Енді Ресей біліміне бет бұрамыз ба?
Енді Ресей біліміне бет бұрамыз ба?
© коллаж: Елдар Қаба
285
оқылды
Үкіметке «Болашақ» бағдарла­ма­сының бағытын өзгертіп, білім беру жүйесін қайта қарастыру тапсырылды. Өйткені бұған дейін эко­­номистер, заңгер­лер мен менед­­жерлер секілді мамандарды оқыту үшін шекара сыр­тына көптеп шы­ғардық. Ендігі жерде техника са­ла­сына да көңіл бөлетін уақыт жет­­кенін айтқан Президент сту­дент­терді Ресейде оқытуға ша­қырды. Алайда Ресейдің жоғары оқу орын­да­рындағы білім сапасы қандай? Бұған дейін білім басшысы Асхат Аймағамбетов сыртқа кететін талап­керлер саны соңғы жылдары азайып, шетелге кету тенденциясының төмендеп келе жатқанын айтқан еді. Оның үстіне, шекара асып, ше­телге оқуға кеткендер отандық оқу орын­дарына жаппай оралып жатыр. Мәселен, 2018 жылдың қаңта­рында 7 000-ға жуық қазақстандық студент қалған білімін Қазақстанда жал­ғас­тыруға өтініш беріпті. Соның ішінде 6 077 студент ре­сейлік оқу орнында оқитын қазақстандық. 2020 жылы шетелдік жоғары оқу орнында өз бетінше оқып жүрген 15 мыңға жуық қазақстандық студент отандық жоғары оқу орнына ауысуға ниет білдірген. Ал былтырғы оқу жы­лында шекара асып, өз бетінше білім іздеген 11 мыңнан астам қазақстандық еліміздің ЖОО-на ауысты. Олардың көп­шілігі тағы да сол Ресей университетінен келгендер. Сондай-ақ қайта қазығын тап­қандар арасында АҚШ, Қытай, Франция, Мажарстан, Чехия, Польша, Түркия университеттерінде оқы­ған, бірақ Қазақстанда оқуын жалғастыруға шешім қабылдаған студенттер де бар. Мысалы, 2021 жылдың оқу жылында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­вер­­ситетіне Ресейден – 13, Франциядан бір студент ақылы бөлімге ауысып кел­ген. Олардың көбі университеттің Ме­ха­ника-математика, Биология және био­тех­но­логия, Құқықтану факультетіне түскен. Ал Қазақ ұлттық қыздар педаго­гикалық университеті жаңа оқу жылында ауысу тәртібі негізінде 73 студент қа­былдапты. Олардың барлығы Ресейден келген қа­зақ­стандық студент. Универси­тет­­тің Акаде­миялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Қымбат Бала­жано­ва шетелдік оқу орындарынан кел­гендер көбінесе бастауыш сынып мұ­ғалімі, психология, шет тілдері, физика, информатика, мек­тепке дейінгі тәрбие мамандықтары бойын­ша ауысқанын айтады. Ауысып келген студенттердің көпшілігі отандық білім орындарына қайтуын өз еліміздегі білімнің көш ілгері екенімен түсіндірген. Ресейден келген студенттердің өздеріне сол жердің ма­ман­дары кейбір мамандықтар бойынша білім Ресейге қарағанда Қазақ­станда жоғары екенін айтқан. Шетелдік оқу ор­ны­нан ауысып келген Әлжан есімді студент еліміздің білімі өзге елдермен салыстырғанда артық болмаса, кем емес екеніне көз жеткізген. Сондай-ақ ресей­лік Новосібір мемлекеттік универси­те­тінің Білім беру басқармасының бас­шысы Евгений Сагайдак бұған дейін талай рет қазақстандық студенттердің өз елінде білім алып, өз еліне қызмет ет­кенін құп­тай­тынын айтқан да болатын. Оның пікі­рін­ше, екі елдегі білім бірдей болса, та­лант­ты жас­тардың өз елінде білімін жал­ғас­тырғаны әлдеқайда тиімді екен.

Білім беру жүйесі ұқсас

ҰҒА академигі Кәрімбек Құрманалиев техникалық мамандықтарға баса мән беру дегенді грантты көбейту арқылы іске асыру дегенге келіспейтінін жеткізді. Оның пікірінше, гранттан бұрын мем­ле­кеттік тапсырысты орналастыру тәртібіне өзгеріс енгізу керек. «Қазір министрлік грант санын 6 мыңға арттыру туралы ай­тып жатыр. Ол грант санын арт­тырған­мен, мәселені шешу мүмкін емес. Тех­ни­калық мамандықтарға дайындау үшін алдымен мемлекеттік тапсырысты орна­ластыру тәртібіне өзгеріс енгізу керек. Өйткені оқу бітіріп келген студенттер қандай өндіріс ошақтарына баратынын анықтап алу қажет. Ол үшін осыған дейін қолданылып келе жатқан шикілікке ұрындыратын, ойдан жобалап есеп беру жүйесін түбімен жойған абзал», – дейді ол. Негізінде техникалық білім алуда елі­мізде Ресейдің мықты университеттерінің фи­лиалдарын ашуды қолдайтынын жет­кізді. «Шетелде білім алмаса, шетте қа­лып қала­мыз деген бос сөз» деген тәуелсіз білім са­рап­шысы «Көрші елдің техни­калық білім беру жүйесі өзімізге жақын. Екін­ші­ден, мұнай мен газ салаларында Ресейдің техникалық университеттерінен артық дайындайтын оқу орындарын көріп тұрған жоқпын. Әйтпесе, мұхит асып, шетелде оқып келіп жатқандардың білімін де көріп жатырмыз. Соңғы жыл­дары Еуропа мен АҚШ секілді елдердің білім жүйесіне қызығушылық артқан»,– дейді Кәрімбек Құрманалиев.

