Соңы бүлікке жалғасқан елдегі шерулердің экономикалық зардабы көпке дейін мемлекетке сызат боларын алдын ала болжаған едік. Осы күні лаңкестердің кесірінен ел үшін маңызы бар Алматы, Талдықорған, Шымкент, Қызылорда мен Тараз қаласындағы біраз ғимараттар қирап, бүлінген. Ал оны қалпына келтіру бір күнде біте салар іс емес. Қыруар қаржы мен ресурс шығын болып, еңбек күші қажет болады. Кемі 2 айсыз бұрынғыдай қалалардың көркем кейпін көре алмауымыз мүмкін.
Шаһарлар орнында шаң қала жаздады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүлінген, қираған, өртенген ғимараты көп қалаларды тез арада қалпына келтіру қажетін айтты. Дегенмен оның өзі қыруар қаржы мен ресурсты қажет ететіні айтпаса да белгілі. Қазір барлық өңірдегі шығынның түпкі нәтижесі анықталып үлгерген жоқ. Дегенмен жағдайдың жақсы емес екені онсыз да анық. Мәселен, елдің оңтүстіктегі бас шаһары саналған Алматыда жүздеген көлік өртенді. Оның басым бөлігі мемлекеттік органдарға тиесілі. Дүкендер тоналды. Әрісі қару-жараққа дейін қолды болды. Жергілікті билікке қарасты ғимараттар өртеніп, қирады. Ондағы техника мен мүліктер тағы бар. Ал Шымкентте шамамен 5 мыңнан астам адам қала әкімдігінің ғимаратына шабуыл жасаған. Лаңкестер мемлекеттік қызметшілерге, полиция қызметкерлері мен әскерилерге қарсы күш қолданып, жәбір көрсетті. Жалпы, 50-ден астам әскерилер мен құқық қорғау қызметкерлері әртүрлі дәрежеде жарақат алған екен. Содырлар «Түркістан» салтанат сарайына, Көрме орталығына, Ж.Шанин атындағы академиялық драма театрына, «Nur Otan» партиясының кеңсесіне және өзге де ғимараттарға шабуыл жасап, әртүрлі деңгейде зиян келтірген. Жаппай тәртіпсіздік кезінде 59 автокөлік пен 3 автобус қирап, кейбірі түгелдей өртеніп кеткен. Бүгінде Шымкентте конституциялық заңдылық қалпына келтіріліп, жағдай тұрақтандырылды. Бірақ шығын орасан. Қызылорда да осыған ұқсас жағдай болды. Әкімдік ғимараты қирап, бас партия қызметкерлерінің жұмыс орны күлге айналды. Ақтауда бұзақылар көліктерді қиратты. Бұндай деректерді толассыз тізе беруге болады. Анығы – лаңкестердің залалы тимеген жер санаулы. Ал барлық шығынның нақты көлемі алдағы аптада ғана анықталуы мүмкін. Бірақ қираған қалалардың қалпына келу процесі біраз уақытты алғалы отыр.
2 айда бәрі ретке келе ме?
Біздегі бүлінген қалалардың қанша уақытта қалыпқа келетінін болжамас бұрын, өзге елдерде болған оқиғаларды еске түсірген жөн болар. Мәселен, 2020 жылдың қазанында көрші Қырғыз Республикасында жалпыұлттық көтеріліс белең алып, шерушілер мемлекет пен кәсіпкерлерге тиесілі біраз ғимарат пен мүлікті қиратқан болатын. Шеру басылып, жағдай тұрақталғаннан кейін ең көп зардап шегіп, шығынға ұшыраған Қырғыз елінің астанасы Бішкек қаласы екені анықталды. Сол кезде көрші елдің бас қаласын түгелдей реттеп, қайта қалпына келтіру үшін 5 айға жуық уақыт кеткен екен. Ал бізде өзгені айтпағанда, ең көп бүлінген Алматы қаласы екенін білеміз. Ондағы хәлді түгелімен реттеуге қанша уақыт кетпек? Бұл сауалдың жауабын құрылыс саласында жүрген мамандардан сұрап, білмек болдық. Кәсіптік ғимараттарды жоспарлаумен айналысатын Болат Өтебай мәселенің тез шешілуі құрылысқа жауапты адамдарға байланысты екенін айтып отыр.
– Қираған ғимараттардың көбі жеке кәсіпкерлерге тиесілі болуы мүмкін. Мысалы, бұл қатарға кафе, дәмхана, түрлі қызмет көрсететін орындарды қосамыз. Әдетте мұндай кәсіптік ғимараттардың реконструкциясын жасауға 45 күн немесе 2 ай уақыт кетеді. Бұл жай болжам ғана. Ал кәсіпкерлер құрылыс материалдарының сапасына көңіл бөлсе, жағдай басқа. Біреулер ғимаратты тек қалпына келтіре салуы мүмкін, енді біреу жаңадан тұрғызамын деп шешім қабылдауы мүмкін. Сондықтан нақтысын айту қиын, – дейді ол.
Расында қираған тек жеке кәсіпкерлерге тиесілі нысандар ғана емес. Оңтүстік астанадағы әкімдік пен партияның, басқа мемлекеттік органдардың ғимараты бүлінді. Құрылыс саласының маманы, архитектор Айдын Ақбай билікке тиесілі нысандарды қалпына келтіру көп уақыт алуы мүмкін екенін жасырмады.
– Алдын ала болжам жасап, дөп басып айту қиын. Меніңше, екі түрлі нұсқа бар. Біріншіден, егер мемлекетке қарасты ғимараттар қатты қираған болса, оны түзету ұзақ уақыт алады. Себебі қаржы бөлініп, істі атқаратын мердігерді табу үшін конкурс жарияланады. Ал олар қанша уақытқа созатыны тағы белгісіз. Екіншіден, жеке кәсіптік ғимараттар өз алдына, тек көшедегі бағдаршамдар құлап, аздаған зардап тиген болса, бәрі тез ретке келеді. Бірақ тарихи ескерткіштердің жайын зерттеу керек. Мұның бәріне арнайы комиссия құрылып, өз алдына баға беретін болар, – дейді Ақбай.
Біз пікірлескен мамандардың пікірі сан арнада болғанымен, болжамы бір. Бәрі де шамамен 2 айға жуық уақытта жағдай реттелетініне сенеді. Архитектор Шоқан Матайбеков қымбат мүліктерді есепке алмасақ, барлығы тез арада оңаларына дәмелі екен.
– Шыны керек, неше ғимарат қирап, қанша шығын келгені жайлы қолымызда нақты дерек жоқ. Анығын білмейміз. Жекеменшіктегі ғимараттар тез түзелетіні сөзсіз. Ал мемлекеттің меншігіндегі дүниелерге келгенде әңгіме басқа. Ақша қалай бөлінеді, тендер қалай іске асады деген сауалдар бар. Нақты жауап беру қиын. Бүлік болды, бірақ залал аса көп емес тәрізді. Бірақ телеарналардың ғимараты бүлінді. Онда қымбат техникалар болуы мүмкін. Бұл да уақыт алады. Әйтеуір 1-2 айдың ішінде қала қалпына келеді деп ойлаймын, – деді ол.
Қайткен күнде де, Мемлекет басшысы айтқандай, жағдайдың тұрақтала бастағанына елдің де жұбанары сөзсіз. Себебі соңғы апта жұрттың тынышын алып, бейбіт күнді аңсайтын хәлге жеткізгендей. Ендеше, осы оқиғадан сабақ ала отырып, мемлекет үшін бағалы қалалардың қайта қалпына келгені қуанышты еселегендей болар еді.