалдаяқов, Мың­жасар Маңғытаев сияқты та­лант­тармен де бірге жүрдіңіз. Ол кісі­лердің әндерін де орындаған ал­ғашқы әнші екеніңізді білеміз. Бұл достық ниеттен туған шығар. – Нұрағам, Шәмші, сосын Мың­жасар Маңғытаев, осы үш сазгер мені «жекеменшік әншіміз» деп әзілдейтін. Өйткені бұлардың көптеген әнінің алғашқы орын­даушысы мен болдым. Әсіресе, Шәмшінің әндерін жиі орындап жүрдім. Шәкең мені ылғи да «Нұр­ғаш» деп еркелетіп отыратын. Ол кісі бір кездері Алматыдан алыс­тап, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарында тұрды. Сол кездерде дүниеге келген әрбір жаңа әнін ешкімге берместен Алматыға арнайы іздеп келіп, маған табыстап кететін. Сондай әнінің бірі – «Теріскей». Ол әнді ақын Сабырхан Асанов екеуі Оңтүстік өңірді ара­лап жүріп, Созақ ауданына бар­ғанында жазған екен. Бұл аудан өзі Қаратау тауының теріскей бетінде жатқан ауыл ғой. Кешегі Сүгір Әлиұлы, Төлеген Момбеков сияқ­ты небір дүлдүлдер шыққан өңір. Соны маған Алматыға ерінбей ат терлетіп келіп, өзі табыстап кетіп еді.

Жеке кітапханамда жеті мың кітап бар

– Аға, бір кездерде «Қазақ­концерт» мекемесінің жанынан «Жазира» аспаптық ансамблін құрған едіңіз. Ол қайда? – Сондай өнер ордасын құр­дық. Оған 10 жылдай өзім басшы­лық еттім. Кейін әртүрлі себепке байланысты жабылып қалды. Қазір сол ансамбльге пайдаланған небір сирек кездесетін ұлттық музыкалық аспаптар менің жеке қорымда сақтаулы тұр. – Жеке қор демекші, сізді бі­летіндер кітапты көп жинайды деп айтады. Рас па? – Мен жалпы, гастрольдік сапармен қайда барсам да, қолым қалт еткен сәттерде сол қаладағы кітап дүкендерін аралағанды жақ­сы көремін. Солардың арасынан ұнағандарын сатып алып келемін. Бүгінде жеке кітап қорымда жеті мыңға тарта кітап бар. Көпшілігі танымдық, тарихи және өнерге қатысты тақырыптарды қамтыған дүниелер. – Ана бір жылдары Мұқали деген қытайда тұрған қазақ батыры туралы деректерді жинастырып, кітап шығарды деп естідік. – Ол рас. Мұқали деген батыр Қытай империясының ірге­та­сының қалануына атсалысқан тұлға болған. Ұлты қазақ, ұлы жүздің ішінен жалайыр руынан шыққан. Бұл батыр туралы бала күнімізде қариялардың әңгіме­сінен естіп жүретінбіз. Кейін сұрастырып жүріп Қытай елінің мұрағаттарында ол кісі туралы біраз мәліметтер бар екенін ес­тідім. Артынан сол Қытайда тұра­тын Акбар Мәжит деген тарихшы қандасымызбен таныстым. Сол азаматтың көмегімен мұрағаттағы Мұқалиға қатысты деректерді жинастырып, қазақ, ағылшын және қытай тілдерінде деректі жинақ етіп шығардым. Бұл кітап тек деректерден тұрады. Артық-ауыс әсірелеу мен көркемдеуге жол берілген жоқ. Нұрғали аға – Өнерде жүргеніңізге 65 жыл болды. Осы уақыт аралығында та­лай жақсы-жайсаңдардың қасында жүрдіңіз. Осы күндері еңбегі елен­бей, аты аталмай қалды-ау дейтін тұлғалардан кімдерді айтар едіңіз? – Небір таланттар мен дүл­дүл­дер өтті. Аты аталмай қалғандары қаншама? Оларды санасақ, саусақ жетпей қалуы мүмкін. Мен бір ғана адамды ерекше атап өткім келеді. Бізде Фуат Мансұров деген ди­рижер болды. Осы Алматы қаласы­ның тумасы. Еңбек жолын Жам­был атындағы филормонияда ди­рижерліктен бастады. Кейін оны аттай қалап, Мәскеу шақырып ал­ды. Сол жақта үлкен-үлкен ор­кес­трлерге жетекшілік етіп, ди­рижер болды. Өте талантты тұлға еді. Ол кісінің бір ғана концертке келіп, екі-үш нөмірге дирижерлік жасап беруін өтінген Еуропа театр­лары 1-2 жыл кезекке тұрып күте­тін болған. Сонымен қатар ол «Әлем дирижері» атанған жалғыз адам. Соны біздер, туған елі көп атамаймыз. Осы тұлғаны өз деңге­йінде қадірлей алмай жүрміз-ау деп ойлаймын. Бұл тұлғаға Алма­тыдан бір еңселі ескерткіш қо­йыл­са, басқа да іс-шаралар атқа­рыл­са деймін. Бұл да шынайы өнер­ге көрсетілген құрмет болар еді.

