Қызметкерден ұят кетсе...
Қызметкерден ұят кетсе...
© коллаж: Әсел Балтақызы
Бізде мемлекеттік қызметшілердің әдебіне қатысты бірнеше заң нормалары бар. Ал алты жыл бұрын Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның Әдеп жөніндегі комиссиясы бекітілді. Әйткенмен, әлеуметпен жұмыс істейтін қызметкерлердің арасында әдептен аттап, дөрекілігімен есте қалған шенділердің қызметтік мансабына нүкте қо­йылмаса да белгілі бір уақытқа қызметінен қош айтысқанын көрмеппіз. Жақында Петропавлда мас болып аялдамада ұйықтап қалған шенеунік қызметінен босатылды. Ал Шығыс Қа­зақстан облысында 700-ден аса мемле­кеттік қызметкер жауапкершілікке тар­тылды. Жөн-ақ, бірақ мемлекеттік этикаға қайшы әрекетімен есте қалған шенділерге қандай жауапкершілік қаралады? Өкі­ніш­ке қарай, пікір беруге келгенде ауырып, халық үніне құлақ асатын кезде ашуланып шыға келетін лауазымды адамдардың тізімін түгендесек, біраз жерге барып қал­ды. Атақ-абыройы әжептәуір болғанымен, келте ойлы кейбір дөкей­лердің кадрдан тыс әрекеттерін біз де еске түсіріп көрдік.

Жұманғариннің жынына тиген

Бірнеше жыл бұрын Алматыда апатқа ұшыраған Bek Air әуекемесінің екінші ұшқышын ақтық сапарға шығарып салу рәсімінде компания басшысы Нұрлан Жұмасұлтанов тілшінің кеудесінен итеріп жіберген. Бұл қызметіне дейін ол Индус­трия және инфрақұрылымдық даму ми­нистрлігінің Авиациялық оқиғалар мен оқыс жағдайларды тергеу басқармасының басшысы қызметін атқарған. Ұлттық эко­номика вице-министрі қызметін атқарып жүргенде Серік Жұманғарин да «Жы­ным­ды келтірмеңізші» деген сөзімен «жарқ» ете қалды. Вице-министр сол кезде та­рифтерге қатысты сұрақ қойған тілшілерге жынына тие бермеуін талап етті. Журна­листер ал­дында ел алдындағы қасықтап жинаған абы­ройын «Қазғарыш» төрағасы Талғат Мұсабев та шелектеп төге салды. Ғарыш­кердің сол кездегі ерсі қылығы әлі күнге дейін ұмытылған жоқ. 2013 жылы Байқо­ңырдағы апатқа қатысты Үкімет кеңесінен шыққан Талғат Мұсабаев тілші­ні балағат­тап, кеудесінен итеріп жіберген. Ашулан­ғанда эмоциясына ерік беретін оның «Не тұрсың? Жынды ма мынау? Ме­нің басыма шық онда», «Біз Ресейдің Байқоңырда мәңгі қалғанын қалаймыз!» деген сөздері ел аузында «хитке» айналды. Соған қара­мастан ғарышкердің Президент кеңесшісі лауазымын иеленгенін барлығы біледі.

