Алпауыт қор ұлт үмітін ақтады ма?
Алпауыт қор ұлт үмітін ақтады ма?
381
оқылды
Орталық Азияда теңдесі жоқ алпауыт – «Самұрық-Қазына» қоры бүгінде безгек ұстағандай «қал­ты­рауда». Қарапайым адамдардың үш ұйықтаса түсіне кірмейтіндей мол жа­лақы алып келген топ-менед­жер­лері топ-топ болып, тағынан тайып, жұмыссыздар сапын толтырып жа­тыр. Орнында қалған басшылардың да көңілі сынық: алда реформалардың ауыр сынағы күтіп тұр. Ұлттың әл-ау­қатын көтереді деген ұлттық қор жұрттың үмітін, Президенттің сенімін ақтамады. Ендігі тағдыры не болмақ?

Күнгейді емес, көлеңкені сүйетін...

Ел Үкіметінің 2006 жылғы 15 сәуірдегі қаулысымен «Қазына» тұрақты даму қоры құрылды. Оның тізгіні «ортақ тұрақты даму қорын құру бастамасының авторы» ретінде Қайрат Келімбетовке табысталды. Соның алдында «Самұрық» қазақстандық холдингі» атты қор түңлігін жаңадан түрді. Оның алғашқы басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев, ал оның орынбасары Тимур Құлыбаев болды. Қос апайтөс ұйымның міндеті – ме­мак­тивтерді корпоративтік түрде басқару­дың сапасын халықаралық деңгейге кө­теру еді. Бұл кез – Қазақстан әлемдегі бә­секеге қабілетті 50 елдің қатарына кіру мақсатын қойған шақ болатын. Сол кезде Үкіметтегілер бұл қадамды мемаппарат жұмысының сапасын көтеру қажеттігімен түсіндірді: онсыз озық елулікке ел қосыла алмайды. Оған дейін ұлттық компанияларды са­лалық министрліктер, яғни шенеуніктер басқаратын. Енді оның орнына топ-менеджерлер келді. Алғашқы жанжалдар да қаулады: қоғам Қауіпсіздік Кеңесінің отырысынан «Қазақтелеком» басшылығы бір күнде 13 мың доллар, ал айына 45 миллион теңгеден жалақы алып келгенін естіп, естен тана жаздады. 2007 жылы Үкімет «Қазына» мен «Самұрыққа» инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін 650,4 миллиард теңге бөлген, кейін ол инвест-жобалардың бір­де-бірінің жобалау-сметалық құжаттамасы жоқ екені әшкереленді. Ұлттық компания­лар бюджеттік миллиардтарды банктердегі депозиттерге салып қойып, ел экономи­касын «қыздырған», аста-төк айлық, сыйақы мен бонустарға шығындаған. ІІІ шақырылымдағы Мәжіліс «2006 жылғы 1 желтоқсанға дейін мемлекеттік ак­тивтерді басқару бағытындағы Үкіметтің қызметін тексеру туралы» арнайы қаулы қабылдады. Бұл жұмысқа палатаның Эко­номикалық реформа және аймақтық даму комитеті басшылық жасады. Бірақ ол би­ліктегілердің қысымы мен түрлі тосқауыл­да­рына тап болып, дегеніне жете алмады. Оған дейін ІІ сайланымдағы Парламенттің де арнайы топ құрып, осы былыққан «ну ор­манды» зерттемек болғаны ойға ора­лады. Сонда депутат Исахан Әлімжанов бастаған парламенттік топ Үкіметтен бірде-бір (!) құжат ала алмады... «Самұрық-Қазына» қызметінде кө­леңкелі тұстар көп екенін сарапшылар әлі күнге айтып келеді.

