Президент пәрмені: көлік бағасы арзандай ма?
Президент пәрмені: көлік бағасы арзандай ма?
334
оқылды
Көптен бері көлік жүргізушілерінің көкейінде жүрген утилизациялық алым мәселесі Президенттің деңгейіне жетті. Енді сынға ұшырап жүрген «ӨМК операторы» («Оператор РОП») серіктестігінің бұл қызметі мемлекет құзіретіне берілмек. Ал әуел­де экология мен экономиканы қатар қорғауы тиіс болған алымның алғашқы мақсаты өзгеруі мүмкін бе? Елімізде көлік бағасы арзандай ма?  

Уақытында қабылданған шешім

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қалың ел болып күт­кен кешегі сөйлеген сөзінде көп­теген өткір-өткір мәселелер кө­терілді. Былайша айтқанда, жыл басынан бергі оқиғалардан соң елді серпілтіп тастаған жолдау болды десек қателеспеспіз. Со­ның ішінде утильалым пробле­масы соңғы бес жылда ел көке­йінде жүрген мәселенің бірі еді. Осы уақытқа дейін дау болып кел­ген бұл жайт кейінгі уақытта әлеуметтік-экономикалық аядан саяси-қоғамдық сипатқа ойысып бара жатқан-ды. Бұл мәселеге осы жолы нүкте қойылды. «ӨКМ операторы» («Оператор РОП») деп ата­ла­тын компания­ның қызметі кәсіп­керлер тара­пы­нан ғана емес, тұ­тастай қоғам тара­пынан көптеген сұрақ ту­ды­рып отыр. Тіпті, осы жекеменшік ком­панияға қарсы қандай да бір қоғамдық қозғалыс­тардың пайда болуына дейін жет­кен. Үкіметке утильалымды тоқ­татуды және оған «ӨКМ опера­торы» ЖШС-ның иелік етуіне қа­тысты шара қолдануды тап­сырамын. Бұл іспен шетелдердегі сияқты мем­ле­кеттік ұйым айна­лысуы тиіс. Ал алым­дардың өзде­ріне келсек, олар­дың мөлшер­лемесін қайта қарау қажет. Бұл мәселе бизнес жә­не қоғам өкілде­рімен конс­трук­тивті түрде талқы­лануы ке­рек. Утильалым есебінен отандық ав­томобиль және ауыл шаруа­шы­лығы техникасын сатып алушы­лар­ға ваучерлер беру мәселесі қа­рас­тырылсын», – деді Президент. Осынау бірауыз сөзімен Пре­зидент утильалымға қарсы болып келгендердің бірден екі тілегін орындап отыр. Оның біріншісі – утильалымның көлеміне қа­тысты. Ол Еуропа елдерімен са­лыс­тырғанда орташа алғанда 25 есе көп болатын. Ал ол жақтағы өмір сапасы біздің елдегі өмірмен салыстырғанда айтарлықтай жақсы. Президент оның мөлшері қайта қаралатынын айтты. Баста­машыл топ утильалымның мөл­шерін Еуропадағы бағаға де­йін төмендетеміз деп құлшынып отыр. Екіншісі – утильалымның мөлшері қаншалықты аз болсын, көп болсын, сіз бен біздің салы­ғымыз болып төленетін бұл ақша жекеменшік компанияның есеп­шотына түсіп жатты. Ал ол ком­пания оның есебін берген жоқ. Ашылғаннан бергі 5 жылда «ӨКМ операторы» ЖШС шотына 650 млрд теңге түскен екен. Бұл қазір­гі бағаммен 1,5 млрд доллар. Енді бұл қаржы мемлекет қазынасына түсетін болады. Сол арқылы оны пайдаланудың тиімділігі мен мақ­сатты жұмсалуы артатынына се­нім мол.

Алымға тіреліп тұрған мәселе көп

2016 жылдан бері елімізге әке­лі­нетін көлік құралына салы­на­тын утильалым көлемі авто­мо­биль­дік қозғалтқыш көлемі мен түрі­не байланысты 460 мың­нан 14 миллион теңгеге дейін­гі сома­ны құрайды. Мысалы, 2,5 литрлік моторы бар Toyota Camry седанын елге әкелу үшін 1 531 500 теңге утилизациялық алым төле­неді. Ал 3,5 литрлік қозғалтқышы бар Toyota Camry үшін 3 522 450 теңге төлеуге тура келеді. Бұл – көліктің өз құнымен, кедендік рәсімдеу құнын қоспағандағы баға. Ал бұл со­ма Ресейде теңгемен алғанда 1 мил­лионға да жетпейді екен. Оған қо­са, утильалымның көлемі елі­мізде айлық есептік көр­сет­кішке байланған. Сондықтан да жыл сайын өзгеріп отырады. Биыл 1 АЕК 3 063 теңгені құрай­тынын ескерсек, базалық утиль­алым 153 150 теңге болуы тиіс екен. Сондықтан да олар алым мөл­шерлемесін 100 мың теңгеге дейін төмендетуді ұсынып отыр. Бұл шашамен 200 еуро көлемінде болмақ. Ал былтыр 2 917 теңге бол­ған болатын. Бұл Президент ара­ласпағанда утильалым биыл тағы 5%-ға өседі деген сөз. Одан бөлек, мамандар утильалымды алып тастау қажет тұстардың бар екенін айтады. «Президент бірден екі қоянды бір оқпен атты деуге болады. Бі­рінші – утильалымды жеке ком­паниядан алып, мемлекеттік ком­панияға берді. Бұл – өте қуа­нарлық және құптарлық іс. Екін­ші мәселе – утилизациялық алым­­ның ставкаларын қайта қарау керек деді. Мәселен, бұл сома Бельгияда 84-208 еуро ай­наласында болса, Норвегияда 45 еуро, Жапонияда 80 долларды құрай­ды. Сол сияқты бізде де 80-100 доллардың айналасында болу керек. Сонымен қатар жүк кө­ліктеріне және ауыл шаруашы­лы­ғы техникаларына қатысты утиль­алым­ды да алып тастау керек. Сонда бұл жергілікті авто­парктің жаңаруына алып келеді. Әрі жүк тасымалындағы логис­тиканы кеш болмай тұрған кезде өз қолымызға алып алуға мүм­кін­дік бермек. Мәселен, 2020 жыл­дан бастап елімізде жүк көлікте­ріне арналған утильалым енгізіл­ді. Негізінен, бұл алым сол салада өндіріс болған жағдайда ғана енгізіледі. Бізде ешқандай жүк кө­лігі құрастырылмайды. Бірақ ауадан ақша жасап, утильалым алынып келді. Соның кесірінен елімізде жүк көліктерінің паркі ескіріп кетті. Сол себепті де біз оны қайтадан жаңартпасақ, бұл мәселе азық-түлік қауіпсіздігі де­ген өте үлкен проблемаға тіре­л­мек», – дейді сарапшы Нұраддин Садықов.