Боқтағанымен қоймай, бөтелке лақтырды

Мәжілістің үш шақырылымында бес жыл депутат болған Бекболат Тілеуханның талай сөздері қоғамның теріс пікірін ту­ғызып келді. Былтыр жыл соңында депу­таттық мандатын өз еркімен тапсырған ол кәсіби қызметін атқарып жүрген журна­лиске бейәдеп сөйлегенімен қоймай қол көтерген-ді. Бұрын Мәжілісте депутат бо­­лып жүргенде жастарға талмай ақыл айтып «Ерен еңбегі үшін» медалін иелен­ген Бақтияр Мәкен Нұр-Сұлтан қа­ласы әкімінің орынбасары қызметін атқ­арып жүргенде алдына келген көп­балалы ана­ларды балағаттап, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып жатқан бейнежазба желіде қызу талқыланды. Сегіз минутқа созылатын бейнежазбада әкім орын­ба­сары «Керек болса Ақордаға бар», «Жоғал бар», «Маған десең асылып қалсын», «Саған пәтер жоқ, білдің бе?», «Ақордаға үш рет барғаның үшін сенімен жұмыс істемеймін» деп ай­ғайлап, артынша бө­тел­ке лақтырған. Былтыр СҚО шенеуніктері жұмыс уақытында кафеде демаламын деп басы дауға қалды. Аймақтың Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті аумақтық инспекция басшысының орынбасары әрі Әдеп жөніндегі кеңес уәкілі Сергей Ка­лякин және Есіл аудандық аумақтық инс­пекциясының басшысы Таңатар Айхожаев жұмыс уақытында ащы судан ұрттап, дәмханада шу шығарыпты. Кейін белгілі болғандай шенеуніктерді ветеринариялық іс-шаралар өткізу үшін қызметтік іссапарға жіберген. Жаркент қаласының әкімі Болат Омаров та былтыр БАҚ өкілінің бетіне сағатын лақтырамын деп жұрттың сынына ілікті. Ал биыл Атырау қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Нұрлы Хабиева да көпбалалы аналармен дөрекі сөйлескені талқыға түс­кен еді. Артынша бөлім басшысына қатаң сөгіс жарияланған. Бірақ қатаң сөгіс мем­лекеттік қызметкерге шыбын шаққан құр­лы болмаған тәрізді. Өйткені осы жайт­қа қатысты пікір білгісі келген тілшіге «Пікір бермеймін. Қалағандарыңды жариялаңдар» деп қысқа қайырыпты.

Этикаға қатысты заң да бар еді...

2000 жылы бекітілген «Мемлекеттік қызметшілерінің қызмет этикасы» және «Мемлекеттік қызметшілерінің әдептілік нормаларын және мінез-құлық қағида­ла­рын одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» 2015 жылғы Жарлық бар. Ол аз десеңіз, «Мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі» тағы қабылданды. Бұдан бөлек, «Мемлекеттік қызмет туралы» заң жұмыс істейді. Осы заңдардың жұмыс істеуін қадағалайтын Мемлекеттік қызмет істері агенттігі де құрылды. Айтпақшы, алты жыл бұрын қол­да­ныстағы Этикалық кодекстің қағидалары жаңа ережелермен толықтырылды. Сөй­тіп, шенеуніктерге ішімдік ішуге, жұмыс уақытында смартфон қолдануға тыйым салынды. Құжатта мемлекеттік қызмет­ші­нің жұмыс барысындағы іс-қимылының қағидасы, көпшілік алдында өзін-өзі ұстау ережесі, жұмыстан тыс уақыттағы жүріс-тұрысына дейін қарастырылған. Кодексте жемқорлықтың алдын алу шараларына басымдық берілген. Бірақ мемлекеттік қызметке қабылданар кезде әр қызметкер қатаң тестілеуден басқа үш күн ішінде кодекспен танысуы шарт. Осы шартқа көнсе ғана мемлекеттік қызметкер болуға қол қояды. Мемлекеттік қызметтің тізгінін ұстаған шенеуніктер сыбайлас жемқор­лықтың қандай болсын түрінің алдын алып, қол астындағыларды кемсітпей, тұлғаның ары мен намысына құрметпен қарау үлгісін танытуға тиіс. Сондай-ақ Ар-намыс кодексінде мемлекеттік қызмет­кердің жеке өміріне де біраз шектеулер қойылды. Олар қоғамдық орындарда ішім­дік ішіп, мас болуына шектеу қо­йылды. Бұдан бөлек, мемлекеттік қызмет­кердің қымбат киім киюіне болмайтын ереже де ескерілуі тиіс еді. Белгілі бір брендке қа­тысты нақты тыйым болмаса да мемлекеттік қызметкерді барынша қара­пайым киінуге міндеттейтін қағида да қа­растырылған. Осылайша, бұдан бұрын­ғы жылдары кодекс ережесін таныстыр­ғандар костюм-шалбарын Италия немесе Францияның сән үйінен алдыратын, швей­цар сағаты мен араб әшекейлерін таққанды ұнататын шенеуніктерге киім сөрелерін жаңалауға ту­ра келетіні ай­тылды. Егер кодекс қағи­да­лары бұзылса, қатаң сөгістен бастап жұ­мыс­тан шығаруға дейінгі тәртіптік жауап­кершілік қарас­тырылғаны мәлім болып еді.

