Өз уақытында қабылданған батыл қадам
Өз уақытында қабылданған  батыл қадам
272
оқылды
Мәжілістің бюро отырысында Палата Төрағасы Нұр­лан Нығматулин еліміз үшін күрделі кезеңде Мемлекет бас­шы­сы Қасым-Жомарт Тоқаевтың барлық шешімі мен ба­тыл қадамдары бірегей және уақытылы екенін атап өтті. Бюро отырысы Президенттің 10 қаңтарда Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялануына орай бір минуттық үнсіздікпен басталды. Нұрлан Нығматулин депу­тат­тық корпус атынан еліміздің бір­қатар өңірінде болған қайғылы оқиғалардың салдарынан қаза тапқандардың жақындары мен туған-туыстарына қайғысына ортақтасып, көңіл айтты. Мәжіліс Төрағасы депутаттар бірінші күннен бастап оқиға орын­дарында, алаңдарда ха­лықпен бірге жүргенін, Үкіметтік ко­мис­сиямен бірге жұмыс істеге­ніне тоқталды. Сонымен қатар барлық депутат аймақтарымен тұрақты байланыста болғанын атап өтті. – Бүгін еліміз үшін, халқымыз үшін қиын сәтте Мемлекет бас­шы­сы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы күндері қабылдаған әрбір ше­шімі, әрбір қадамы ел тағдырын қор­ғау­­­ға және сақтауға бағыт­тал­ған. Сондықтан бірінші күн­нен бас­тап Парламент Мәжілісі Пре­зи­денттің барлық бастама­сына жан-жақты қолдау көрсете оты­рып, заң деңгейінде нақты жұмыс жасап жатыр, – деді Па­лата Спикері. Отырыс барысында депутаттар бірқатар жаңа заң жобасын жұ­мысқа алды. Атап айтқанда, жеке қосалқы шаруашылық туралы, кинематография және мәдениет мәселелері бойынша, тұрғын үй саясатын реформалауға қатысты өзгерістер мен толықтырулар ен­гізу туралы заң жобалары бар. Сондай-ақ Палата комитеттері жұмысқа алатын құжаттардың қатарында Қылмыстық және Қыл­мыстық-процестік ко­декс­теріне экологиялық құқықбұ­зушылықтар үшін жауаптылықты күшейту және Әкімшілік құ­қық­бұзушылық туралы кодексіне экологиялық бұзушылықтар үшін әкімшілік жауаптылықты кү­шей­ту мәселелері бойынша түзетулер енгізу туралы заң жобалары бар. Сонымен қатар Палата де­путаттары бірқатар ратифи­ка­циялық заң жобасын жұмысқа алды. Олар: толық емес жұмыс уақыты жағдайларындағы жұмыс туралы, Қазақстан мен Түркі ака­демиясына байланысты келісім және БҰҰ медиация нәтижесінде қол жеткізілген халықаралық татуласу келісімдері туралы кон­венциялары.