«Арық айтып, семіз шығуы» керек еді

Бытыраған ұлттық компаниялардың бәрінің басын бір жерде топтастыру идеясы үстем болып, 2008 жылы аталған қос алпауыттың бірігуінен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры дүниеге келді. Салыстыра кетсек, «Самұрыққа» 22 ұлттық компания ғана кірген болатын. Сондай-ақ о баста «Қазынаның» қаржылық портфелі 1 миллиард доллар болған, «Самұрықтың» «қоржынындағы» активі бұдан жеті еседей асып түсті. Бірақ ол екеуі де жаңа қордың қолына су құя алмайды: 2017 жылы Рейтер агенттігі «Самұрық-Қазынаның» шамамен 67 миллиард доллар тұратын активтерді басқаратынын хабарлады. СҚ сайтында қазір қордың активі 69 млрд долларға жеткені көрсетілген. Яғни, ұлт байлығын сонша еселей алмағаны аңғарылады. Әйтпесе, Қазақстанның барлық негізгі компаниясы осы қор құрамында. Қор компанияларының жиынтық активтері ел ЖІӨ-інің 60%-ын құрайды. «Самұрық-Қазына» АҚ цифрландыру және трансформациялау жөніндегі бұрынғы басқарушы директоры Дәурен Керейбаевтың айтуынша, 2013 жылы қолға алынған СҚ қорын трансформа­циялау бағдарламасы Малайзияның Khazanah, Сингапурдың Temasek және Біріккен Араб Әмірліктерінің Mubadala секілді жаһандық жетекші қорларының трансформациялану тәжірибесіне негіз­делді. Яғни, қорды қалай дамытуға бола­ты­нының нақты үлгісі, даңғыл жолы бар. Мысалы, Малайзияның Khazanah (қазы­на) ұлттық әл-ауқат қоры бірнеше жыл ішінде экономикалық шығынды, пассивті холдингтік компаниядан өңірлік лидер-компанияларды шығаратын алып ин­кубаторға, бүкіл елдегі трансформацияның катализаторына айналып шыға келді. 2004 жылы трансформацияға кіріскенде, Khazanah портфелі 51 млрд долларды ғана құрапты. Артынша бұл көрсеткіш 121 миллиард долларға жеткен. Әрине, «Самұрық-Қазына» қорының да мемлекетке келтірген пайдасы бар. Қор, көбінесе нарықта мұнай бағасы құлдыра­ғанда, әлемді дағдарыс басқанда, елде девальвация болғанда банктер мен қаржы секторына қолдау көрсету, экономиканы тұрақтандыру бойынша Үкімет жүктеген міндеттерді ойдағыдай орындады. Ел басшылығының тапсырмасымен, әр алуан спорт түрлерін, 2020 жылы тара­тылғанға дейін «Астана» президенттік кәсіби спорт клубын қаржыландырды. Спорт сарайларын салды. Қайырымдылық іспен айналысты. 2012-2017 жылдары қор мен оның портфельдік компаниялары бірқатар өндірістік объектіні іске қосты, Индустрияландыру бағдарламасын орын­дады, сондай-ақ әлеуметтік ірі жобалар мен нысандар құрылысын жүзеге асырды. Пан­демия кезінде «Самұрық-Қазына» Ұлттық қорға 100 млрд-тан астам теңге құйды.

Оңдысынан олқы тұсы көп пе?

Дегенмен сарапшылардың байламын­ша, әл-ауқат қорының жұмысы кемшілікке толы. Оның инвестпортфелі тек Қазақстан экономикасында шоғырланған, шетелдік активтері елге лайықты табыс әкелмеді. Қор әлі күнге мұнай, газ, тау-кен өндірісі секілді шикізат нарықтарына тәуелді және жеткілікті түрде әртараптандырылмаған. Бұл қор үшін де, жалпы ел экономикасы үшін де тәуекелдерді арттыра түсті. Мәжіліс депутаттарының дерегінше, СҚ мемлекетке төлейтін дивиденд оның инвестжобаларына бюджеттен бағыт­та­латын қаражаттан бірнеше есе аз: мысалы, 2019 жылы «Самұрық-Қазына» бюджетке 120 млрд теңге дивиденд төледі, сонымен бір­ге оның таза табысы 1,4 трлн теңгеге жеткен. Депутат А.Жамалов қордың ше­телден шектен тыс қарыз алып келгенін, оның қазіргі борышы 7,5 трлн теңгеден асып кеткенін айтады. қор Самұрық-Қазына СҚ қызметіне жүргізілген кең ауқымды талдау оның көптеген әлсіз жағын анық­тады. Бірінші кемшілігі – сыртқы фак­торларға уақытылы ден қоймайды. Екін­шіден, портфельдік компанияларының операциялық қызметі, ірі инвестициялық жобалары тиімсіз. Үшіншіден, топқа кіретін компаниялардың құнсыздануы салдарынан борыштық жүктемесі артып барады. Салдарынан оларды ІРО-ға шығару кейінге қалдырылып келді. Төртіншіден, қор акционерінің әлеу­меттік және коммерциялық талаптарының қайшылығы анықталған. Бесіншіден, активтер портфелін селқос басқару, ком­мерциялық пайда мәселелеріне жете көңіл бөлмеу секілді кеселдері әшкереленген. Бұл олқылықтар СҚ-ның 2028 жылға дейінгі даму стратегиясында да айтылған. 2020 жылы жаһандық пандемия бас­талғанда «Самұрық-Қазына» қалыптасқан күрделі ахуалға тез бейімделіп, елдің дағ­дарысты тез еңсеруіне септігін тигізетін экономиканың негізгі драйверіне айналуы тиіс еді. Олай болмады. Бұқара да, бизнес те ұзаққа созылған дағдарыстан, ұлттық валютаның үздіксіз девальвациясынан және карантин шектеулерінен ыңыршағы айналған күйге жетті. Ақыр соңында 2022 жылғы 11 қаңтарда Мәжілістегі отырыстағы сөзінде Прези­дент Қ.Тоқаев қор қызметінің тиімділігі сұрақ тудыратынын мәлімдеді: «Қомақты жа­лақы алатын қызметкерлері, дирек­торлар кеңесі немен айналысады? Қызметі өте қымбат консалтинг компанияларын және шетелдік мамандарды жұмысқа тарт­қаннан пайда бар ма?» деп сауал тастаған ол Үкіметке «Самұрық-Қазына» мен бүкіл квазимемлекеттік секторды түбегейлі реформалау үшін ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Ал 25 қаңтарда «Самұрық-Қазына» реформалау жоспарын жария етті. Құжатта қордың компанияларындағы бизнес-процестер мен корпоративтік басқару тәжірибелерін реформалаудың нақты шаралары жазылған. СҚ жемқорлықтан арылуға, сатып алулар жүйесін айқын ету­ге (бір көзден сатып алуға негіз болатын фак­торлар қысқартылған), отандық биз­несті қолдауға басымдық беруге (қа­зақстандық тауарларды сатып алу үлесін қазіргі 78%-дан 85%-ға дейін өсіруге), халық алдында есеп беруге, қордың және компанияларының корпоративтік әлеу­меттік жауапкершілігін арттыруға уәде етеді. Жоспарда осы бағытта қабылданатын жүйелі шаралар көрсетілген. Үкімет тапсырмасымен қор жаңа салаларды, импорт алмастырушы жаңа өндірістерді дамытатын инвестжобаларды іске қосуға ниетті.