Логистика бізде болуы керек

Беларусь сияқты тағы да басқа мемлекет­тердің жүк көліктерін бізде уа­қытша тіркеуге мүмкіндік бар. Ал логистика саласында Беларусь автопаркі бізден 2,5 есе көп, Ре­сейдің автопаркі 7 есе көп екенін ескерсек, автожүк тасы­малы нарығын олар бізден тартып алды деуге болады. Олар өздерінің кө­ліктерін Қазақстанға уақытша тір­кеуге қояды да, еліміздің аума­ғына кіріп, Қытайдан жүк тасиды. Осы мәселені қазір ескермесек, кейін тасымал бағасын бізде шетел­діктер қоятын болады екен. Былайша айтқанда, Батыс Қы­тай-Батыс Еуропа жолын қарызға батып біз салғанымызбен, қызы­ғын Ресей, Беларусь, Литва, Лат­вия, Эстония сияқты басқа елдер көріп отыр. «2016 жылы бұл мәселе бас­тал­ған кезде негізгі сылтау – эко­ло­гиялық жағдайды жақсарту және автомобиль өндірісін қол­дау. Бірақ бұл екі мақсаттың екеуі де орындалған жоқ. Сол жылдарға дейін бізде жылына 350-400 мың автокөлікке дейін кіргізіліп отыр­ды. Утильалым енгізілгеннен бас­­­тап бұл көрсеткіш 10 есеге дейін азайып кетті. Автоөндіріс да­мып кеткен жоқ. Біздегі авто­құрастырушылар көлікке деген ішкі сұраныстың 20%-ын да жаба алмайды. Бұл Ресейден, Арме­ния­дан және тағы да басқа елдер­ден ескі автокөліктерді көптеп алып келу жағдайына әкелді. Одан экологиялық ахуал кері­сінше нашарламаса, жақсара қой­мады. Сондықтан да бұл қол­дан жасалған кедергілер деуге әбден негіз бар», – дейді сарапшы Нұраддин Садықов. Маманның айтуынша, утиль­алымнан түбегейлі бас тарта ал­майтынымыз анық. Бірақ оның бағасы қымбат болмауы тиіс. Қарапайым ғана мысал, Еуропа елдерінде орташа еңбекақы 8 000 еуро, ал утильалым кейбір авто­көліктерге тегін, ал тегін емес 100 еуродан аспайды. Ал бізде ең тө­менгі жалақы 85 еуроның айна­ласында. Ал утильалым мөлшерін жоғарыда сөз еттік. Сондықтан да алым көлемі азаяр болса, онда әуелде айтылған екі шарт – эко­логия мен автопромды қолдау өздігінен орындалар еді. Өйт­кені жылы жаңа тойота мен мерсе­дес­терге қолы жеткен халық, ескі кө­ліктерден өздері-ақ бас тартады. «Елімізге соңғы бес жылда кіргізілген кез келген автокөлік бағасында оның бастапқы құ­нынан бөлек 15-25% аралығында утильалымның ақшасы отыр. Бұл әр автокөліктің жылына, қоз­ғалтқышының көлеміне және тағы да басқа ерекшеліктеріне байланысты. Ал сома автокөлік бағасының ширегіне дейін құ­райтынын ескерсек, қымбат­шылық неден туындайтынын көруге болады. Соңғы бес жылда автокөлік бағасы 3,5 есе қым­баттап кетті. Статистикаға жүгін­сек, зауыттан шыққанына 10 жылдан асқан автокөліктер саны елдегі автопарктің 70%-ын құ­райды. Бұл оның экологияға қан­шалықты зиян әкеліп жатқанын көрсетсе керек. Агротехникаларға да қатысты осыны айтуға болады. Өйткені бізде құрастырып жатырмыз де­ген техникалар – Беларусьтың Гомель қаласынан және Ресейден әкелініп жатқан тракторлар. Оны бізде қолдан жасалған «Агро­Сель­Маш» деген компания жи­нап шығарғаны үшін табыс көріп отыр», – дейді маман. Сөз соңында, сарапшы маман утильалым туралы айтқан кезде оған балама ретінде жүретін «бас­тапқы тіркеу» дегенді де ұмытпау керегін айтады. Өйткені оның мөл­шері де өте жоғары. Егер қайта қарап, оның да көлемін 100-200 долларға түсірер болса, бұл халыққа арналған көліктердің бағасының арзандауына ғана емес, орта және шағын бизнестің де дамуына, азық-түлік баға­сы­ның арзандауына, агросекторға тың серпін бермек.