Көршіңіз қылмыскер болуы мүмкін. Себебі ізін суыту үшін жалдамалы пәтерде тұру – қаскөйлердің кәнігі әдеті. Тексеру жұмыстарының нәтижесінде бүлікшілердің 1 бөлмелі пәтерде 8-10 адамға дейін топтасып, арам пиғылын жүзеге асыруды жоспарлап келгені анықталды. Оған қоса, адамдарды аяусыз өлтірген жауыздардың қару-жарақтары да басыбайлы баспанасынан емес, жалдамалы пәтерлерден табылып жатыр. Қараша халықтың баспанаға деген мұқтаждығы шешілмей, «квартиранттардың» саны кемімейді. Бұлай жалғаса берсе, қауіпсіздік мәселесі кейінге шегеріле береді. Жалпы, қандай азаматтар пәтер жалдайды?
КЕЙУАНАНЫ ТОНАП КЕТКЕН
«Пәтер керек» дегеннің артында қандай ойдың тұрғанын біле алмайсың. Пайданы ойлаған пәтер иелері ондайға бас қатырмайды да. Жеке куәлігін көрсетіп, айтқан ақшаны берсе жеткілікті, кім көрінгеннің қолына кілтті ұстата салады. Елдегі жаппай бүлік көршіңнен де күдіктенуді үйретті. Себебі жазадан қашып жүрген содырлардың қазір жалдамалы пәтерлерде жасырынып жатуы әбден мүмкін. Одан бөлек, жақында Өскеменде зейнеткерді «квартиранты» тонап кетті. 46 жастағы азамат 80 жастағы кейуананың ұялы телефонын қолынан жұлып алып, сандықта сақтап жүрген 2 миллион теңгесін қолды еткен. Қазір ұрыға қатысты Қылмыстық кодекстің 191-бабы 3-бөлігі («Тонау») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бұған дейін елге белгілі кісінің жұбайын ақша сұрауға барғанда пәтер жалдаушылар пышақтап өлтіргені көптің есінен шыға қойған жоқ.
«Көптеген пәтер иелері мен жалға алушы қаражатты үнемдеу үшін риэлторларға жүгінгісі келмейді. Алаяқтық оқиғаларының да жиі орын алуы – сондықтан. Жылжымайтын мүлік саласында алаяқтар көп. Қауіпсіздік мәселесінде үнемдеуге болмайды. Жалға алушы мен жалға берушінің талаптарын қанағаттандыра білу – риэлтордың кәсібилігі. Сондықтан риэлторға ақы төлеген кезде бірінші кезекте өз тыныштығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін төлейсіз», – дейді риэлтор Жан Рысбаев.
Түркияда тұрғын үйді жалға алу мәдениеті қалыптасқан. Жалға алушылардың да, жалға берушілердің де құқықтары заңмен қорғалады. Өкінішке қарай, біздің заңнамада риэлтордың құқықтық жағдайы белгіленбеген. Яғни, риэлтор туралы, оның қызметі туралы ешқандай заң жоқ. Қазір жылжымайтын мүлікке қатысты ешқандай білімі жоқ бос жүрген адамның бәрі риэлтор бола алады. Риэлтор болам деген ниет болса болды, өзіне жарнама жасайды. Сөйтіп, жұмыс істей береді.
Осы тұста Қазақстанда пәтер жалдаудың көбі заңнан тыс ұйымдастырылатынын атап өткен жөн. Мәселен, елордада жалға берілетін пәтерлердің 80 пайызы заңсыз, жартысынан көбі келісімшартсыз, сөз жүзінде келісілген. Сондықтан оқыс оқиғалардың болмауына кепілдік жоқ.
Бізде жалдамалы пәтердің құны табатын табыстан үш-төрт есе жоғары. Айталық елордада 250 мың теңгеге 1 бөлмелі пәтерді жалдайтындар да көп. Сайттарда 13-20 шаршы метрлік бір бөлмелі пәтерлер айына 50-60 мың теңгеден тұр. Көбінде жуынатын бөлмесі жоқ. Тіпті, астананың төрінде тұрған жалдамалы «времянкалардың» арасында дәретханасы далада орналасқандары да жетерлік.
Алматыда да «времянкалар» сұранысқа ие. Алматы облысында Есік, Қаскелең, Шаңырақ, Айнабұлақ, Талғар аудандарында 30 мыңнан 60 мың теңгеге дейін пәтер жалдап тұруға болады.
«Жалдап тұрған пәтеріңе қонақ шақыруға болмайды, балаларың болмау керек» дейтін пәтер иелерінің талабы бар. Пайдаланып отырған тұрмыстық құралдардың біреуі істен шықса, төлейсің. Сөйтіп, жалдаушылардан көзін жұмып қойып сыпырып алған ақшасына әлгі адам тағы да бірнеше пәтер сатып алып, жалдамалы пәтер ретінде бизнесін жасайды. Сондықтан пәтер ақысын зорға төлеп отырған отбасы тапқан табысын біреудің қолына ұстатып отырғандықтан өзінің пәтер иесі атануы қиын. Осылай өзін үйін армандап, өзгенің пәтеріне жылдап ақша төлеп жүргендер жетерлік. Соның бірі 6 жылдан бері жылжымайтын мүлік саласында жүрсе де, бір пәтерге қолы тимеген риэлтор Әлия Бердіқожаева.
«Неге пәтер жалдап келемін? Себебі қалада өмір сүргім келеді, жұмыс істеп ақша табу үшін жүрмін. Екі балам бар, жалғызбасты анамын. Бір жыл бұрын астанада 12-14 миллион теңгеге 1 бөлмелі пәтер сатып алуға болатын еді. Қазір сол үйлердің бағасы 17-20 миллион теңгеге көтеріліп кетті. 7 жылдан бері баспананың соңынан жүрмін. Баға қымбат, табысымыз жалдауға ғана жетеді», – дейді Ә.Бердіқожаева.
ҚЫМБАТШЫЛЫҚ ҚАПА ҚЫЛДЫ МА?
Ресми мәліметтерге сүйенсек, былтыр бір айда 300-ге жуық қазақстандық Түркиядан, теңіз жағалауынан пәтер сатып алған. Риэлторлар статистикасы бойынша, тек Түркияның Жерорта теңізі жағалауына қазірдің өзінде мыңдаған қазақстандық қоныстанған. Қазақстандықтардың көбі неге Түркияда өмір сүруді қалайтынын білесіз бе? Себебі баға арзан. Мәселен, Аланияда теңіз жағасында жаттығу залы, бассейні бар коттеджді 1 айға 900 мың теңгеге жалдауға болады, ал астанада Есіл ауданындағы 6 бөлмелі дәл сондай коттеджді жалдау құны айына 1 миллион 700 мың теңгені құрайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың әлеуметтік жағдайы төмен топтар үшін нарықтағы баспананы жалға алу құнын субсидиялау мәселесін қарастыруды тапсырды. Жұмысшы жастарға берілетін жалдамалы пәтер сияқты мұнда да белгілі бір шектеулер болуы мүмкін. Осы орайда жоба мемлекеттік бағдарламаларға ілікпей қала беретін, «квартирант» атанып кеткендердің үмітін ақтаса игі.