Газ бағасы: халық талабы мен нарық тарабы
Газ бағасы: халық талабы мен нарық тарабы
678
оқылды
Табиғатынан жарылыс қаупі жоғары газ отыны қысымы артса ғана емес, бағасы қымбаттаса да қауіпті екенін бір байқатты. Енді басталған жаңа жылмен бірге елімізде болған әлеумет­тік наразылықтар сұйы­тылған мұнай газының (СМГ) әлеуметтік маңызды тауар еке­нін кезекті рет аңғартты. Ендеше халық талабы газ бағасын 50 теңгеге түсіру болса, оның эко­номикалық негіздемесі қандай? Нарық пен халық талабының қай­сысы дұрыс?

Баға қозғаушысы – сыртқы нарық

Еліміздегі сұйытылған газдың негізгі тұтынушысы – автомобиль иелері. Олар ішкі өткізу нарығының 61%-ын құрайды. Екін­ші орында өнеркәсіптік тұтынушы­лар, со­ның ішінде мұнай-химия өндірісі бар – 22%. Халыққа пропан баллоны тү­рін­де тұрмыстық мақсатта 13%-ы жұмсал­са, қал­ған 4%-ы топтық резервуар қондыр­ғы­лар арқылы көпқабатты тұрғын үйге бе­ріледі. Осы көрсеткішке қарап, газ ба­ға­сын арзандату туралы талаптың Маң­ғыстаудан басталғанын түсінуге болады. Өйткені ондағы автокөліктердің 90%-ына дейін газ жабдықтары қондырылған. Содан да болар, өңірде сұйытылған мұнай газымен қамтудың арасы үзілер болса, көптеген көлік қаңтарылып тұрып қалады. Әрі бұл құбылыс қоғамдық резонансқа тән сипат алып шыға келеді. Мұның тамыры әлеу­меттік-экономикалық қажеттілік­терде жатқанын білдірсе керек. Сондықтан да сұраныс пен тұтыну қажеттілігі өте жоғары екеніне және баға қолжетімділігіне қарап, автокөлікке құятын сұйытылған газ­ды елімізде әлеуметтік маңызды та­уар­лардың қатарына жатқызуға болатын шығар. Өйткені жылдан-жылға шарықтап бара жатқан бағаның етегін басып, халыққа ең жақын боп қалып тұрғаны – осы ав­тогаз. Жергілікті жерден шығатындықтан, басқа өңірлермен және жанар-жағармай түрімен салыстырғанда 2020 жылға дейін оның бағасы біраз арзан болып келді. Мәселен, сол кезде газ бағасы Маңғыстауда орташа 55, республика бойынша 60-70 теңге аралығында болса, былтыр ол қымбаттай келе 100 теңгеге жетті. Сұйытылған мұнай газы бағасының шарықтап өсе түсуіне ықпал ететін ең үлкен фактор – сыртқы нарық. Мұнда көтерме бағадағы айырмашылық үлкен рөл ойнап, көлеңкелі экспортқа итер­ме­леуде. Мәселен, ірі экспорттаушы ел Ре­сей­де бір тоннасы $390 болса, импорттау­шы Тәжікстан, Қырғыз Республикасы және Ауғанстан елдерінде ол тоннасына $426-488 аралығында құбылып тұрады. Бұл еліміздегі электронды сауда котиров­каларынан үш есе артық. Сондықтан да мамандар заңсыз экспортқа жол бермеу үшін көтерме бағаны тасымал шығынын қоспағанда осы сомаға жақындату қажет деп санайды. Әзірге бұл мәселе шектеу арқылы ғана шешіліп отыр. 2017 жылдан бастап Қазақстан билігі үш жыл бойы экспортты қысқартумен келсе, 2020 жылы мұндай келесімшарт тағы да үш жылға пролонгация жасады. Бірақ бұл мәселені ЕурАзЭО-ның мұнай өнімдеріне арналған ортақ нарығы әрекет ете бастайтын 2025 жылға дейін шешу қажет. Әйтсе де, ішкі нарықтағы баға экспорттан арзан болуы тиіс, өйткені «таяқтың екі ұшы бар» демекші, халықтың төлем қабілеті ондай қымбат бағаны көтермейді. Қазақстанда сұйық мұнай газын өндіруші 10-нан астам кәсіпорын бар. Солардың ең ірісі «ТеңізШеврОйл» компа­ниясына 48%-ы тиесілі, ал Атырау, Шым­кент және Павлодар қалаларындағы ірі үш мұнай өңдеу зауыты (МӨЗ) 21%, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» кәсіпорны 20% өндіреді. Жаңаөзен қаласындағы «ҚазГӨЗ» жалпы өндірістің тек 6%-ын береді. Қалғандары ұсақ өндірушілерге қатысты. Бүгінде елі­міз ішкі нарықтағы тұтыну көлемін, яғни айы­на 130 мың тонна СМГ-ны толықтай жауып отыр. Сол себепті артылған газды экс­порттауға ғана рұқсат берілген. 2020 жылы елімізде 3,2 млн тонна газ өндірілген болса, соның тең жартысы экспортқа кет­кен. Оның басым бөлігін өнімді бөлу келісімі аясында ТШО жүзеге асырып отыр.