Қор жұмыссыздар армиясын толықтырды

«Самұрық-Қазына» тобының диви­дендтік, инвестициялық және кадрлық саясаты өзгеруде. Соңғы бағыты қазірден қарқын алды. Оның қызметкерлерінің саны 2 есе қысқармақ. Қор қызметкерлері бұған наразылық білдіріп, қызметтен жаппай босатуды «ойластырылмаған, асығыс қабылданған шешім» ретінде жою­ды талап етуде. Олардың көбі өз істерін адал атқарғанын, бірақ қоғамдық пікір мұ­ның байыбына бармай, бәрін бірдей «жемқор» қатарына қоса салғанын айтып, налиды. Қордың еншілес компания­ла­рының қызметкерлері әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев­ке шағым жазды. Жұмысынан қуылғандар салмақты негізсіз жаппай қысқарту нау­қаны, әсіресе Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарындағы өнді­рістік компанияларда әлеуметтік кернеу тудырады деген пікірде. Бірақ қор басшысы өзге түгіл, өз басын қорғай алмайтын халде. Ел Президенті Қ.Тоқаев ірі бизнес өкілдерімен кездесуде А.Сәтқалиевке «жүктелген міндетті атқара алмаса, өзі де, қор да бірге кететінін» қатаң ескерткенін мәлім етті. «Самұрық-Қазына» қызметкерлерінің саны екі есе, яғни 248-ден 124-ке дейін, ал басқарушы қызметтер саны 10-нан 5-ке дейін қысқарады. Құрылымдық бөлімдер саны 27-ден 18-ге (33%-ға) азайтылады. Портфельдік компанияларға да корпора­тив­тік орталық қызметкерлерінің санын 2 есе қысқарту жүктелген. «Кеңесші» қыз­меттері жойылды. Қордың шетелдегі өкіл­­діктерін жабу туралы шешім қабыл­данды. «Самұрық-Қазынаның» 9 басқарушы директоры – Ерлан Дүрмағамбетов, Болат Ақшолақов, Ержан Тұтқышев, Дәурен Керейбаев, Ләззат Боранқұлова, Андрей Кравченко, Мұхтар Манкеев, Мұхтар Тәжіғалиев, Бектенбай Есполов жазған арыздарының негізінде қызметтерінен кетті. Бұдан бөлек, басқа да топ-менед­жерлер орынтағынан ауып қалуда. «Қоржын» компанияларға тендерге жауапты барлық басшыларды, сондай-ақ қорға өз қарекеттерімен репутациялық және жемқорлық қаупін төндіретін барлық қызметкерді қызметтен босатуға кеңес берілді. «Қысқарту» қайшысы іске қосыл­ды: «ҚазМұнайГаз» – 78 адамды, «Қазақ­стан Темір жолы» 32 адамды жұмыстан кетіретінін жариялады. Корпоративтік орталыққа жұмыс істеп келген аутстаф­финг­тің 71 қызметкері тегіс босатылды. «Қысқату туралы шешім қабылдамас бұрын, бюрократиялық жүктемені жою мақсатында құрылым мен штатқа талдау жүргізілді. Соның негізінде жаңа ұйым­дастырушылық құрылым түзілді, бизнес-процестер алгоритмі жетілдірілді. Барлық қысқатулар еңбек заңнамасына сәйкес жүргізілуде», – деп сендіреді «Самұрық-Қазына». Бүгінде қоғамда, сарапшылар тобында «Самұрық-Қазынаның» алдағы тағдырына қатысты қызу пікірталас жүріп жатыр. Идеялар да әрқилы. Әзірге қордағы тү­бегейлі реформалардың неге соқтыратыны белгісіз. Бір белгілісі, егер жаңғырудан оң нәтиже шықпаса, ел мен экономикаға қа­жет­тілігін паш ете алмаса, бұл алпауыт қор­дың өзі жойылып, тарих қойнауына жол тартады.