Қызғаншақ қария
Қызғаншақ қария
600
оқылды
Табан астында ғашық болып қалды. Осы екі кештің арасында. Жүрегі дүрсілдеп, жерде жатқандай, соны көрсе, арайлап, таңы атқандай, көздерін жұмса, рахатқа батқандай... «Махаббат жасқа, алқаш, масқа қарамайды» деген рас‒ау, деймін? Жетпісбай теледидар көріп отырып, шайына шашалып қалды. Балық жеп оырып, қылтығына қақалып қалды. Сосын, орнынан тұрды да, тақиясын жерге атып ұрды да, басына сәнді шляпасын киіп, көршісі Көбентайға барды. Оны оңашалап, жұтынды, қысқасы, жетпістегі қария құтырды. Құрдасым, сырласым, қалай қарай­сың?‒деп сұрады. – Саған қараймын. – Сенен ыңғайсызданып тұрғаным... – Айта бер! – Мен... Мен ғашық болып қалдым. – Кемпіріңнің кеткеніне жыл толмай жатып, кімге ойбай? – Адамға. – Енді ешкіге ғашық болмайтын шығарсың? – Мадамға... – Қандай мадам? – Теледидар көріп отырғанмын. Бірінші арнадан «Бір болайық!» деген бағдарламаны бұрыннан көрем. – Ой, қойшы сол жастардың жыр­тақайын. – Тыңдашы, сондағы Динара деген кейіпкерге ғашық болып қалдым. Мұғалім екен. Өзі сондай сүйкімді. Сенің тауығың туған жұмыртқадай. – Жындысың ба? – Жооқ, саумын. – Кеңкелес сияқтысың ғой? – Кеңкелес те емеспін. ‒Олар жастар, сен жетпістегі шалсың! ‒Асанәлі ағам да, әнші көкем де жас қыздарға үйленді ғой. – Олар атақты адамдар. Сені Қазығұрт­та кім таниды? – Аудан әкімі таниды. Түсінші, қалай ойлайсың, бәйбішемнің жылы жақындап қалды, «Бір болайық!» бағдарламасына қатысып, қызды дайындап қойсам ше? Көршісі ойланып қалды. Иегін қасыды. Желкесін шұқылады. Насыбайын атты, бір кезде жерде шалқасынан жатты. – Неге күліп жатырсың?‒деп сұрады бұл. – Ой, ішегім‒ай, ол қыз сені кірпігіне ілер ме екен? – Қазіргі жастарша айтсам, «сындыра­мын». Көршісі орнынан тұрып, оның қасына жайғасты. Қолын иығына салды. Бір жағы күлкі қысып, быр жағы ойланып қалды. Сосын, сөз бастады. – Негізі, барғаның дұрыс сияқты. Баяғыда тоқсандағы қариялар да жас қыз‒келіншектерге үйленіп, Тоқсанбайларды дүниеге әкелген ғой. Балаларың, келіндерің не дейді? Әке, қатынннан қашпаңыз деп отыр. Ммм. Қашан жүресің? Ертең. Тым асығыс емес пе? Ойбай, жаман қызғанып жүрмін. Бағдарламадағы үміткерлері көп, бір күні тұрмысқа шығып кетсе ше? ‒Олай болса, жолың болсын, бата берейін, қолыңды жай: Еркек деген атың болсын, Жетпісбай деген затың болсын, Алматыға барып қайт, Сол қыз саған қатын болсын! Әумин! Екеуі бет сипасты. Ертеңіне Жетпісбай Алматыға тартты. Түркістан облысы, Қазығұрт ауданының тұрғыны жол‒жөне­кей жымиюмен болды. Бірде Динарасы сиыр сауып жатады. Бұл сиырдың мойнынан құшақтап, келіншегіне қызыға қарайды. Бірде келіншегі есік алдын шаңдатып, сыпырып жатады. Бұл да қосыла сыпырады. Қатарласып. Бірде иығына массаж жасап жатыр. Бірде етпеті­нен жатып, екеуі ет жеп жатыр. Қызық енді. Бірақ, жолы болмады. Бағдарламадағы жастарға мазақ болып қайтты. Динарасы пысқырып та қарамады. Қариялар құтыр­ды. Өздеріне шақ кебіс іздеудің орнына, жас қыздардың туфли­леріне қызықты. Бздің айтайын дегеніміз. Бүгінде телеарналар тәлтіректей бастады. Рейтинг үшін неше түрлі бағдарламалар ашып, жастардың, жасөспірімдердің тәрбиесіне тұз себе бастады. Бұл туралы қаншама рет жазылып жатса да, арнаның «ақылды» басшылары былк етер емес. «КТК» арнасындағы «Астарлы ақиқаты» болсын, «Қалаулымы» болсын, бірінші арнадағы «Бір болайығы» болсын, еш қызығы жоқ, не, майлы шұжығы жоқ, тәрбиеден жұрдай, кейіпкерлері ар‒ ұяттан тырдай, күлді‒бадам бірдеңе. Қазығұрттан келген қызғаншақ қарияны бағдарлама басшы­лары «Сізге ұят боладыны» айтып, кері қайтарып жіберуге болар еді. Бірақ олар қуана қарсы алды. Өйткені, рей­тинг,рейтинг!Ашыған айрандай болған арналар, қайда барасыңдар?

Ақмарал ӘБДІРАМАНОВА