Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жаппаров Egemen Qazaqstan басылымының Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәліге сұхбат берді. – Құрметті Садыр Нұрғожаұлы, ең әуелі біздің газетімізге сұхбат беруге келіскеніңіз үшін алғысымызды білдіреміз. – Сұхбатымызды бастамас бұрын, соңғы қайғылы оқиғаларды үлкен өкінішпен қабылдағанымызды және қаза болғандардың қайғысына ортақтаса отырып, бауырлас елге көңіл айтқым келеді. Бұл – бәрімізге ортақ орны толмас ауыр қайғы. Өздеріңіз білетіндей, Қырғызстан Қазақстан Республикасының Президенті, құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ішкі саяси ахуалды тұрақтандыру үшін жасаған жігерлі қадамдары мен Қазақстанға қарсы жоспарланған террористік агрессияға тойтарыс берудегі батыл шараларын қолдады. Біз бұл күресте қол ұшын созуымыз керегіне бір минут та күмәнданбадық. ҰҚШҰ бітімгерлік контингенті құрамында өз өкілдерімізді жібердік. Қазақстан билігі адамдардың өліміне және билікті күшпен басып алу мақсатында жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыруға кінәлі адамдарды тауып, жауапкершілікке тартатынына сенімдімін. Сондай-ақ тексеру кезінде кінәсіз азаматтар зардап шекпеуге тиіс. Бұл күрделі кезеңде біздің азаматтық қоғам тыс қалмай, ынтымақтастық танытып, Қазақстан халқын қолдауға жұмылды. Волонтерлер жағдайға байланысты «Манас» әуежайына алдын ала жоспарсыз келіп қонған қазақстандықтарды күтіп алып, орналастырып, тамақтандырып, Қордай ауылына дейін жеткізуге көмектесті. Бауырлас екі ел арасындағы осы бір адамгершілік пен бір-біріне көмек қолын созуға даярлық рухы қатты қуантады. – Былтыр Түркі кеңесінің кезекті саммиті өтіп, сол отырыста бұл құрылым Түркі мемлекеттері ұйымы болып жарияланғаны белгілі. Бауырлас елдердің өкілдері бас қосқан жиында Сіз де болдыңыз. Жалпы, соңғы уақытта Орталық Азияның, бүкіл түркі әлемінің ынтымағы артып келеді. Өзбекстан мен Қазақстан одақтастық қатынастар туралы Декларацияны қабылдады. Сондай-ақ, Қырғызстанмен де осындай құжатқа және Мәңгілік достық туралы шартқа қол қойылғаны белгілі. Келешекте Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас қалай өрбиді? – Қырғызстан Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың қырғыз-қазақ қатынастарын одан әрі нығайту жөніндегі достық бағытын құп көреді. 2021 жылғы наурыздағы кездесуімізде Қ.Тоқаев Қазақстан Қырғызстанды одақтас ретінде ғана емес, бауырлас мемлекет ретінде қарастыратынын, қырғыз халқын әрдайым қолдауға дайын екенін жеткізген. Біз мұны бағалаймыз! Шын мәнінде, біздің бауырлас халықтарымыз әрқашан достық пен келісімде өмір сүрді, әсіресе қиын кезеңдерде бір-біріне көмек қолын соза білді. Қырғыздар қазақтармен бұдан кейін де дәл осылай өмір сүруге және болашаққа бірге қадам басуға ниетті! Биыл 2022 жылы Тәуелсіз Қырғызстан мен Қазақстан арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына отыз жыл толады. Осыған орай, біз Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың жауапты сапармен Қырғызстанға келуін күтеміз. Бұл оқиғаға шын жүректен қуанар едік! Мемлекетаралық қарым-қатынасымыз тату көрші, одақтас және стратегиялық әріптес рухында сенімді дамып келеді. Сондықтан менің Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарым жайлы атмосферада өткенін және көпғасырлық көршілер арасындағы сенімді қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға сеп болғанын атап өткен жөн. Сол келіссөздерде саяси диалог барлық коммуникация деңгейінде, сондай-ақ Жоғары мемлекетаралық, парламентаралық және үкіметаралық кеңестер сияқты қолданыстағы тетіктер арқылы тұрақты түрде қолдау табады деген пікір бірауыздан айтылды. Барлық