Қазір көз ауруларына шалдыққандар саны анағұрлым артып келеді. Көру қабілеті нашарлағандар арасында жасы келгендер ғана емес, балалар мен жастардың үлес салмағы да өсіп жатқанын айтып, дәрігерлердің өзі дабыл қағып жатыр. Алайда жанарын емдетуді халықтың қалтасы көтермейді. Мемлекет берген тегін қызметтің тізімінде көз аурулары көрсетілген бе? Олай болса науқастар қымбат тұратын ақылы қызметке неге жиі жүгінеді?
Отандық офтальмологтар соңғы жылдары науқастарының жасарып бара жатқанын жасырмайды. Мәселен, бүгінде 40-45 жаста катаракта немесе глаукомасы бар науқастар жиі жүгінетін болған. Сондай-ақ балалар арасындағы миопия да жасарды. Бұрын 5-6 жаста басталған миопияны ерте дейтін болсақ, бүгінде 3 жасында бұл ауру түрі анықталып жатыр. Соматикалық аурулар да көз ауруларына себеп болады. Өйткені күнделікті өмірімізді сымсыз телефон мен компьютерсіз елестету мүмкін болмай кетті. Есін енді таныған сәбидің көзі смартфоннан ажырамайды. Ал қызметтің көбісі компьютердің көмегімен іске асады. Оның үстіне, қоршаған ортаның ластануы мен оқу бағдарламасының ауыртпалығы да көз ауруларының жасаруына әсер етіп жатыр.
Жанарыңды жастайыңнан күту керек
MedOptica оптикалар желісінің құрылтайшысы Арыстанбек Жұмағұловтың айтуынша, қазір көз ауруларына шалдыққандар ғана емес, көз ауруларының түрі де көбейіп кетті. Себебі адамдардың өздері ауруына атүсті қарайды екен. «Соңғы кездері алыс пен жақынды көре алмайтындардың қарасы артып келеді. Өйткені қазіргі балалардың екі көзі телефонға телмірумен өтіп жатыр. Ал смартфон мен компьютерді көп көретін адамның көз бұлшықеттері шаршайды. Содан көру қабілеті төмендеуі мүмкін. Оқушылардың көбісі тақтадағы жазуды дұрыс көре алмайды. Бірақ соған қарамастан көп ата-аналар балаларына көзілдірік істетуге құлықсыз. Бұл көздің құруын одан ары асқындырады», – дейді маман. Бұдан бөлек, көз қабығының өзгерген формасы көру қабілетінің бұзылуына алып келеді. Мұндай науқастар кескінді бұрмаланған түрде қабылдайды. Бірақ астигматизмді ауру түріне жатқызу дұрыс емес. Өйткені ол көздің табиғи ақауы. «Адамдардың мұрны табиғатынан әртүрлі болатыны секілді адамның көзіндегі астигматизм де сондай ата-анасынан берілетін туабітті генетикалық өзгеріс. Осы өзгерісті қазір медицина оңай түзетуге мүмкіндік беріп отыр. Отасыз, балаға көзілдірік кигізу арқылы астигматизмді түзетуге болады. Бірақ көп ата-аналар балаларына көзілдірік кигізбейді. Көздегі + түзетуге де болады. Көбі балаларына көзілдірікті кез келген оптикадан сатып алады. Дәрігердің тексеруінсіз балаға көзілдірік сатып алу зиян. Қазір балаларда көздің қылилығы да көбейіп кетті. Оны да отасыз емдеуге болады. Бірақ дәрігердің тағайындауымен ғана берілген көзілдірікті арнайы оптикалардан ғана алу қажет», – дейді.
