Қасірет қайталанбасын десек...
Қасірет қайталанбасын десек...
431
оқылды
Әу баста бейбіт шерумен басталған «Қаңтар оқиғасының» соңы қа­лай аяқ­талғаны көпшілікке мәлім. Наразы топ қойған нақты эконо­ми­ка­лық та­лаптар бір сәтте саяси сипат алды. Бейбіт митингтің соңы жап­­пай тәртіп­сіз­дікке ұласты. «Қаңтар трагедиясының» қайта­ланбауы үшін билік халықтың әлеу­меттік жағдайын жақсартып, табысын түзеудің ке­шенді шараларын қолға алуы керек. Сарапшылардың пі­кі­рін­ше, эко­но­мика мен жалпы қоғамға ауыр зар­да­бын тигізген оқиғаның ащы саба­ғы жаңа саяси-экономикалық рефор­малар жол ашуға шақырады.  АннаАнна АЛЬШАНСКАЯ, Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының аға ғылыми қызметкері:

Әуелі – экономика

– Қазіргі сәтте Қазақстан экономикалық жағдайды тұрақ­тан­­дыру үшін мықты бюджетті қалыптастыру керек. Бізде бюд­жетке кіріс әкелетін салалардың көшін тау-кен өндірісі мен мұнай өнер­кә­сібі бастайды. Әлемдік тәжірибеге сай пайдалы қаз­баларды өн­ді­ре­тіндерге салынатын салықтың қосымша кө­лемін есептеу жүйесі пайда болады. Мұнай өнімдерін өндірушілер мен тасы­мал­дау­­шылардың да табыстары қазына қаржысын толықтыруға жұмсалады. Оған қоса, Қазақстанда өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен ай­мақ­тардың өндірістік қабілетінде теңсіздік бар. Оны теңестіру үшін бюд­жетаралық қаты­нас­тарды реттеу және өңірлердің қаржылық тәуелсіздігіне қол жеткізу керек. 2021 жыл­дан бастап шағын және орта бизнестен түсетін корпоративті табыс салығы жергілікті бюджетті толықтырады. 2023 жылдан бастап жергілікті жерлердегі салық түсімін арттыру жоспарланған. АйсұлуАйсұлу ТҰРСЫНБАЙҚЫЗЫ, Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті  Экономика институтының ғылыми қызметкері,  әлеуметтанушы:

Әлеуметтің әлеуеті артса

– Сөз жоқ, соңғы оқиғаларда саяси, діни мотивтер болды. Бірақ ең бастысы – олардың астарында қоғамның әлеуметтік реализмі жатқаны анық. Сондықтан елімізге жаңа әлеуметтік-экономикалық реформалар қажет. Ең әуелі ішкі көші-қонды реттейтін кешенді жобалар түзіл­гені жөн. Сол арқылы ауыл-аймақ, аудандардың әлеуметтік-эко­номикалық, транспорттық инфрақұры­лымын дамытудың жол картасы жасалуы керек деп ойлаймын. Мұнда өткен жылғы жалпыұлттық халық санағының нәтижелерін ескеру дұрыс болады. Кейін жол картасын іске асыру арқылы ауыл тұрғындары инфрақұрылымдық минимуммен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ әрбір ауданның азық-түліктік қауіпсіздігін сақтау шараларына көңіл бөлетін кез келді. Арнаулы мемлекеттік бағдарлама аясында тауарлық қажет­тіліктерін өтейтін шағын кәсіпорындарды көптеп ашуға болады. Өңірлердің экономикалық, адами ресурстың кадрлық әлеуеті ескерілуі керек. Мұнан бөлек көпбалалы отбасыларды әлеуметтік тұрғыдан қамтамасыз ету, білім беру, маман даярлау істерінің нәтижелілігіне көңіл бөлінуі тиіс. Бір сөзбен айтқанда, еліміз­де осы сәттен әлеуметтік-экономикалық саладағы түбегейлі өзгеріске нақты қадам жасайтын шақ туды. ЖұмабекЖұмабек САРАБЕК, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:

Сенімді диалог алаңы

– Президент соңғы жағдайларды ескеріп, Үкіметке мейлінше қарапайым қазақстан­дықтардың әлеуметтік мәселесін шешудің тетігін қарастыруды тапсырды. Өйткені соңғы оқиғалар халық арасында шешімін күткен әлеуметтік мәселелердің көптігін көрсетіп берді. Сонымен, жоғарыда талаптың үдесінен шығуда Үкімет экономиканы әртарап­тандыру, инфляцияны тізгіндеу сияқты маңызды міндеттерді өз жауапкершілігіне алды. Мұнан бөлек, саяси реформаларды жалғастыру маңызды. Әсіресе, азаматтардың саяси белсенділігі назардан тыс қалмағаны жөн. Сонда ғана билік пен бұқара арасында сенімді диалог орнайды. Ал диалог пен нақты әрекет бар жерде азаматтар өз мәселесін алаңға немесе митингке шығу арқылы шешуге мүдделі болмайды. Бұл іске саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерді де белсенді тартуымыз керек. Жалпы, елдің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық саяси дамуына негіз болатын реформалардың көптеген пакеті қажет. Президент өз сөзінде мұндай пакеттерді осы жыл­дың қыркүйек айындағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ұсынатынын айтты.