деңгейдегі, соның ішінде экономикалық, гуманитарлық және қауіпсіздік салаларындағы ынтымақтастықтың белсенді даму қарқыны жалғаса бермек. Елдеріміз Таяу Шығыс пен Ауғанстандағы белгілі оқиғаларға, сондай-ақ қоғамдық денсаулық пен экономикаға елеулі нұқсан келтірген пандемияға байланысты жаңа қауіп-қатерлерге бірлесіп қарсы тұрады. Келесі жылы Қырғызстан мен Қазақстан ынтымақтастықтың кешенді бағдарламасын жүзеге асыруды аяқтайды. Биыл Қазақстанда Қырғызстанның мәдениет күндері өтеді, бұл бауырлас халықтардың рухани және мәдени бірлігін одан әрі арттыруға ықпал ететіні сөзсіз. Біздің өңірлік немесе жаһандық өзекті мәселелерге қатысты ұстанымымыз бір немесе көп жағдайда ұқсас болып келеді. Біз БҰҰ, ЕҚЫҰ, ҰҚШҰ, ЕАЭО, ТМД, ШЫҰ, ТМҰ секілді халықаралық, өңірлік және интеграциялық ұйымдар шеңберінде өзара тығыз әрекет етеміз және бір-бірімізге қолдау білдіреміз. Кезінде Қырғызстан Орталық Азия мемлекеттері басшыларының алғашқы консультативтік кездесуін Қазақстанда өткізуді қолдады. Биыл 2022 жылдың жазында Орталық Азия мемлекеттері басшыларының төртінші консультативтік кездесуін өткізуге дайындалып жатқанымызды айта кетейін. Алдағы бір-екі жылда Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы стратегиялық әріптестіктің дамуы сапалы жаңа деңгейге көтеріліп, шын мәнінде бірегейлік үлгісіне айналатынына сенемін. Қырғыз Республикасы бұл үшін бар күшін салады! – Қазақстан – Қырғызстанның ең ірі сауда серіктестерінің бірі және негізгі инвесторларының қатарына кіреді. Соңғы 15 жылда Қазақстан 1 миллиард АҚШ долларынан астам қаражат құйған екен. Өзара сауда байланысын күшейту үшін шекара бекеттерінің тауар өткізу жылдамдығын арттыру мақсатында түрлі жұмыс атқарылып жатыр. Екі мемлекет арасындағы тауар алмасу қарқыны қалай? Қазақстан нарығы қырғыз кәсіпкерлерін несімен қызықтырады? Ал қазақстандық инвесторлар Қырғызстанда қай салаларға қаражат құяды? – Көршілерімізбен сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыру – біздің сыртқы экономикалық саясатымыздың басым бөлігі. Қырғызстанды экономикасы қуатты және нарығы кең елдер қоршап жатыр. Ол, ең алдымен, Қытай, Қазақстан және Өзбекстан. Әрине, бұл берілген артықшылық көпмақсатты сауда-инвестициялық ынтымақтастық орнату үшін мүмкіндік берері сөзсіз. Қазақстан – біздің негізгі сыртқы экономикалық әріптестеріміздің бірі. Пандемия басталғаннан кейін былтыр алғаш рет екіжақты сауда көлемінің өсуі (900 млн АҚШ доллары) мен тікелей қазақ инвестицияларының артуы (38,7 млн АҚШ доллары) тіркелді. Бүгінде Қырғызстандағы қазақстандық бизнес қаржы-банк секторында, кен өндіру саласында, тамақ индустриясында, сауда және қызмет көрсету, коммуникация және байланыс салаларында жұмыс істейді. Сапар барысында ұйымдастырылған қырғыз-қазақ бизнес-форумында Қазақстанның ірі бизнес басшыларымен кездесіп, оларды Қырғызстанның гидроэнергетика, ауыл шаруашылығын қайта өңдеу, туризм және басқа да салаларындағы тиімді жобаларға белсенді инвестиция салуға шақыруға мүмкіндік алдым. Бұл ретте, жалпы, сауда мен экономикадағы қолда бар әлеует пен мүмкіндіктер әлі де толық пайдаланылмағанын атап өту керек. Осыған байланысты былтыр сәуірде Қордай ауылында өткен Қырғыз-Қазақстан үкіметаралық кеңесінің 9-ншы отырысы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтудің, оның ішінде инвестициялық, шекара маңы мен өңіраралық ынтымақтастықты жандандырудың ортақ жолдарын қарастырды. Мәселен, сауданы жандандыру үшін бірінші өңіраралық форум өткізіліп, Қырғызстанның Шу және Ыстықкөл облыстарында көтерме-тарату орталықтарының, индустриялық сауда-логистикалық кешеннің және «Алматы – Бішкек» экономикалық дәлізінің