Бес қабатты үй өртеніп кете жаздаған
Жаппай тәртіпсіздік күні Тараз қаласындағы «Технодом» мен «Эврика» дүкендер желісіне шабуыл жасалған. «Эврика» дүкенінің директоры Дмитрий Пактың айтуынша, 6 қаңтарға қараған түні қоймаларына ұрылар түсіп, жалпы сомасы 18 миллион теңге болатын тауарларын қолды қылған. – Біз бейнежазбаны құқық қорғау органдары қызметкерлеріне бердік. Қазір олар бұл жайтты тексеріп жатыр. 126 техника ұрланды, оның ішінде ұялы телефондар мен кішігірім техникалық тауарлар да бар. Қойма жекеменшік күзет компаниясының қорғауында болатын. Бірақ желінің болмауына байланысты оларға дабыл түспеген. Таныстарымның бірі байқап қалып ескертпесе, тоналып жатқанымызды білмей де қалады екенбіз. Әуелі оқиға орнына дүкеннің қауіпсіздік қызметі жетті. Біз барғанда ұрылар тауарларды алып қашып жатты. Кейбірін көшеде жолай тастап кетті. Ешкімді ұстай алмадық. Із суытып үлгерді. Бейнежазбаға қарасақ, ұрылар төртеу болған сияқты. Алайда нақты қанша болғанын құзырлы органдар анықтайды. Ал ең қорқыныштысы, ұрылар қойманы өртеп жібермек болған. Дер кезінде сөндіріп үлгердік. Бір-екі қорап енді тұтана бастағанда келдік. Біз бес қабатты үйдің бірінші қабатында орналасқандықтан, өрттен үстіміздегі пәтерлер де жапа шегуі мүмкін еді, – дейді Дмитрий Пак.«Күшіміз бірлікте» екенін көрсететін кез жетті!
Жасыратыны жоқ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жапа шеккен кәсіпкерлерге көмек көрсетілетінін бірінші күннен айтты. Алайда араға екі жеті салып барып бизнесмендердің зардап шеккендерін айтып жатқандары көп нәрсені қиындатуы мүмкін. Олай дейтініміз – арнайы комиссия құрылып, бағалаушы компания есеп-қисабын шығарамын дегенше тағы уақыт өткелі тұр. Жергілікті биліктің «Үкіметке құжаттарын тез жіберу керек» деп шырылдауының сыры осында жатыр. Қазір Тараз қаласындағы кәсіпкерлер «Күшіміз бірлікте!» атты акцияны бастап кетті. Бастама аясында ірі сауда орындары тауарларын базардағы бағадан да арзан сатуда. Осылайша олар қиын-қыстау кезеңде жұдырықша жұмылған бірліктерін көрсетіп жатыр. Ендеше Үкімет те күшіміз бірлікте екенін танытып, зардап шеккен әрбір кәсіпкерді қолдаусыз қалдырмайды деп сенеміз.Жамбыл облысы