Көз дәрігерлері жанарыңды сақтау үшін жастайыңнан күтіну керегін ескертеді. Ол үшін балаларға компьютер мен телефонды мөлшерленген уақыттан тыс пайдалануға шектеу қою қажет. Мысалы, смартфондарды күніне 40 минуттан артық пайдалануға болмайды. Егер балалар бұл құрылғыларды көп пайдаланған жағдайда кішкентай балаларда көру қабілеті дамымай қалуы да мүмкін. Көз ауруына шалдықпаған адамдардың өзі офтальмологтарға үнемі тексеріліп тұрғанның артық етпейтінін айтады. Әсіресе, қызметі компьютермен байланысты мамандар міндетті түрде жарты сағат немесе 40 минут сайын үзіліс жасау керек. Сондай-ақ бағасына қарап базардағы арзан күннен көлегейлейтін көзілдірікті сатып алудың соңы да көз ауруларының асқынуына алып келеді екен.
Қарап отырсақ, жылына мыңдаған адамға көз аурулары бойынша ота жасалады. Өйткені денсаулық – өмір кепілі. Әсіресе, жарық дүниені көру үшін жанарыңды күту керек. Қыруар қаржы тұратын көз ауруларын емдеу мен ота жасатуды 2020 жылдан бастап мемлекет МӘМС арқылы тегін алу мүмкіндігін қарастырды. Мысалы, Қазақ көз аурулары ҒЗИ-да жыл сайын 12 мыңнан астам операция жасалады.
Кімдерге тегін қызмет көрсетіледі?
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының баспасөз қызметі МӘМС жүйесінің арқасында көз ауруларын диагностикалау мен емдеу бойынша барлық негізгі медициналық қызметтер қолжетімді бола түскенін жеткізеді. Тіпті, тәулік бойы және күндізгі, үйдегі стационар, оңалту, жоғары технологиялық жабдықтар мен мамандардың кеңестерін қолдана отырып медициналық көмек қолжетімді болыпты. Мысалы, ай сайын айлығынан жырып медсақтандыруға ақша құятындар өздері таңдаған кез келген емханада медициналық қызмет алуға құқылы. Соның ішінде жеке клиникаға қараламын десе де қаржы құйып отырған соң қалау өз еркіне беріледі. Қажет болған жағдайда, емхананың жеке клиникамен бірлесіп орындау шартын жасау мүмкіндігі болса, пациент өз емханасынан аталған жеке клиниканың қажетті дәрігеріне кеңес алуға жолдама сұрай алады. Былай қарасаң, барлығы көңілге қонымды. Кез келген науқас қалауынша ем алып, көз аурулары бойынша тегін қызметті пайдалануға мүмкіндікті мемлекет молынан қарастырып берген секілді көрінеді. Негізінде көрінеді емес, нақтысы солай болуы керек.
Қазір 11 млн-нан астам адам мемлекеттік қолдауға ие. 15 жеңілдік санаттары қарастырылған науқастарға МӘМС жарналарын мемлекет төлейді. Солардың ішінде зейнеткерлер мен балаларға көз аурулары бойынша емделуге кететін шығынды мемлекет шығарады. «Мысалы, былтыр тәуліктік стационарларда 2,2 млрд теңгеден астам көз ауруларының 73 түрлері бойынша 13,2 мыңнан астам бала емделді. Ал күндізгі стационарда көз ауруларының 55 түрі бойынша 4 мыңға жуық бала медициналық көмек алған. Емнің құны 301,7 млн теңге болды. Жалпы, былтыр тәуліктік стационарларда 18,6 млрд теңге сомаға көз ауруларының 94 түрі бойынша 80 мыңнан астам адам емделді. Күндізгі стационарларда 7,6 млрд теңгеден астам сомаға көз ауруларының 125 түрі бойынша 50,7 мыңнан астам адамға ем тағайындалған. Сонымен қатар, тәуліктік стационарлар деңгейінде 37 мың, күндізгі стационарлар деңгейінде 38 мың операция жасалды», – дейді МӘМС мамандары.
Қаржы қайда кетіп жатыр?