медициналық референс-зертханаларының құрылысы жүзеге асырылады. Жаңғыртылған «Ақ-Жол-Қордай» шекаралық өткізу пункті ашылды. Ендігі кезекте «Ақ-Тілек – Қарасу» бақылау-өткізу пунктін жаңғырту тұр. Одан бөлек, үкімет басшыларының орынбасарлары деңгейінде кедергілерді реттеумен айналысатын және сауда-экономикалық ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын айқындайтын жұмыс тобы құрылды. Жақын арада өзара тиімді жаңа жобаларды қамтитын екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықтың әлеуеті іске асырылатын болады. – Қазақстан мен Қырғыз- стан арасындағы қарым-қатынас жоғары деңгейде дамып келеді. Қазақстан Үкіметінің басшысы іссапармен келіп кетті. Сол сапарда көптеген келісімге қол қойылды. Осыған байланысты өзара шешілмеген тағы қандай мәселелер бар деп есептейсіз? – Менің ойымша, Қырғызстан мен Қазақстан арасында шешілмеген не шешілмейтін мәселе жоқ және болмауға да тиіс. Елдердің екіжақты күн тәртібіндегі мәселелер бойынша көзқарастары мен пайымдары әртүрлі болады және бұл қалыпты жағдай. Біз тең сөйлейміз, бір-бірімізді тыңдаймыз және өзара қолайлы шешімдер табамыз. Мәселен, вакциналау басталғаннан бері Қырғызстанда коронавирусқа байланысты эпидемиялық ахуал тұрақтанды. Осыған байланысты біз қазір Қазақстанға жерүсті жолымен өтетін қырғыз транзиттік жүк тасымалдаушылары мен азаматтарына шектеулерді алып тастау мақсатында Қазақстан билігімен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Вакциналау сертификаты мен ПТР-тесттің болуы Қазақстанға кедергісіз кіру үшін жеткілікті болуы керек деп санаймыз. Менің ойымша, Қырғызстан мен Қазақстан арасында ешқандай кедергі болмауы керек – мейлі ол шартты не нақты болсын. Мен қолымыздан бәрі келетініне сенімдімін, өйткені бізде барлық бағыт бойынша өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға деген ниет, ұмтылыс пен саяси ерік-жігер бар. – Қазіргідей жаһандық жылыну күшейіп, шыңын ақ қар басқан тауларда мұздықтар еріп жатқанда, дария-өзендердің тартылуы алаңдатып тұр. Талас және Шу өзендері Қырғызстаннан бастау алады. Бұл мәселенің алдын алу, зардабын азайту үшін қандай әрекеттер жасалып жатыр? Біздің мемлекеттердің ынтымақтастығында климаттың өзгеруі мен жалпы экология мәселесі қандай орында тұр? – Өзіңіз айтып өткендей, соңғы жылдары климаттың өзгеруі өте маңызды жаһандық мәселеге айналды. Қырғызстан таулы аймақ ретінде оның жағымсыз салдарын өткір сезінеді. Сол мәселелердің кейбірі су тапшылығымен тікелей байланысты. Бүгінде Қырғызстанда мәңгі қар мен мұздықтар еріп, су-энергетикалық ресурстар азайып жатқаны белгілі. Егер бұл мәселелер халықаралық қоғамдастықтың көмегімен, сондай-ақ «климаттық» қаржыландыру арқылы шешілмесе, су жетіспеушілігі біздің мемлекетіміз үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азия үшін де қауіпті болуы мүмкін. Сол себепті мұздықтар мен қарлы тау шыңдарын климаттық өзгерістерден қорғаудың, су ресурстарын үнемдеудің маңызын ескере отырып, Қырғызстан БҰҰ Бас Ассамблеясының 76-сессиясында және Глазгодағы климаттың өзгеруі туралы БҰҰ негіздемелік конвенциясы тараптарының 26-ншы конференциясында бірқатар бастама көтерді. Екіжақты ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі – осы су-энергетика саласына қатысты. Бұл салада Шу мен Талас өзендері бойынша 2000 жылдан бері жинақталған өзара іс-қимылдан оң тәжірибе бар. Осы бойынша тараптар алынған көлемге сай трансшекаралық су объектілерін пайдалануға және күтіп-ұстауға жұмсалған шығындарды өтеу жөнінде басқа да келісілген іс-шараларға қатысады деп күтілуде (мұндай келісуді су ресурстары жөніндегі Шу-Талас мемлекетаралық комиссиясы жүргізетін болады).