Әнші Мақпал Жүнісованың иіліп, Мұхамеджан Тазабектің қолын ұстап тұрған суреті әлеуметтік желіде лезде тарап, ел ішінде түрлі пікірлер туа бастады. Тіпті, “Мұхамеджан пір боп кеткен бе, неге үлкен кісі иіліп тұр” деп сынай бастады. Осы жағдайға байланысты Мұхамеджан Тазабек пікір білдірді.
"Бүгін Мақпал жеңгемізбен бірге түскен суретіміз хит боп, талқыланып жатыр екен. Жауап жазуға енді мүмкіндік туды. "Мұхамеджан пір боп кеткен бе, неге үлкен кісі иіліп тұр” немесе “ыңғайсыз сәтті тосыннан түсірген шығар” дегендей әртүрлі жорамалдар айтылып жатыр. Бірден айтайын, “келіннің бетін кім ашса, сол ыстық” демей ме, Заманбек ағам мен Мақпал жеңгем үйленгенде бетін өзім ашқам, арнаумен дастарқанды дүрілдетіп, қазақтың Мақпалының тойын оттай лаулатқанбыз. Алматының игі жақсылары куә боп, Фариза апаларымыз бата беріп, керемет кеш өткізгенбіз. Ол күнгідей Заманбек ағамның ерекше қуанған, жүрегі жарыла шаттанғанын одан кейін көрген емеспін…
Содан бері, ардақты ағамның құрметі үшін, қайнылық қақымды құрметпен өтеп, асыл жеңгем көрген жерде ізет жасайды, ілтипатпен ерекше сәлемдесеміз. Оның еш ерсілігі жоқ. Қазақта қайны мен жеңгенің еркелігі жарасқан ерекше сыйластығы бар. Аллаға шүкір, сол жолдан, сол сыйластықтан жаңылған жеріміз жоқ. Дәстүрлі тәрбие көрген, қанша елге танымал алтын басты апа болса да, қазақи жолдан жаңылмай үлкенді де, кішіні де сыйлап жүрген, елдің еркесі - Мақпал жеңгеме Алланың нұры жаусын!
Заманының сұңқары Заманбек ағамыз айтысымды қатты құрметтейтін еді. Мақпал жеңгеммен арнайы кеп, талай жыр додамызда тақым қысып, рух беріп отыратын. Тіптен, 1999 жылы Қарасайдың 400 жылдық мерейтойлық айтысында өз қолынан ақ «Волга» мінгізіп, абыройымызды аспандатқан. Талай төріне отырғызып, термемізді тыңдап, жырымызға жүрек жылытып, қазақ өнеріне қамқор боп жүруші еді. Алла артында қалған Мерейінің бақытын ашсын! Ардақты Мақпал жеңгеміздің шаңырағы қуанышқа тола берсін!", - деп жазды Мұхамеджан Тазабек.