Жастайынан балалар үйін паналап, сонда ержететін жеткіншектер аз емес. Олардың арасында болашақта ана болуы тиіс қыздар да бар. Жетімдіктің ащы дәмін татып өсетін сол қыздар қалай бойжетеді? Балалар үйінен кеткен соң бақытты отбасы құрып, қоғамнан өз орнын таба ала ма? Бұл сауалдар да өзектілігін жойған жоқ.
Өмір ешкімнің маңдайынан өбіп жатпайды. Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырда барлығымыз қолымыздан келгенше алға ұмтыламыз. Бірақ ойлағанның барлығы ойыңдағыдай болып, айы оңынан тумайды. Тағдырдың тартысында жігеріңе жан берер жақындарың, көңілің құлазыса қамшылай алатын қолдаушыларың болса жақсы. Ал жанашыр жақыны, тіреу болар туысы жоқ балалар үйінің тәрбиеленушілері өмірдің келесі бір соқпағынан сағы сынбай өте аларына кепілдік жоқ. Жыл сайын мыңдаған бала жетімдер үйінен үлкен өмірге аттанады. Оңы мен солын енді ғана танып келе жатқан сол мыңдаған жәудіркөз барар жерін, басар тауын тапса жақсы. Мемлекет беретін төрт жылдық тегін баспана уақыты біткен соң бірі жалданып жұмыс істейді. Білім алуға мүмкіндігі болмағандар мен екі қолына бір күрек таба алмағандардың арасында қатал өмірдің қалтарысында қалатыны бар. Ал жаратылысы нәзік қыз балалардың білім алып, қызметке тұруы, аяулы жар атанып, барған жерінде судай сіңіп, тастай батары да бір өзіне ғана байланысты.
Құлдықтағы қыз
Алты жыл бұрын Ақтөбедегі сұмдық жағдай талай жанның көзіне жас үйірді. Балалар үйінен шыққан жетім қызды Ақтөбе облысының Жем қаласындағы малшылар ұзақ уақыт ауылда ұстап, аяусыз зорлап келген. Балалар үйінің тәрбиеленушісі Марал Бұқашева өзін асырап алған малшының қойын баққан. Көңілі қаяу қызды аяғына жыртық аяқкиімді байлап алып, мал соңында жүрген жерінен депутаттар тауып алыпты. Марал туа сала «тастанды» атанған. Жайсаңдағы балалар үйінен 18 жасқа толғаннан кейін шығарып жібереді. Ал қамқорлыққа алған адамдар қызды мал бағатын жерге алып кетеді. Сол күннен бастап қорғансыз қыздың құлдықтағы өмірі басталады. Адам төзгісіз өмір сүрген жас қызды қорлықта ұстағандар өзіне тиесілі жәрдемақыны да өз қалтасына басып отырыпты.
Оған «аурусың» деген...
Біз тілдескен Балым есімді кейіпкеріміз Маралмен тағдырлас. Алғашында өз өмірі туралы тіс жарғысы келмеген ол сәлден соң өзі қоңырау соқты. Басынан өткенін баяндамас бұрын аз-маз күрсініп те алды. 16 жылын құлдықта өткізген келіншекті жұбатуға сөз табу да қиын. «Алматы облысы Жаркент балалар үйінде өстім. Туыстарымды танымаймын. Мені осында тастап кеткен анамның келбеті еміс-еміс есімде қалыпты. «Жақында келіп алып кетемін» дегеннен мол кетті. Қайтып оралмады», – дейді ол. Күн артынан күн, ай соңынан ай өтіп, жылдар жылжып бара жатты. Анасының келмейтінін түсінгенімен, жүрегі туған анасын балалар үйінен түлеп ұшқанша күтумен болыпты. Балым да сол жердегі басқа жетім балалар сияқты тыныш әрі ұялшақ болып өскен.
10 жасқа толғанда балалар үйіндегі психиатрлар «ақыл-ой кемістігі» деген диагноз қояды. «Осындай диагноз қойылған кейбір балаларды психикалық ауруханаға жатқызатын. Қатты қорықтым. Кезекті медициналық тексеруден өтерде тәрбиешілер маған «Психиатрлар қараған кезде өзіңді психикалық ауру сияқты ұстау керексің» деді. Бірақ мен өзіме қойылған сұрақтарға барынша жауап беруге тырыстым. Ал тәрбиешілер мен балалар үйінің директоры менің сөзімді бөле берді. Кейін комиссия бәрібір «психикалық ауру» деп диагноз шығарды. Бұл менің өмірімдегі екінші сынақ еді. Себебі ауру балалардың ешқашан өз құқығы болмайтын. Менің құқығымды маған тағайындалған қамқоршы шешетін», – деп жылап еске алды Балым.