Зауыт жөндеу көре ме?

Сұйытылған мұнай газының қымбат­тауы­на оның бағасын мемлекеттік реттеуді азайтып, электронды сауда алаңдарына (ЭСА) шығару себеп болғаны белгілі. Жағ­дайдың шиеленісуі де ең бірінші кезекте газды ішкі нарықта ЭСА арқылы сату мәселесінен басталды. Мәселен, элек­тронды сауда алаңына 2019 жылы – 5%, 2020 жылы – 25%, 2021 жылы – 60%, ал биылдан бастап 80% көшу жоспарын ұстанған мемлекет қалған бөлігін өзі рет­теп келген еді. Мәселен, 2021 жылы мем­лекет өзіне қарасты 40%-дың тоннасын 38,7 мың теңге етіп белгіледі. Бұл үлес өнеркәсіптік тұтынушылар мен халық үшін (пропан баллоны) арналды. Осындай нарықтық сауда нәтижесінде сұйытылған мұнай газының (СМГ) көтерме бағасы 70%-ға дейін өсіп кетті де, 2022 жылдың 3 қаңтарында аукцион ашылғанда баға 1 литріне 118 теңге болып белгіленді. Мұн­дай өсімнен тек қана трейдерлер мен өн­дірушілер ұтып келген еді. Соның ішінде соңғылары шығынға ұшырауды доғарды. Мәселен, Энергетика министрлігінің мәліметінше, Өзендегі «ҚазГӨЗ» ЖШС өндіретін СМГ-ның өзіндік құны тонна­сына 50 мың теңгеге жеткен. Осылайша, зауытқа реконструкция жасау мүмкінді­гінің ұшы қылтиған болатын. Бірақ ортаға делдал түскен мұндай жүйе қарапайым кәсіпкерлерді қинап жіберді. Өйткені бұрын газды зауыттан тіке сатып алатын Автогаз құю бекеті (АГҚБ) бар кәсіпкерлер енді оны тек қана көтерме бағамен алатын Газ желілері ұйымдарынан (ГЖҰ) алуға мәжбүр. Елімізде бүгінде 90 ГЖҰ болса, оларға 2 300 АГҚБ-ның 1 600-і тиесілі екен. Электронды сауда алаңындағы мо­но­полистік мүмкіндігін пайдаланып, за­уыт­тан шыққан өнімнің барлығын бірінші болып алып кететін де, оның бағасын жоғары етіп қоюға мүдделі – осы делдал ұйымдар. Расында да, еліміздегі баға саясатының тұтас сипаты қымбатшылыққа бет бұрып келе жатқаны анық. Оның себебі де әртүр­лі. Сол сияқты сұйытылған газ баға­сы да қанша жылдан бері түрлі манипу­ляцияның тетігіне айналып, көтерілумен келген болатын. Энергетика министрлігі оның бір себебін Жаңаөзендегі «Қазақ газ өңдеу зауытын» реконструк­циялау үшін тиісті инвестициялар талап етілетінімен, ол бәсе-келестік бағаға қол жеткізгенде ғана мүмкін болатынымен түсіндіреді. «Электронды сауда алаңына толық көшкен жағдайда кәсіпкерлер СМГ-ны газ желісі қатысуынсыз және олардың үстемесін қоспай, ЭСА арқылы тікелей зауыттан сатып алу мүмкіндігіне ие бо­лады. Бұл бәсекелестікті дамытуға, кәсіп­керлік белсенділікті және ашықтықты дамытуға ықпал етеді. Биржалар арқылы түзілетін баға саясатын Ұлттық экономика министрлігі тарапынан бақылауға және реттеуге мүмкіндік туады. Сонда ғана артылған ақшаны газ өңдеу зауытының реконструкциясына жинауға болады», – делінген сол кездегі Энергетика министрі Әсет Мағауов қол қойған хатта. Бұл қадамның барлығы еліміздегі баға индексін халықаралық деңгейге сәйкес­тендіру үшін жасалып отыр. Өйткені бүгінгі көрсеткішпен алғанда көрші елдермен, соның ішінде Кедендік одақпен салыстырғанда, еліміздегі тұтыну бағасы өте арзан. Сол себепті біз сыртқы нарыққа тонның ішкі бауындай араласып кете алмай отырмыз. Сондықтан да еліміздің баға саясатында халықаралық стандарт­тарды енгізу біртіндеп жүзеге аса бермек. Ал әзірге еліміздегі соңғы өзгерістерге сәйкес, сұйытылған мұнай газын элек­трон­ды сауда алаңдары арқылы сатуға толық­тай ауысу бір жылға кейін шегерілді. Ел Үкіметі еліміздің барлық өңірінде газдың шекті бағасын бекітті. Шекті баға 180 күнге белгіленді. Одан бөлек, осы мер­зімге, бензин мен дизель отынын сатуға уақытша 180 күнге бағаны мемлекеттік реттеу енгізілді. Жаңаөзен қаласында жа­ңадан газ өңдеу зауытының құрылысына дайындық жұмыстары да жеделдетілмек.