Бөлінетін қаржы аз
Дамыған елдерде ғалымдар үлкен құрмет пен жалақыға ие. Мұны олардың ғылым саласына жыл сайын бөлетін қаражатынан да біле беріңіз. Мысалы, Израиль – ғылым саласына ең көп қаражат бөлетін ел. Жалпы ішкі өнімнің 4,6 пайызын бөледі. Ал Швеция – 4 пайыз, Жапония – 3,4 пайыз, АҚШ – 2,7 пайыз, Ресей – 1,27 пайыз. Бізде ше? Бұл көрсеткіш соңғы жылдары жыл сайын төмендеуде. 2019 жылы 0,12% болды. Бұл – бес жылдағы ең төменгі көрсеткіш. Ал 2020-2022 жылдарға арналған ғылымды қаржыландыру көлемі екі есеге жуық өсті. Ғылым саласын одан әрі дамыту үшін қаржыландыру мөлшері ЖІӨ-нің ең болмағанда 0,5 пайызын құрауға тиіс. – Әлемдік деңгеймен салыстырғанда еліміздегі ғылымды қаржыландыру деңгейі төмен. Біз қазір іргедегі Ресейдің 1 пайыздық деңгейіне жете алмай отырмыз. Бұл әлеуметтік-экономикалық дамумен байланысты. Ол үшін ғылым тек бюджет қаржысына қарамай, бизнес қауымдастықтармен де байланыс орнатуы керек, – дейді сарапшы Кәрімбек Құрманәлиев. Соңғы жылдары елімізде ғылыми-зерттеулермен шұғылданатын ұйымдардың саны азайған, керісінше ғалымдардың саны біршама көбейген. Мұны жыл сайын дайындалатын PhD докторлардың санымен бағамдауға болады. Қазақстан ғалымдарының шетелдік жарияланымдары да көбеюде. Бірақ олардың сапасы төмен. Мысалы, 2016-2018 жылдары еліміздің ғалымдары шетел журналында 8 653 мақала жариялапты. Сонда рейтингке қатысқан 222 елдің ішінде 85-орындамыз. Салыстырмалы түрде, Ресей – 15, Беларусь – 81, Армения – 95, Қырғыз Республикасы – 138-орында. Мың зерттеушіге шаққандағы жарияланым саны бойынша тек қана қырғыз елінің алдындамыз. Ал Білім және ғылым министрлігі «2025 жылға қарай ғылымды қаржыландыру ЖІӨ-нің 1 пайызын құрайды» деп отыр.Плагиатқа тұсау жоқ
Шын мықтылардың ішінде «бір қарын майды шірітетін құмалақтың» болуы да заңды. Мәселен, былтыр сенатор Сәуле Айтбаева палатаның кеңейтілген отырысында докторлық, кандидаттық жұмыстардың сатылатынын айтып, мәселе көтерген болатын. Сенатордың пікірін ғалымдар да растап жүр. Ғалым Бекарыс Нұримановтың айтуынша, қазір ғылыми мәтін жаза алмайтын жастар көп. Олар мемлекеттік грантқа түскеннен кейін қалайда қолына ғылыми атақ алып шығуға тырысады. «Қазір интернетті ашып қалсаңыз, біреудің ғылыми жұмыстарын ақшаға сатып отырған сайттар көп. «Дайын асқа тік қасық» болған осындай сайттарға заңмен тыйым салынбаса, плагиаттың да жыры бітпейді. Өйткені дайын ғылыми жұмысты алып, сөздерінің орнын ауыстырып, плагиаттан өтіп кететіндер бар», – дейді Бекарыс Нұриманов. Бүгінде плагиатқа, оның мойындалуына қатысты талаптар қатаңдай түскен. Плагиат табылған жағдайда, қулығына құрық бойламайтындармен Бас прокуратура өзі айналысады.Мемлекет тарапынан қолдау бар ма?
