Дубайда өтіп жатқан EXPO-2020 көрмесінде Қазақстан павильоны «Әлем бейнесі» арт-жобасымен Гиннестің рекордтар кітабына енді. Сертификатты салтанатты тапсыру рәсімі Қазақстан павильонының сахнасында өтті.
«Әлем бейнесі» арт-жобасы – павильонға әлемнің түкпір-түкпірінен келген адамдар қылқалам және бояулардың көмегімен өз қолтаңбасын қалдырған Жер планетасының кенептегі түпбейнесі. Кенептің өлшемі планетамыздың кішірейтілген физикалық параметрлерінің ұзындығы мен еніне сәйкес келеді. Картинаның негізгі идеясы EXPO-2020 Dubai көрмесінің «Ақыл-ойды біріктіре отырып, болашақты қалыптастыру» тақырыбымен үндеседі. Арт-жобаның мақсаты – біздің ғаламшарымызда өмір сүретін адамдарды Ұлттық павильонның аумағында орналасқан бір өнер туындысы арқылы біріктіру. Картина – бейбітшілік, бірлік, үйлесімділік және достық сияқты құндылықтардың нышаны.
Бүгінде әлемнің 193 елінен келген 1 900-ден астам павильон қонақтары мен келушілері картина бетінде өздерінің «ізін» қалдырды. Олардың арасында әлемге танымал Голливуд актрисасы Бай Линг, америкалық кәсіпқой боксшы Рой Джонс, қазақстандық режиссер Тимур Бекмамбетов, ресейлік әнші Валерия, қазақстандық кәсіби велошабандоз Александр Винокуров және басқалары бар.