Бір ғана мәтінді бірнеше мәрте өзгертетінбіз

– Аға, сіздердің уақыттары­ңыздағы әндер әлі күнге дейін өмір­шең. Арада сан жылдар өтсе де халық жадында мәңгілік сақталып қалған. Ал қазір жасыратыны жоқ, саны бар, сапасы жоқ, ән көп. Сол уақытта өнерге деген талап тым жоғары болды ма? Әлде тыңдар­манның талғамы өзгеріп кетті ме? – Бұл мәселе осы өнердің бел ортасында жүрген соң мені көп толғандырады. Біздің кезімізде сазгер де, ақын да әннің болаша­ғына қатты алаңдаушылық білді­ретін. Сонымен қатар ол кезде қа­зіргідей емес, көркемдік кеңес де­ген болды. Әрбір эфирге шық­қысы келген үміткер ән сол кеңес­тің сүзгісінен өткен соң ғана ха­лыққа ұсынылатын. Ол кеңестің құ­рамында мықты музыка ма­ман­дары мен мәтінін қадағалайтын талантты ақындар болды. Солар саралап, кем-кетігі болса айтып, ескерту жасап барып, түзелген соң ғана ол ән халыққа жолдама алатын. Содан да болар, ондай дүниенің ғұмырлы болмағы. Мен өзімнің басымнан өткен бір ғана оқиғаны айта кетейін. Осы күнге дейін орындалып жүрген Нұрғиса Тілендиевтің «Өз елім» деген тамаша әні бар. Бір күні Нұрағам телефон соғып, үйіне тез жетуін өтінді. Барсам, ақын Қадыр Мырза Әлі екеуі отыр екен. Екеуі осы «Өз елім» әнінің мәтінін талқылап жат­қанын айтты. Маған мәтінді көр­сетті. Нотаға салып, айтып көр­­дім. Қараймын, бір нәрсе же­тіспейтін сияқты. Патриоттық дү­ние болған соң қайырма тұсын­дағы иірімдеріне бір жоғары па­фостық тіркестер керек секілді. Осы ойымды айтып едім, Қадыр ақын бірден өзгертті. Одан кейін де бірнеше жеріне қатысты өз ойым­ды айттым. Оған да қатысты өз­гертулер кіргізді. Осы кезде Нұра­ғам маған қарап тұрып, «Әй, сен мына Қадыр екеуміз жасап қойған әп-әдемі мәтінді әбден өзгерткіздің ғой» – деді. Сол кезде Қадыр тұрып: «Нұреке, ән өміршең болу үшін жүз рет өзгерту керек болса да өзгертеміз», – деді. Міне, әннің мәтініне деген жауап­кер­шілік, адалдық деп осыны айтар едім. Осындай жанашырлық пен талап бар кезде ғана мәңгілік шы­ғармалар дүниеге келмек.

Әнші болмағанда математик болып кетуім мүмкін еді

– Аға, сексеннің сеңгірінен асып, сексен беске аяқ басып отыр­сыз. Өзіңіз егер ғайыптан тайып, әнші болмай қалғанда кім болар едім деп ойлайсыз? – Ол енді бір Алланың тағдыр жазуымен болатын нәрсе ғой. Бірақ мектепте жүргенде сурет салумен қатар математика деген пәнді керемет жақсы көрдім. Әсі­ресе, геометриялық фигура­лар­ды сызғанда мүлт кетпеуші едім. Кейбір теоремалар әлі күнге дейін есімде бар. Ұстаздарымның көбі мені математик болады деп үміт күтетін. Кейінге дейін жолығып қал­ғанда «Сен әнші емес, мате­ма­тик болуың керек еді. Сенен мық­ты ғалым шығатын еді» деп айтып жүрді. Соған қарағанда мүмкін осындай нақты ғылымдардың бірімен айналысып кетер ме едім деп ойлаймын. – Аға, 2022 жылға айтар тілегі­ңіз қандай? – Бұл жыл баршамызға құтты берекелі жыл болсын. Мынау елді жалпы адамзатты әбігерге салған аты жаман дерт тезірек кетіп, бұ­рынғыдай мамыражай заманға оралуымызды тілеймін. Өтіп бара жатқан 2021 жылда қазақ халқына жаман болған жоқ деп ойлаймын. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өттік. Ел іргесі берік, тыныш болсын! Қауіп-қатердің бәрі артта қалып, қой үстіне бозторғай жұ­мыртқалайтын заман болсын деп тілеймін.

Алматы