Әдеп кодексі әшекейге жүрмейді

Алайда мемлекеттік қызметкерлердің мінез-құлқы мен жүріс-тұрысына жауап беретін мекеменің басшылық лауазымына келген 31 жастағы Айнұр Серғазиева сынның астында қалды. Мемлекеттік қыз­мет істері агенттігі төрағасының орынба­сары болып тағайындалған оның «гламур» өмір сүретіні белгілі болды. Су жаңа ше­неуніктің Instagram парақшасында жария­лаған суреттерінен бренд өнімдерге ар­налған қызыл-сары қораптарды қолты­ғына қыстырып, миллион тұратын сөмке ұстап тұрғаны байқалады. Бірақ шетелде қыдыр­ғанды ұнататын шенеунік өзі тура­лы сынды жоққа шығарды. Айтуынша, тасыған бай­лығы мен ықпалды туыстары жоқ, зейнет­те­гі ата-анасы Оралда тұрады. Пәтері ипо­текаға алынған, сөмкелер аут­леттен, алқа­лары мен Тиффани әшекейлері күмістен көрінеді. Көпшіліктің таңданысы шенеу­нік­тің қымбат әшекейінен бөлек, Прези­дент­тің жастар кадрлық резервінің көптеген мүшелері арасында да түсініспеу­шіліктің туындауына алып келді. Бұдан басқа, Бас прокуратураның Айнұр Сер­ғазиеваға қол астындағы қызметкерлерге қысым жасап, еңбек құқығын бұзғаны үшін ескерту берген. «Айнұр Серғазиева кадр резервінде жоқ. ПМКР-не бұл бос жұмыс орны туралы ақпарат түспеген. Резервшілерді жұмысқа тарту ретсіз және ашық емес. Қазақстанның дамуы үшін жас мамандарды лауазымды қызметке тарту тетігі тиісті түрде жүзеге асырылмай, «Жа­ңа Қазақстан» құру мүмкін болмайды», – дейді 2019 жылдан бастап Президенттік жастар кадрлық резервіне қа­былданған «Атлант Ақтөбе» ЖШС-ның жоба жетек­шісі Сұлтан Саидұлы. Қазақстанның 2050 жылға дейiнгi даму стратегиясы кәсiби мемлекет құруға ар­налған. Мемлекет алдында тұрған маңыз­ды міндеттің орындалуы мемлекеттік қызмет­кердің кәсібилігіне тәуелді екені түсінікті. Кәсібилік қызметкердің мораль­дық жоғары жауапкершiлiгі мен жоғары білімі, ар-ұяты мен тәжiрибесіне келіп тіре­леді. Күні кеше Президенттің өзі де Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңесте мемлекеттік қызметшілердің жыл­жымайтын мүлік, автокөлік және басқа да қымбат дүниелер сатып алуы қатаң бақы­лауға алынатынын айтты. Өйткені ха­лықаралық тәжірибеде мұндай тексерістер жақсы нәтиже көрсет­кен. Әйтпесе, тағы болмайтынын тәжіри­бе­ден көріп отырмыз. Сенатор Нұрлан Бек­назаров этика нор­маларының орын­далмауы жиі болатынын жасырмайды. Сол үшін әдепсіз қылық­та­ры­мен танылғандар қандай деңгейде бол­масын қатаң жаза­лануы керек екенін ай­тады. «Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан «Ұлтқа қызмет ету білім­нен емес, мінезден» деген. Осы сөздің төр­кінін түсіне алмағандар мем­лекеттік қызметтің тізгінін ұстаса, мем­ле­кеттің құ­рылымына әсер етеді», – дейді сенатор.