Медсақтандыру берген мәліметке сенсек, елдегі зейнеткерлер тегін қызмет алып, жарна құйып жатқан жұмысшылар ай сайын төлейтін ақшасын ауруынан айығу үшін қолданып жатқандай көрінеді. Бірақ көз аурулары бойынша тегін емделуге мүмкіндік барын көбі білмейді. Білген жұрттың өзі «арзанның жілігі татымайтынын» жақсы біледі.
МӘМС жүйесі іске қосылғалы жалақысынан жарна төлейтін Мөлдір Нұрайдарова жыл сайын жанарын тексертуден бастап емдетуге дейін қалтасынан қаражат шығаруға мәжбүр. Өйткені Алматы облысында тұратын оған жергілікті жердегі емханалар көз аурулары бойынша жолдама бермейді. Ал облыста көз аурулары бойынша ота жасайтын мамандар да, көз ауруларын диагностикалайтын құрылғы жоқ. «Ай сайын бәленбай ақша құйғанымды қайтейін, бір тиынына емделе алмаймын. Емхана ешқашан жолдама берген емес. Көз аурулары институтына барып дәрігер қабылдауынан бастап анализ талдауы, ота жасату мен дәрумендеріне дейін түгел өз қалтамнан шығарамын. Жылда ота жасатып жүрмін. Кірген кабинетіне жеке-жеке ақша төлейсің. Мысалы, жыртылған көз торшасын жасайтын жыл сайынғы отасы 40 мыңнан асады. Ақыр аяғы көз қысымына да бөлек төлейсің», – дейді Мөлдір Нұрайдарова.
Аудандағы ауруханадан жолдама алып біткенше, ауруың асқынып кетуі мүмкін. Өйткені облыс емес, қаланың қақ ортасында тұратындар да сақтандыру арқылы көз аурулары бойынша сапалы медициналық көмек алып көрмеген.
Көз ауруларын емдеу тегін болғанын көрмедік
«Көз аурулары тегін екенін бірінші рет естіп тұрмын» деп таңғалды елордалық Азат Иманқұлов. Айтуынша көзді тексерудің бір зерттемесі үшін 20 мың теңге керек. Сақтандыру туралы сұрай қалса, қолдарындағы тегін қаралатындардың тізімін көрсетеді. Ал ол тізімнен әдеттегідей өзіңді табу қиын. Мемлекет кепілдік болған зейнеткерлердің өзіне көз аурулары бойынша қаралу арман болып тұр. «Соңғы рет 2018 жылы көз аурулары институтында 120 мыңнан үш рет укол салдырды. Талдау нәтижелері мен дәрігердің қабылдауы, дәрісі мен көзілдірігін қосқанда 500 мың болды. Тұрғылықты жерден жолдама алып бардық, бірақ ол жерде барлығы ақылы деп түсіндірді. Былтыр МӘМС арқылы жеке емханаға тіркелдік. Бірақ бұл жерде де жолдама бермейді. Ары кетсе өздеріндегі офтальмологқа жібереді. Оның қабылдауын жарты ай күтесің. Өйткені дәрігер клиникаға үш күн демалып, бір күн келеді. Сөйтіп барғанда қағазға ем жазып береді. Берген емі бойынша дәрісін, уколы мен системасын да ақылы түрде аламыз», – дейді зейнеткердің ұлы Мақсат.
Көріп отырғандай, қағаз жүзінде оңай көрінетін тегін қызмет тұрғындарды табаннан тауысып, науқастардың жүйкесіне салмақ салып келеді. Ал емхана тізімін көрсетіп, жолдаманы көргенде жеке клиникалар жүз құбылады. Ретинальды бөлінуге байланысты ауыр операциялар көбінесе көз институтында жасалады. Ал осындай ауыр ота үшін мемлекет қаражат құйып жатқанымен, кепілдендірілген қызметті ұзақ күту ауруды асқындырып алады. Амал жоқ, ақылы болса да айтқандарына көнесің. Өйткені жанарың жарна алып отырғандарға емес, жалғыз өзіне керек екені жақсы таныс.