4-5 қаңтардағы тәртіпсіздік кезінде Шығыс Қазақстанда 69 полицей мен Ұлттық ұлан сарбазы зардап шеккен. Бұл туралы облыстық Полиция департаменті мәлім етті. «Бұзақылар 11 полиция көлігін жойып жіберген, тағы осынша көлік бүлінген. Облыста 5-9 қаңтар аралығында 1 000-ға жуық адам қамауға алынып, 66 азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Коменданттық сағат кезінде ереже бұзған 7 тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – делінген департаменттің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің хабарлауынша, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету барысында аталған қолбасшылыққа қарасты 19 әскери әртүрлі дәрежеде жарақат алған. «Оның 8-і – Өскемен гарнизонының, 11-і – Семей гарнизонының сарбаздары. Қазір жарақат алған жауынгерлер тиісті ем қабылдауда, жағдайлары тұрақты. Кеше Жалпыұлттық аза тұту күніне орай Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты барлық әскери бөлімдерде жауынгерлік міндетін атқару барысында қаза болған Ұлттық ұланның екі сарбазы Мадияр Қайсаров пен Айбат Амановты еске алу митингісі өтті», – дейді «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз жетекшісі Бағдат Амангелді.
Қазір Шығыс Қазақстанда жағдай біршама тұрақтанған. Дегенмен арқаны кеңге салуға әлі ерте. Облыс әкімі Даниал Ахметов аймақтағы жағдай әлі де қатаң бақылауда екенін жеткізді. «Бүгінде коменданттық сағатты сақтай отырып, барлық кәсіпорындар, дүкендер, дәріханалар мен медициналық мекемелер штаттық режимде жұмыс істеуде. Жалақыны, зейнетақыны, әлеуметтік төлемдерді төлеу бойынша да жағдай тұрақты. Облыстағы екінші деңгейлі банктер төлем жүйесін толықтай іске қосуда», – деп жазды өңір басшысы Facebook парақшасында.
Өңірде 6-7 қаңтар күндері интернеттің жоқтығына байланысты банкоматтардан ақша алу қиындаған еді. Қазір Өскеменде 301, Семейде 159 банкомат жұмыс істеп тұр. 10 қаңтардан бастап аймақтың өзге 17 қала-аудандарында банкоматтар іске қосылады.
Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омардың айтуынша, облыс орталығында жағдай тұрақты, азаматтардың өмірі мен мүлігіне ешқандай қауіп жоқ. «Тәртіпсіздік себептерін зерттеу және кінәлілерді жауапкершілікке тарту бойынша құқық қорғау органдары іс-шараларды жалғастыруда. Лаңкестердің жолын кесіп, тұрғындардың қауіпсіздігін сақтағаны және зиянкестік жасаудың алдын алғандары үшін құқық қорғау органдары мен қарулы күш қызметкерлеріне қала халқының атынан алғыс айтамын. Олардың жедел қимылының нәтижесінде еліміздің басқа өңірлеріне қарағанда Өскемен қаласында қылмыстық әрекеттердің кесірінен келген шығын әлдеқайда аз болғанын атап айтқым келеді. Қалалық әкімшілік тарапынан шаһардың тұрақты тыныс-тіршілігін сақтау шаралары қабылданды. Барлық коммуналдық кәсіпорындар қалыпты жұмыс істеуде, жылу, су және электрмен қамтамасыз ету қалыпты жағдайда қызмет көрсетіп отыр. Қоғамдық көлік қатынасы, көшелерді қардан тазарту, қоқыс жинау және тазалық жұмыстары кедергісіз жүзеге асырылуда», – дейді ол.