Президент тапсырмасымен 1 000 грант, 500 шетелдік тағылымдамадан өту жоспарлы түрде жүргізілуде. 1 000 грант бойынша Ғылым комитетінің конкурстық құжатнамасы дайындалды. Жас ғалымдар өз ұсынысын білдірді. Ал 500 шетелдік тағылымдама «Болашақ» бағдарламасының форматында жүзеге асып отыр. Шынын айтқанда, қазір ғылым саласына мемлекет тарапынан 83 млрд теңге қаражат бөлінген. Оның ішінде 52 млрд-ы министрлік конкурс жариялау арқылы бағдарламаны мақсатты қаржыландыру арқылы үлестіреді. Қалған қаржыны еліміздің тоғыз мемлекеттік органы конкурс жариялау арқылы жүргізеді. Биыл Президент 1 қыркүйектегі Жолдауында гранттың жүру мерзімін үш жылдан бес жылға дейін өсірді. Бұл – жас ғалымдарға үлкен қолдау. Себебі кейбір ғылым саласы уақытқа бағынбайды. Мысалы, жануарлардың жаңа түрін, картоп пен астықтың жаңа сортын алуға ондаған жыл уақыт кетеді. Ал кейбір жұмыстардың жетекшілері үш жыл біткен соң басқа конкурсты жеңіп алып жалғастырмаса, жоба аяқсыз қалады. Сондықтан ғылым саласын дамытуға гранттың бес жылға бөлінгені өте орынды. Бұған дейін жас ғалымдарға арналған жеке конкурстар болмаған. Тек былтырдан бастап жас ғалымдарға ерекше көңіл бөліне бастады. Енді жастар қолынан келгенше елімізді экономикалық жағынан дамытуға бағытталған тың зерттеулер жасайтын болады. Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы Еламан Айболдиновтың айтуынша, соңғы жылдары докторантураға бөлінген грант саны артты. Бұл жастардың жаппай ғылымға келуіне жол ашқан. Мысалы, 2010 жылы докторантураға 150 орын берілсе, қазір мыңнан асады. Алайда сол орындарды толтыра алмайтын университеттер бар. Сол себепті бос орындарды игеру үшін магистратура мен докторантураға түсуге екі рет конкурс жарияланатын болды. – Осының барлығы ғылымға жастарды тарту үшін. Соңғы екі жылда «Жас ғалым» гранттық байқауы өткізіліп келеді. Жас ғалымдардың аз болуының басты себебі – әлеуметтік, тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелерінің шешілмегені. Ғылыми ұйымдарда жұмыс істеп жүрген жастардың жалақысы тұрақсыз. Олар тек грант ұтып алған кезде ғана айлық еңбекақы алады, – дейді Еламан Айболдинов.Саны көп, сапасы қайда?
Иә, жылына докторантураға мемлекеттік бюджет есебінен 2 мыңға жуық грант бөлінеді. Ал соның нәтижесін көрсетіп, докторлық алатындар саны 200-дей ғана. Жас ғалым Азамат Ешмұхаметовтің пікірінше, бөлінетін грант саны тым көп. Мысалы, жыл сайын робототехника мамандығының докторантурасына 12 грант бөлінсе, соның 3-еуі ғана игеріліпті. – Салыстырмалы түрде қарасақ, ұлттық университеттерде бір жылда бір студентке 1 миллион бөлінсе, Назарбаев университетінде 5-6 миллион бөлінеді. Яғни, бұл ақша оқытушының жалақысына, лабораторияны жасақтауға жұмсалады. Мәселе – қаржыландыруда. Білім ешқашан аудиториядан келмейді. Білім лабораториядан келеді. Сондықтан гранттың санын ғана арттырмай, беретін білімнің сапасына да көңіл бөлу керек, – дейді Азамат Ешмұхаметов. Ғылым – ол қаржы мен уақытты көп талап ететін сала. Сонымен қатар шығармашылық ой-өріс те керек. Ал енді біздің ғалымдардың ғылымға деген уақыттарын талқылайтын болсақ, көбісінде сабақ беруден уақыттары да артылмайды. Өйткені Қазақстанда ғылыми деңгейі бар адамдар өзін асырау үшін аптасына 20 сағаттан көп дәріс оқуы керек. Осылардың бәрі жиналып, келіп ғылымды дамытуға кері әсерін тигізеді. – Ең бірінші, ғалымдардың жалақысы аз. Екінші, ғылыми дәреже алу қиын. Жоғары оқу орындарында барлығы қағаз жүзінде мінсіз болғанымен, іс жүзінде нәтиже аз. Робототехникада жүрген жастар көбіне жекеменшік компанияларға кетуге мәжбүр. Өйткені ол жерде жалақы жақсы. Бізде жас ғалымдардың саны мың адамға өскенімен, атқарылып жатқан жұмыстар 10 пайызға артқан жоқ. Бұл жерде әр институт өздеріне кадр дайындап отыр. Яғни, бұл – табиғи өсім. Егер мемлекет тарапынан жасалған жағдайға байланысты жас ғалымдардың саны 2 есе өсуі керек еді, – дейді Азамат Ешмұхаметов. Бұл – көп мәселенің бірнешеуі. Ғылым дамуына кедергі мәселелер жеткілікті. Отандық ғылымның жетістіктерінің жиі насихатталмауы жас ұрпақтың ғылымға деген құлшынысын оятпай отыр. Есесіне, шоу-бизнестің ақпараттарынан көз сүрінеді.Көктем ҚАРҚЫН