Батыстан да табуға болады

Ауыл шаруашылығы министрлігінің экс-вице-министрі болған Марат Толыбаев бұл пікірмен мүлдем келіспейді. Оның ойынша, жастардың білім алуы үшін АҚШ, Еуропа, Оңтүстік-Шығыс Азияға жіберу керек. Онда олар білім алып қана қоймай, бостандық пен тәуелсіз ойлы азамат болып қалыптасуына септігін тигізеді екен. Сондықтан ол қазақ­стандық білім алушы жастардың Ресей, Беларусь секілді диктаторлық елдерге жіберуге қар­сы екенін айтады. «Президентіміздің көте­ріп отырған мәселесі өте орынды. Бірақ Ресейге оқы­ту дегенге келіспейтін тұста­рым бар. Еуропаға жиі барып тұрамын. Әлемде соғыс болып жатса, Ресей әрқашан дик­таторларды қолдайды. Ол елде білім алып жатқан жастардың ой-өрісіне бұл үлкен ықпал етеді. Ал Еуропа мен АҚШ, Сингапур, Оңтүстік Корея секілді техника жағынан дамыған елдерде білім алсақ, адаспаймыз. Ол елдердің білімі мен техника тілі Ресейден кем емес, үздік тех­но­логиялық компаниялар сол елдер­дің ен­шісінде. Бұдан басқа, батыстың білімі­мен сусындаған жастар тәуелсіз ойлы, өзін­дік пікірі қалыптасқан маман болып келеді. Бірақ ресейлік техникалық универ­ситеттердің бөлімшесін ашып, техни­калық жағынан мықты профессор­лары келіп білім берсе, ол жағы құптар­лық іс», – дейді Марат Толыбаев. Соны­мен бірге ол эко­номикаға қандай маман­дық керек екенін мемлекет шешу дегенді өзгерткен жөн дейді. Яғни, техникалық мамандықтар керек десе, университет­тердің барлығы техникаға жаппай көшуі дұрыс емес. Заңгерлер керек десе, заңгер болып кету көкейге қонымсыз. Маман­дық­қа сұраныс­ты бизнес шешеді. Солар­дың сұранысы бойынша мамандық таңдалуы тиіс.

Бесінші жыл көңіл көншітпеген

Алматы қаласындағы жұмыспен қамту орталығының мамандары дәл қазір құрылыс мамандарына, оның ішінде жүкші, аула сыпырушы, мұ­ғалім және тәрбиешінің көмекшісі секіл­ді маман­дарға сұраныс барын айтып отыр. Ал Нұр-Сұлтан қаласында құрылыс саласы­на инженер-сметашы, учаскенің элек­тригі, прораб, шебер, тас қалаушы, ар­матурашы, бетоншы және дәнекерлеуші, инженер, ӨТБ инженері, инженер-энергетиктер керек. Сауда саласында наубайшы мен кондитерлерге сұраныс ар­тып келеді. Кө­лік және қоймалау сала­сына жүргізушілер, инженер-механик, автоэлектрик пен авто­механиктер же­тіспейді. Өндіріске тоқу жабдықтары мен тігін жабдығының опера­торлары, құрастырушы керек. Осы жылдар ішінде «Болашақ» бағ­дарламасы бойынша әлемнің үздік жоғары оқу орнында барлығы 11 467 адам даяр­ланыпты. Соның ішінде Ресей Федера­циясында техникалық бағыт бойынша 250 адам білім алған. Жөн-ақ, техника ма­мандарына жұмыс берушілер тарапынан сұраныс жоғары. Бағдарлама грантын көбейтіп, көрші елге білім алуға жастарды жіберуді қолға алармыз. Алайда көрші елдегі білімнің сапасын да сарап­тап көргеннің артығы болмас. Өйткені білімі бізден көш ілгері делінген көрші­міздің ең үздік жоғары оқу орны ММУ әлемдік рей­тингте 100-ден 97-орында тұр. Оның үс­тіне, былтыр алтыншы жыл сайынғы зерт­теудің таныстырылымында спикерлер Ресей университеттерінің студенттері елдегі білім беру сапасына дән риза емес екенін айтты. «Типтік та­лап­кер» жобасы­ның жетекшісі Владислав Белый атап өт­кендей, жоба қатысу­шы­лары қалдырған егжей-тегжейлі пікі­лерге сәйкес, жоғары оқу орындарындағы білімге бесінші жыл қатарынан қанағат­танбаған студенттер са­нының өсуі бай­қалған. Ал білім сапа­сына қанағаттанған студенттердің өсуі бай­қалған жоғары оқу орындарының жал­ғыз түрі – педагоги­калық жоғары оқу орын­дары. Сондай-ақ ол ресейлік жоғары оқу орындарында па­ра­қорлық та барын жасырмады. Сапасы бізден жоғары екенін саралап, сан мыңдаған жастарды көрші елдің оқу орнына берерміз. Бірақ сапалы біліммен бірге жемқорлықты көріп келген шетел­дік студенттердің елге еңбек етеріне ер­тең сенімді бола аламыз ба?