Былтыр Татарстан астанасы Қазан қаласында мектепке шабуыл жасалып, бірнеше адам қаза тапты. 20-дан астам адам жарақат алды. Екі қанішер ғимарат ішіне кіріп, оқ жаудырған. Осыдан кейін жер-жерде оқу орындарында күзетті қатаңдату туралы айтылып, жедел шаралар қолданыла бастады. Қазақстанда да күзетті күшейту туралы жиындар ұйымдастырылды. Содан бері бір жылдай өтті...
Интернетті бір сүзіп шықсаңыз, түрлі жайттарға тап боласыз. Мектепте төбелес, бала зорлау... Осыдан кейін өскелең ұрпақтың, атап айтқанда білім ордаларының қауіпсіздігін ойламағанда қайтесің. Ресми деректерге сүйенсек, елімізде 7 228 мектеп болса, оның жартысы ғана дабыл жүйесімен жабдықталған. 400-ден астам мектеп қана мамандандырылған күзетпен қамтамасыз етілген. Ал қалғандарында ескі әдіс – күзетші мен вахтер ғана күзетеді.
– Білім беру ұйымдарында қауіпсіз орта қалыптастыру мақсатында арнайы күзет енгізілді. Бүгінде күзет компанияларымен оқушылар саны 500-ден астам 282 білім беру ұйымдарында келісімшарт жасалған. Оқу орнының барлығында дабыл түймесі мен ескерту жүйесі бар. 265 білім беру ұйымы турникетпен жабдықталған. Облыс мектептеріне 19 837 бейнебақылау камерасы орнатылса, оның белгіленген талаптарға сай келетін 26,5 пайызы ішкі істер органдарының орталық ұйымдарына тіркелген, – дейді Қарағанды облыстық Білім беру басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова.
Облыстағы білім беру мекемелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жүйелі жұмыстардың атқарылып жатқанынан хабардар болғанымызбен, күзет мәселесінде олқылықтар жоқ емес. Былтыр Қазан қаласындағы мектептегі оқиғадан кейін балалардың қауіпсіздігіне қатысты қабылданған шаралар аймақ басшысы Жеңіс Қасымбектің төрағалығымен өткен кеңесте талқыланған болатын. Осы кездесуде «Қазандағы қайғылы оқиға балалар мен білім беру нысандарының қылмыстан қорғалмағанын көрсетті. Жағдайды жақсарту үшін барлық жүйелермен бірігіп, әрекет етудің мәні зор. Ол жүйелер – полиция, Білім беру, Денсаулық сақтау басқармалары, қамқоршылық және қорғаншылық ұйымдары, әлеуметтік қорғау, мәдениет және спорт, әкімдіктер. Басты мақсат – балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау», – деп атап өтті облыс әкімі.
Осы мақсатта Білім басқармасы құқық қорғау органдарымен бірлесіп, Қарағанды облысының білім беру ұйымдарында білім беру процесіне қатысушылардың кешенді қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі 2021-2024 жылдарға арналған Жол картасын әзірледі.
Алайда қала мектептерінің көбінде күзетте орта жастан асқан немесе зейнет жасындағы адамдар жүр. Қолында қару түгілі байланыс аппараты жоқ үлкендердің айбары үстіндегі «Күзет» деп жазылған арнайы киімі ғана. Тіпті, 60-ты алқымдаған ата мен апа да күзетте отырады. «Кезінде бар күш-жігерін еңбекпен еңсерген қарттар бүгінде қайраты кеміп, күші азайған қауқарсыз тұста кімге қорған болады?» деген сұрақ еріксіз мазалайды. Мүмкін бірі балаларыма көмек болсын десе, енді бірі еңбекпен есейіп, біте қайнасып кеткеннен кейін қол қусырып, үйде отыра алмады ма екен деген ойға қаласың. Әйтпесе, тепсе темір үзетін дәурен бастан көшкелі қашан бұл кісілерден.
«Алатын азғантай зейнетақыма демеу болсын деп отырмын. Мазасыз ештеңесі жоқ. Кірген-шыққанға қарап күні бойы уақытыңды өткізесің. Айлығы 60 мың теңге. Үйде бос отырғанда не істеймін?! Бір мезгіл болса да көңілім бөлінеді», – деді Рабиға апай.
Есек дәмемен «қаруыңыз бар ма?» деп сұрап қалдым. Апам алдымен күліп алды. «Жоқ, айналайын. Оны кім береді маған? Берген күннің өзінде қолдана алмаймын. Әйтсе де, бір жөні болар» деп ойланып қалды. «Рас-ау, қартайған адамның қолына тапанша ұстата салмайды ғой. Тек арзан жұмыс күші ретінде қызмет көрсетіп отыр апамыз», – дейді әріптесіміз Сағыныш Әбіл.
Жалпы, кез келген білім беру орындары есігінің күзетінде егде адамдарды жиі кездестіреміз. Себебі жалақысы төмен күзет қызметіне жастар аттап баспайды. Зейнет жасына жете алмай немесе зейнетақысына үстеме болсын деп жүргендер үшін күзетшілік – күнкөріс көзі. Айлығына қарап «қадірсіз» мамандық десек те, азғантай ақшаны талғажу етіп отырғандар қаншама.
Былтырғы жылы облыс әкімімен болған кеңесте қаралған «Аймақтағы бала қауіпсіздігі мәселесі, білім беру мекемелеріндегі күзет орындалысы қалай болып жатыр?» деген сұраққа облыстық Білім басқармасының материалдық-техникалық база бөлімінің басшысы Серікбол Дауылбайұлынан:
– Қаңтардан Білім басқармасы конкурс жариялады. Соған сәйкес, бірыңғай техникалық ерекшеліктерді әзірлеп, күзетшілікке алынатын адам ер-азамат болуы тиіс және зейнет жасында болмауы керегін көрсеттік. Бірақ конкурс өтпеді. Еңбек кодексі бойынша біз жоғарыдағы ерекшелікті жаза алмайды екенбіз. Күзет қызметін ұсынатын фирмалармен келіссөз жүргізгенде, олардың қызмет көрсетуге жіберген адамдарының жасы сай емес екенін, әрі қауіпсіздік құрал-жабдықтарының жоқ екенін айтқан болатынбыз. Қазір конкурсты қайта жарияладық, жоғарыдағы міндеттемені алып тастадық. Мемлекеттік мекеме болғандықтан, заңдылықты сақтай отырып, осылай істеуімізге тура келді,– деген жауап алдық.
Мемлекеттік басқарушы органдарды арнайы полиция қызметі күзетеді. Ал мектептердің көбінде баяғыдай мамыражай шұлығын тоқып апамыз, «тыныш жүр-ей» деп айқайлап қойып атамыз отырады. Біз болсақ, әлі жүрміз конкурс өткізіп...