Қарағанды облысында қоғамдық көліктерге 200 жүргізуші жетіспейді
Қарағанды облысында қоғамдық көліктерге 200 жүргізуші жетіспейді
249
оқылды

Бұған қоса, тұрғындар автобустың тиісті уақыттан кешігіп келуі мен сапасыз қызмет көрсетуіне, санитарлық нормалардың сақталмайтынына наразы. Мәселені аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек те мойындап отыр. Ал авторпарк иелері қаржыландыру көлемін ұлғайтса ғана бұл мәселе шешілетініне сенімді. Бірақ әкімдіктегілер қойылған талаптарды автопарк иелері орындаса ғана субсидияны арттыратындарын айтады, - 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық агенттігі. 

Облыста қоғамдық көліктердің 49 пайызы ескірген. Қазір бір Қарағандының 447 қоғамдық көлігінің 300-і ғана желіде қызмет көрсетеді. Ал қалған жүзден астам автобусқа 200-ге жуық жүргізуші тапшы. Қордаланған бұл мәселелердің барлығы қаладағы қоғамдық көліктерге қатысты халықтың наразылығын күшейткен.
"Жүргізушілер жетіспеушілігі бар. Яғни жүргізушілер тапшылығынан біраз автобустар автопарктерде тұр. Сол да әсер етеді, автобустар толық құрамда маршруттарға шықпайды. Соның есебінен бізде қозғалыс интервалы да жоғары", - деді Қарағанды қаласы жолаушыларды тасымалдау бөлімінің бас маманы Темірлан Талдыбаев.
Автопарк иелері болса субсидияның көлемін арттырған күнде ішкі мәселені шешетіндерін айтады. Ал әкімдіктегілер, тұрғындардың талабы орындалмайынша, автопарктерді қаржыландыру көлемін көбейте алмайтындарын жеткізді. Жыл сайын облыстың әр қаласындағы автопарктерге 3,5 миллиард субсидия бөлініп отырады. Ал биыл жарты жылға 1,5 миллиард теңге қарастырып отыр.