Соңғы күндері «қасіретті «Қаңтар оқиғасына» байланысты Алматыда пантеон салынады екен» деген әңгіме шыққалы қоғамда түрлі қауесет тарай бастады. «Қанды қырғында қаза тапқан әскерилер мен полицейлер жерленеді» деген сыбыс шындыққа жанаса ма?
Шындығында, бұл кейбір шетелдердегідей белгілі адамдар жерленетін мазарат, яғни пантеон емес. Мемориалдық еске алу кешені салынбақшы. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға жасаған сапарында қала басшылығына арнайы тапсырған.
Яғни, ол жерде ешқандай да адамдардың мүрдесі қойылмайды. Тек тарих үшін болашақ ұрпақ еске алып, сабақ алатын орынға айналмақ.
Бұл сөзімізді Алматы қалалық әкімдігінің Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының берген мәліметі де нақтылай түсті.
«Қаңтар айының басында қаламызда және елімізде болған қайғылы оқиғаны болашақ ұрпақтың жадында қалдыру мақсатында салынатын құрылыс ешқандай пантеон емес, мемориалдық кешен. Бір сөзбен айтқанда, бірнеше жыл өткен соң болашақ ұрпақ соның басына барып, 2022 жылы «Қаңтар дүрбелеңі» болған орын деп еске алатын болады», – деп жауап берді басқарманың баспасөз қызметі.
Аталмыш басқарма өткен апта соңында мемориалдық кешен жұмысының эскизіне ашық байқау жариялағанын мәлімдеген еді.
Мәліметке сүйенсек, байқауға жеке авторлар да, шығармашылық ұжымдар да қатыса алады. Конкурстың шартына сәйкес, ескерткіш қоршаған ортаға үйлесімді болуы тиіс. Оның құрылысына тек сапалы материалдар пайдаланылады. Мемориалдық кешен қаладағы Сәтбаев көшесінің оңтүстігі мен Назарбаев даңғылының батысына қарай қалалық әкімдік жанындағы гүлзарда орнатылады деп жоспарланып отыр.
Белгілі тарихшы, профессор Ханкелді Әбжанов мұндай тарихи маңызы бар оқиғаларға арналған ескерткіштердің қажет екенін айтады. Оның айтуынша, тарихтың осындай ақтаңдақ сәттері ертеңгі ұрпаққа сабақ болары сөзсіз. Тарихшы соңғы қасірет болған республика алаңында екінші рет қан төгілгеніне куә болғанымызды қынжыла отырып атап өтті.
«Тарихымызда Алматыдағы Республика алаңы екі рет (1986-2022) қанды қақтығыстың куәсі болды. Мұнда бірінші жолы тәуелсіздік пен әділеттілік үшін жастардың қаны төгілсе, екінші жолы қара ниетті күштерден тәуелсіздікті қорғаған әскерилер, полицейлер мен отансүйгіш бейбіт азаматтар өмірін қиды. Олардың ерлігі халқымен бірге мәңгі жасауы керек. Сол жанкештіліктерінің арқасында олар миллиондаған бейбіт адамның өмірін сақтап қалды. Елі үшін құрбандыққа барғандарға қандай құрмет көрсетсе де жарасады», – дейді белгілі тарихшы.
Сондай-ақ ол бой көтеретін кешен жай ғана ескерткіш болып қалмауы керек деп санайтынын жеткізді.
«Президентіміздің тапсырмасымен салынатын «Қаңтар қасіреті» мемориалдық кешені архитектуралық, тарихи, мәдени, ескерткіш қана емес, бүгінгі заманның батырларына, бірлік пен бірегейлікке тағзым ететін сакралды нысанға айналуы керек. Онда шейіт болған әрбір офицердің аты-жөні мен шені тасқа қашалып жазылуы қажет деп санаймын. Кешен ашық аспан астындағы ұлы тарих оқулығына айналатын күнге жетейік», – дейді тарихшы Ханкелді Әбжанов.
Қалай болғанда да, мұндай тарихи нысан ең бірінші ертеңгі ұрпақ үшін салынары хақ. Себебі келешек ұрпақ өзінен алдыңғы тарихтан сабақ алып жетілері сөзсіз. Сондықтан бой көтеретін кешеннің бірінші мақсаты – ол ертеңге бүгінді жеткізу. Ал кешеннің қандай болып салынары әзірге белгісіз. Ол мәселе қалалық әкімдік жариялаған байқаудың қорытындысы шыққан соң ғана белгілі болмақ. Байқаудан жеңіп шыққан авторлық жұмыстар қоғам талқысына ұсынылса жөн болар еді. Себебі болашақ үшін жасалып жатқан маңызды дүниенің қашанда «жеті рет өлшеніп, бір рет кесілгені» дұрыс деген ойдамыз.