Радикалды күштердің инфрақұрылымдық нысандарға шабуылынан кейін Қазақстан аумағына заңсыз кіріп, тұрып жатқан шетелдіктерді анықтау және елден аластау шаралары шұғыл қолға алынды. Мысалы, елордада тәртіп сақшылары үй-үйді аралап жүр. Учаскелік полиция инспекторлары 5 882 жалға берілетін баспананы және 490 хостелді тексерген.
Елордалық полицейлер төтенше жағдай режимі кезеңінде 40-тан астам шетелдікті елден шығарды. Олар елге заңсыз енген.
Қазір елордада жағдай тұрақты. Құқық қорғау органдары қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде. Өткен тәулікте 11 қылмыс тіркелді. Сондай-ақ 105 жол-көлік оқиғасы болған, жарақат алғандар жоқ. Төтенше жағдай режимі жарияланғалы 353 рет режимді бұзу, меморган талаптарын орындамау фактісі тіркелді. Кінәлілерге қатысты шешімді сот қабылдады.
Төтенше жағдай кезінде елорда көшелері мен қоғамдық орындарда тәртіпті сақтау үшін Нұр-Сұлтан қаласының полицейлері Қазақстанда болу қағидаларын бұзған шетелдіктерді анықтау іс-шараларын жүргізіп жатыр. Базарлар, сауда үйлері, супермаркеттер, құрылыс нысандары және басқасының аумағында рейдтік іс-шаралар өткізілді. Көші-қон заңнамасын бұзудың 1 300-ден астам фактісі анықталды, оның 295-і шетел азаматтары тарапынан жасалған.
Сонымен қатар тіркеусіз немесе жеке құжаттарсыз тұрып жатқаны және тұрғын үй иелерінің өзімен тұрмайтын бөтен адамдарды тіркеуге қойғаны үшін Қазақстанның 940-тан астам азаматы жауапқа тартылды. Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін шетелдіктерді шақырған 82 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Елде болу мерзімі өтсе де, кетуден жалтарған екі шетел азаматы табылды. Әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың шешімімен олар да елден шығарылды.