Қазақстанда негізгі азық-түлік тауарларының 5 айлық қоры құрылды. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитетінің төрағасы Ержан Қазанбаев хабарлады. Оның айтуынша, соңғы 2 жылда бүкіл әлемде азық-түлік бағасы өсті. 2020-2021 жылдары COVID-19 салдарынан тасымал-логистика күрделенді. Бұған қоса, көптеген елді құрғақшылық жайлады.
«Қазақстан да бұдан тыс қалған жоқ. Бүгінгі басты міндет – бағаның күрт көтерілуіне жол бермеу. Бұл бағытта министрлік орталық меморгандармен және әкімдіктермен бірлесіп, жұмыс жүргізуде. Біріншіден, азық-түлік тауарларының негізгі түрлерімен қамту және олардың бағасын қолжетімді ету жұмысы жалғасады. Егіс алқаптарын және әлеуметтік маңызды тауарларды өндіруге пайдаланылатын басым дақылдар өндірісін ұлғайту жоспарланған», – деді ол.
Қазір елімізде негізгі азық-түлік тауарларының 5 айлық қоры қалыптастырылды. Тұтынушы үшін бағаны төмендету мақсатында 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарына сауда үстемесінің мөлшерін 15-тен 10%-ға дейін қысқарту туралы шешім қабылданды. Бұдан басқа, жергілікті бюджет есебінен тұрақтандыру қорларын қаржыландыруды және сауда желілерін кредиттеуді 140 миллиард теңгеге дейін жеткізу жоспарланған (бұған дейін 70 млрд теңге бөлінді).
Екіншіден, маусымаралық кезеңде Орталық Азия елдерінен ерте пісетін импорттық жеміс-көкөніс өнімдерін форвардтық сатып алуды ұйымдастыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.