Қорған тонау да кезең-кезеңге бөлінеді
Еліміздің археологтері мен тарихшыларының сөзінен түйгеніміз, ерте замандағы қорым тонаушыларды қызықтырғаны, әлі де қызықтырып жүргені – негізінен қола дәуірінің соңындағы, сақ дәуірі, көне түркі дәуірі кезеңінің ескерткіштері. Бір қызығы, қызығы емес-ау, өкініштісі қорымдардың тоналуын бірнеше кезеңге бөліп қарауға болатын секілді. Әуелгі кезең – қорымдардың өз заманында, нақтырақ айтсақ бір халықтың орнына бір халық келген кезде тоналуы дер едік. «Кезінде сақ тайпалары патшаларын «алтынмен аптап, күміспен күптеп» жерлейтінін сақтармен бірге өмір сүрген, кейін іле-шала тарихи аренада болған ғұндар, үйсіндер, қаңлылар, көне түркілер барлығы жақсы білген» деп еді бір сұхбатында Зайсан ауданындағы Шілікті жазығынан «Алтын адам» тапқан белгілі археолог Әбдеш Төлеубаев. Бұл кезеңді түсіндіруге ғалымның осы сөзі жеткілікті секілді. Екінші кезең – қорымдардың аяусыз тоналғаны, аруақтардың қорланғаны десек те болады – І Петр заманы. Әрқайсысында 300-400 адамнан болған 30-40 жасақтың қазақ-қырғыз даласын түгел шарлап, ат аяғы жеткен жердегі қорымдарды түк қалдырмай тонап, табылған алтын бұйымдарды, құнды жәдігерлерді патшаға жеткізгені белгілі. Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы Эрмитаждағы «І Петрдің коллекциясы» деген залдағы 2 миллион жәдігердің Шығыс Қазақстаннан барғаны бұған дейін айтылып, жазылды. Ал Эрмитаждың жертөлесінде қаншама құпияны бүгіп, сары майдай сақталып жатқандары қаншама?! Үшінші кезеңді ХХ ғасырдағы С.Сорокин, С.Черников секілді ресейлік археологтердің қазақ даласындағы қорғандарды тауып, ашып, зерттеуімен байланыстыруға болады. Тонаушылардың төртінші кезеңі қазіргі уақыт. Яғни, сізбен, бізбен бірге бір елдің суын ішіп, ауасын жұтып жүрген – алтынды көріп, жолдан тайған, тамырлы тарихыңды тәрк, мәйекті мәдениетіңді мансұқ еткен, қазынаға құныққан замандастарымызды осы төртінші кезең тонаушыларының қатарына қосуға болады.Бір-ақ түнде тонап кетті
Жақында «Зайсан ауданындағы еліміздегі үшінші Алтын адам табылған Шілікті жазығындағы қорғандар тоналып жатыр» деп дабыл қақты жергілікті тұрғындар. «Зайсан ауданы – археологиялық қазбаға бай өңір. Өкініштісі, Алтын адам шыққан Шілікті өңіріндегі обалар еш қараусыз жатқалы қашан?! Міне, елдегі аумалы-төкпелі шақта ұлттық құндылықтар мен мәдени мұраға айналған обалар еш зерттеу көрмей тоналып жатыр. 2021 жылдың күз айында бір топ археолог пен облыс әкімі келіп, 2022 жылға археологиялық қазба жұмыстарын жоспарлаған обаға жақында қарақшылар түсіп, қазып, обаны қайта көміп кетіпті. Обадағы патша не патшайым жатқызылатын табыт ағашы да шашылып, бетіне шығып қалған. Обаның топырағы да қопарылып жатыр. Былтыр қара күзде тағы бір оба тап осылай қазылып кеткен екен. Мынау –тоналған екінші оба. Енді үшінші оба да осылай қазылуы мүмкін» деп жанайқайын өзінің Facebook парақшасы арқылы жеткізіпті жергілікті қоғам белсендісі, журналист Еркебұлан Зағыпаров. Біз мәселенің мән-жайын, анық-қанығын білмек ниетпен «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі директорының міндетін атқарушы Алмас Сарбасовқа телефон арқылы хабарластық. Өйткені 2017 жылы «Берел» музейінің жанынан Шілікті бөлімі ашылған болатын. «Шіліктіге Катонқарағайдан арнайы келіп, жергілікті полиция, прокуратура өкілдерімен, ауыл әкімімен бірге жағдайды өз көзіммен көрдім. Тонаушылар ертеректе тоналған бір үлкен қорғанды түнде қазып, қайтадан жауып кеткен