LRT-ны салу қажет пе?
LRT-ны салу қажет пе?
619
оқылды
Әуежай мен вокзалды жалғаған бетон бағаналардың тұрғанына бірнеше жыл болды. Үлкен сеніммен басталып, соңы аяқсыз қалған LRT құрылысының қызығын халықтан бұрын жемқорлар көрген секілді. 15 жылдың ішінде бұл жобаға бюджеттен 150 млрд теңге бөлініпті. Қазірге дейін жұ­мыстың бар-жоғы 17 пайызы орындалған. Бө­лінген қаржыны жымқырғандарға қыл­мыстық іс те қозғалды. Алайда әлі күнге дейін LRT жыры бітпей келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс отырысын­да тұрғындардың ашуына тиетін пробле­маның бірі астанадағы LRT құрылысын бұзудың тиімсіз екенін айтты. Жалпы, аталған құрылысқа қатысты ел ішінде пікір әр алуан. Осыған орай біз урбанист ма­мандардан LRT-ның болашағы жайлы сұраған едік. АсхатАсхат СӘДУОВ, урбанист, архитектор:

LRT БІЗГЕ КЕРЕК

– LRT құры­лы­сынан қал­ған бетон­дарды жер­үсті трам­вай салуға пайдалану керек деп ой­лай­мын. Бұл, бірін­ші­ден қала қозғалысына ыңғай­лы. Екіншіден, жер­үс­ті трам­вай сал­сақ, жылы стан­салар са­лып босқа шығынд­ал­май­мыз. Тек кө­ше­дегі қарапайым аялдамаларды ғана ор­натамыз. Барлық үлкен мегаполис­терде әуежай мен орта­лықтың арасында жылдам қатынайтын қоғамдық көлік түрі бар. Жалпы, осындай көлік түрі бізге керек. Урбанист ретінде мен бұл жобаның қала үшін маңызды нысанға айна­ла­тынына сенемін. Трамваймен жүру қала тұрғындарына арзан, әрі астанаға келген адам қаланың мәдениетімен, өмі­рімен еркін та­ныса алады. Бұл жоба қазір ас­танадағы «жемқорлықтың» ес­керткішіне айналған. LRT құрылысы біз үшін қымбатқа түске­нін бәріміз білеміз. Оны түбегейлі жоямыз десек, тағы қыруар қар­жыны желге ұшырамыз. Сондықтан осы қате­лігімізді бола­шақ­та қайталамай, бұзу немесе бұзбау үшін аудит жүргізуіміз қажет. АлмасханАлмасхан АХМЕТЖАНОВ, Алматы қаласының бас архитекторы, урбанист:

ЕШКІМ  ҚЫМБАТ ТАКСИГЕ ОТЫРМАЙДЫ

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үнде­уінде астанадағы LRT құрылысына қатысты нақ­ты пікір білдірді. Иә, бұл жоба талай жылдар бойы аяқсыз қалып, күрделі проб­ле­маға айналды. Негізі, мұн­дай инфра­құ­ры­лымдық жоба елімізге керек. Бұл, біріншіден эколо­гиялық тұрғыда тиім­ді болса, екіншіден, қаладағы қозға­лысты рет­теп, кептелісті азайтады. Нәтижесінде, тұр­ғын­дар жолға кететін уақытын үнемдейді. Қолда­нысы жағынан трамвай өз-өзін ақтай ма? Осы тұрғыдан қарауымыз қажет. Урбанист ретінде жайлы қала жасау үшін эко­логиялық таза транспорт керек екенін мойын­даймын. Бірақ біз LRT сала­мыз деп қарызға баттық. Қоғамдық көлік халыққа қолжетімді болуы тиіс. Ешкім қым­бат таксиге отырмайды. Ал Еуропа елдерінде трамвай сияқты жайлы транспорттар бұрыннан сұранысқа ие. Негізі, бұл жоба астанаға қарағанда 2 миллион халық тұратын Алматыға қажет. ДиасДиас МАРАТҰЛЫ, Urban Forum Kazakhstan қорының қоғаммен байланыс маманы, урбанист:

ЖҮЙЕНІҢ МАРШРУТЫ ДҰРЫС ЕМЕС

– Астанадағы LRT сыбайлас жем­қор­лықтың символына айналып кетті. Транс­порттық жағынан қара­сақ, мил­лион­­дық қалаға LRT қажет. Бірақ бізде жүзеге асып жатқан жүйенің маршруты дұрыс емес. Бұл бағытта астаналықтар жиі қатынамайды. Жобаның мақсаты  2017 жылы ЭКСПО қонақтарын күтіп алуды жүзеге асыру болатын. Сол себепті LRT жүйесінің маршрутына қаланың оң жағалауын да қосу керек. Елорданың көшелері кең. Сондықтан трамвай жүйе­сін жердің үстіне көтермей-ақ салуға болар еді. Бұл, бірін­шіден арзан болса, екіншіден, ыңғайлы. Өйткені жерүстіне көтерілуге баспалдақ немесе лифт салуға тура келеді. Онда LRT-да жұмыс істейтін қыз­меткерлер де көбейіп, жол жүру ақысы қымбаттайды. Шыны керек, қазіргі LRT жүйесі метроға ұқсайды. Ең бастысы, адамдар LRT деген сөзден қорқып қалмауы тиіс. Олай болған жағдайда біз келешекте ешқашан тиімді трамвай жүйелерін пайдалана алмай қала­мыз. Кеше BI Group холдингінің басшысы Айдын Ра­химбаев «өз қаржымызбен бетон бағаналарды ала аламыз» деді. Мен бұл ұсынысты қолдаймын. Өйткені LRT-ны салу тиімсіз. LRT

Дайындаған Көктем ҚАРҚЫН