Алматыда айдың-күннің аманында ішер ас, жұтар ауадан кейінгі тіршіліктің негізгі көзіне айналған жарық жалп етіп өшіп қалды. Артынан белгілі болғандай, бір ғана Алматы емес, сол сәтте еліміздің бірнеше өңірі электр қуатынсыз қалған.
Одан бөлек, «Өзбекстан мен қырғыз көршілеріміздің бірнеше аймағы да жарықсыз қалыпты» деген ақпарат тарады.
Мәселенің мән-жайын білмек болып, Қазақстандағы электр желілерін басқарып отырған оператор компания KEGOC-қа хабарластық. Компания мәліметіне сүйенсек, Өзбекстан мен Қырғыз Республикасы аумағындағы апаттық жағдай негізгі себеп болған көрінеді.
«2022 жылғы 25 қаңтарда сағат 11.59-да (Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша) Орталық Азияның (Өзбекстан, Қырғыз Республикасы) энергия жүйесінде болған елеулі апаттық теңгерімсіздіктің салдарынан сол өңірге тиесілі қуат «Қазақстанның Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік» 500 кВт электр энергиясының транзитіне нормадан артық мөлшерде қосымша жүктелді.
Нәтижесінде, Қазақстанның «Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік» транзиті апаттық жағдайға ұрынып, салдарынан Қазақстанның оңтүстік аймағындағы тұтынушылардың айтарлықтай бөлігі жарықтан ажыратылды. Шектеу көлемі шамамен 1 500 мегаватты құрады.
Қазір жүйелік оператор ретінде KEGOC АҚ апатты жою бойынша шаралар қабылдауда», – деп жауап берді жарыққа жауапты компания.
Мегаполистің мазасын алған жарықсыз қалу процесі екі сағатқа жуық уақытқа созылды. Көшелерде бағдаршамдар істен шықты. Нәтижесінде, шамалы уақыттың ішінде бірнеше жол-көлік оқиғалары болды деген дерек бар. Алматының жарығына жауапты «Алатау Жарық» компаниясының дерегінше, осы уақыт ішінде қалада 92 мыңнан астам тұтынушы электр энергиясынсыз қалған.
«Алатау Жарық» АҚ «Солтүстік-Оңтүстік» жоғары вольтты электр тарату желісінде болған апаттық жағдай салдарынан электр қуатынан ажыратылған Алматы қаласының тұтынушыларын электрмен жабдықтауды толық көлемде қалпына келтірді. Барлық ажыратылған абоненттерге электр энергиясы берілді. Энергиямен жабдықтаудағы үзіліс 1 сағат 48 минутты құрады.
«Апат кезінде мегаполистің барлық әкімшілік аудандары бойынша барлығы 92 мыңнан астам тұтынушы, оның ішінде 88,5 мыңға жуығы – тұрғын үйлер мен пәтерлер электр қуатынан ажыратылды», – деп мәлімдеді жарыққа жауапты мекеме.
Ал осы жарықсыз қалған екі сағатқа жуық уақытта электр энергиясымен жұмыс істеп тұрған қаншама кәсіпорындарға едәуір зиян келгені айтпаса да түсінікті. Әзірге ол шығынның көлемі жөнінде әкімдік не жауапты орындар ресми мәлімет бере қойған жоқ.