Алты жылдан кейін Балымды балалар үйінің басшылары психоневрологиялық интернатқа ауыстырады. Алайда оны интернатқа емделу үшін емес, ары қарай қамқоршының қолхаты арқылы алып кетіп, жұмыс істеуге мәжбүр етеді. Балымның айтуынша, қамқоршысы өзі өскен балалар үйінің директоры болған. Келген бойда қожайыны мен балаларға қызмет қылған. Ал оның мемлекеттен берілетін ақшасы қамқоршының қалтасына түсіп отырады. Біраз жылдан кейін қожайыны Балымды басқа адамдардың қарауына өткізеді. Олардың да отымен кіріп, күлімен шықса да, бір тиын қолына ұстатпаған. Керісінше, қарсы сөз айтса, апталап жертөледе қамаған кездері де, таяқтың астына алған сәттері де көп болады. Үйден қашып шығып, қамқоршыларының қандай екенін құқық қорғау қызметкерлеріне де жеткізген. Бірақ олар да қамқоршылардың «психикалық ауытқушылығы бар» деген сөзіне сеніп, оларды жауапкершілікке тартқыза алмапты. «Үйге келген соң олардан көресінді көрдім. «Сен жетімсің, аурусың. Сен секілді ауру ешкімге керек емес. Егер қыңырлық таныта берсем, психоневрологиялық интернатқа өткізіп, өмір бойы жындылармен жататынымды айтып қорқытатын. Осылай 16 жыл өмірім өксікпен өтті. Тірі жанға өзімнің сау екенімді айтып сендіре алмадым. Тағдырыма үнсіз көніп жүре беретін бе едім, кім біледі?!», – деп көз жасына ерік берді.
Өмір жолының осыншалықты қиындығына қарамастан болашақтан үміт үзбеген Балым бес жылдан кейін кездейсоқ қайырымдылық қорының еріктісімен кездесіп қалады. Қордың қайырымды жандары Балымға заңгер жалдап, қамқоршыларының үстінен сотқа арыз түсіреді. Қазір жасы 37-ге келген Балым «психикалық ауру» диагнозынан арылып, ешқандай қамқоршы қажет емесін сотта дәлелдей алды. Басынан қанша қиындық өтсе де, өмірдің өзіне арнап қойған жақсы жаңалығынан күдерін үзгісі жоқ. керісінше қазір бала күннен қалған қорқыныштан арылып, білім алып, жұрт қатарлы қызмет етуге құлшынысы жоғары.
Өмірге өкпе жоқ
Екінші кейіпкеріміз – Сымбат Жұлдызбай. Тараз қаласындағы Қабылбек Сырмолдаев атындағы балалар үйінің 2017 жылғы түлегі. Қазір ол тәрбиеленген балалар үйі «Өмірлік қиын жағдайға түскен балаларды қолдау» орталығы деп аталады. Бала күнінен білімге құштар болып өскен Сымбат оқуды бітірген соң мемлекеттік грантпен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің Журналистика факультетіне түскен. 2021 жылы оқуды үздік дипломмен тәмамдап, бүгінде өз мамандығы бойынша қызмет істейді.
«Өмірге өкпем жоқ. Жаратқанның басыма салған тағдырынан қашып құтылу мүмкін емес. Өткенімді емес, болашағымды көп ойлаймын. Бәлкім, ата-анасыз өскен болармыз, бірақ көңіліме қараған жақын жандар көп болды. Тәрбиешілеріміз бар мейірімін беріп өсірді, соның арқасында жаман болған жоқпыз», – деп ағынан жарылды. Ал құрбыларының арасында тұрмысқа шығып, аяулы жар, ардақты ана болып отырғандар да бар екен. «Құрбыларыммен бірге бас қосып, үнемі жиналып отырамыз. Бір-бірімізді қонаққа шақырамыз. Өмірімдегі қиындық десем бе, әлде өткінші сынақ па, білмеймін. Бірақ арман қуып Алматыға келгенде ешкімді танымай, бір-екі апта бөтенсініп, демеп жіберер жақын жандар болмай қиналғаным есімде», – дейді. Оның айтуынша, өзімен бірге тәрбиеленген балалар үйіндегі құрбылары да мемлекет тарапынан қолдау тапқан. Төрт жыл тегін жатақханада, 2019 жылы үй кезегіне тұрыпты. «Бұйырса, осы жылы баспаналы болудан үмітім бар» деп күліп те алды Сымбат.
Балалар үйінде тәрбиеленген екі түрлі адам, екі түрлі тағдыр. Жетімін жылатпайтын, қарындасына қамқор бола алатын қоғам барына қуанасың. Жәудіреген көздің жарасынан жасқанбайтын, қандасына қайырымсыз болатын жандарға қарап жүрек сыздайды.