екен. Әлеуметтік желіде жазылғандай, бұл қорған биыл қазба жұмыстары жоспарланған қорған емес, өз алдына бөлек қорым. Енді бір жағынан тонауға ұшыраған деп нақты айту да қиын, алайда «тонаушылар тарихи мұра нысанын бүлдірді» деп айта аламыз. Біздің топшылауымызша, қорғанды бүлдірген азаматтар бұған арнайы дайындалған, жердің астын зерттейтін қымбат құрылғылары да болған секілді. Әйтпесе, бір түнде қазып, оны қайта жабу оңай шаруа емес қой. Жай адамдар бұлай істей алмайды. Жергілікті халық «бұған ауылға соңғы жылдары көшіп келген адамдардың қатысы болуы мүмкін. Бұрын мұндай жағдай болмайтын» деп отыр. Енді мұны құқық қорғау қызметкерлері анықтайды. Біз өз тарапымыздан Зайсан аудандық полиция бөліміне арыз тапсырдық. Аудандық полиция бөлімі сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тіркеді. Іздестіру жұмыстарын жүргізеді», – деді Алмас Сарбасов. Оның айтуынша, Шілікті жазығында 100-ден астам қорған болса, соның 38-і «Берел» музейіне қарайды. «Тасбастау ауылындағы бір үйді жалға алып, шағын музей ашқанбыз. Ішіне Шіліктіден шыққан жәдігерлер қойылған. Оның арасында түпнұсқа жәдігерлер де бар. Зайсан ауданының мектептерінің оқушылары музейге келеді. Өз ойым, болашақта Шіліктіде Берелдегідей жеке музей салынғаны дұрыс деп ойлаймын», – дейді ол. Дегенмен археолог Әбдеш Төлеубаевтың есебінше, мұнда сақ-үйсін дәуірінің 200-ден асатын ескерткіші бар, соның 50-ге жуығы ақсүйектер мен патшалардың қорымы көрінеді. Демек, мемлекеттік мекемелердің өзі Шіліктідегі қорғандар мен обаларды толық есепке алмағанға ұқсайды. Немесе археологтің айтқаны қате. Бірақ бұл басқа әңгіме.Шіліктіде музей ашылады деп еді...
Музей демекші, Шіліктіде музей салу мәселесі біраз жылдан бері көтеріліп жүргенімен, шешімін таппай келеді. Жергілікті зиялы қауым өкілдері мұнда музей салу жөнінде ең әуелі сол кездегі Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхамедтің, кейін облыс әкімі Даниал Ахметовтің бірнеше рет айтқанын айтады. Былтыр сол уақытта «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі директоры болған, қазір облыстық Мәдениет басқармасының басшысы қызметін атқаратын Нұрболат Ахметжанов Шіліктіде сапар орталығы салынатынын сөз еткен еді. «Еліміздің барлық жетекші музей қорықтарының аумағында визит орталықтардың құрылысы, музейфикация жұмыстары жүріп жатыр. Өткен жылы Түркістан облысындағы «Отырар» және Алматы облысындағы «Таңбалы» визит орталықтарының құрылысы аяқталды. Биыл «Ұлытау», «Гаухар ана», «Ордабасы» және «Сауран» музей-қорықтарының визит орталықтары құрылысын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге 2021 жылдан бастап «Есік», «Берел», «Шіліктіні» іске қосуды көздеп отырмыз» деген болатын бұрынғы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова 2021 жылы ОКҚ алаңында өткен есеп беру кездесуінде.ТҮЙІН:
Біз «Шіліктіде музей салына ма, әлде сапар орталығы бой көтере ме?» деген сұрақты Шығыс Қазақстан облыстық Мәдениет басқармасының өкіліне қойдық. Басқарманың бөлім басшысы «Бұл мәселені тарихи-мәдени мұраны қорғау мекемесінің директоры Талғат Сүлейменов біледі» деп жөн сілтеп еді, Талғат Сүлейменов «Мұны «Берел» музейінен сұраңыздар. Шілікті бізге қарамайды» деді. Ал «Берел» музейі өкілінің жауабын жоғарыда бердік. Қысқасы, Шіліктінің жағдайы «сен салар да, мен салар, атқа жемді кім салардың» кебін киіп тұрған секілді. Сонымен, Шіліктіге музейді кім салар? Әзірге бұл сұраққа жауап табылмай тұр...
Шығыс Қазақстан облысы