Шымкент тұрғындары полицейлердің орнына өздері үйін күзетуге мәжбүр
Шымкент тұрғындары полицейлердің орнына өздері үйін күзетуге мәжбүр
248
оқылды

Шымкенттің Асар-2 шағын ауданының тұрғындары полицейлердің орнына өздері кезекшілік етіп, үйлерін күзетуге мәжбүр. Себебі ұрлық көп. Күніне бір үй тонайтындардың басынғаны сонша тіпті уақыт таңдамайтын болған. Он алты мыңдай халқы бар шағын аудан тұрғындары ұрлықтың бір де біреуі ашылмады деп отыр. Есесіне асарлықтардың өздері ұстап апарған ұры-қарыны полицейлер көп ұзамай босатып жібереді екен, - деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы. 

Шымкенттің «Асар-2» шағын ауданына халықтың қоныстана бастағанына алды он жыл болған. Үй салғанымызға 3-4 жыл өтті дегендердің өзі соңғы бірнеше жылда ұрлықтың жиілегенін айтады. Қараңғы түнді қойып, ұрылардың тапа-тал түсте үйге түсе бастағаны қараша халықтың қорқынышын еселей түскен.
"Той жасайын деп жатқан үйдің «қалың малын» алып кетеді. Құдаларға дайындап қойған кәделерін алып кетеді. Әйелдердің алтынын, бір көзі түсіп қалған алтын болса да ұрлайды", - деді Шымкент қаласының тұрғыны Гауһар Әбішева.
Нөмірсіз көлікпен жүріп, бетперде киіп басынғандар тіпті балаларымыздың аты-жөндерін атаған сәттер де болды дейді. Тұрғындар өз қолдарымен осындай ұрыларды ұстап, полицияға да тапсырған екен. Алайда құзырлылар «іс дәлелін таппады» деген сылтаумен ұрыны жібере салды, дейді.
"Ұстаған ұрыны міне деп апарып бергенімізді қамамаса, ол кетеді. Бұл бір бөлігін берді деген сөз. Бізде Қазақстанда заң жоқ. Әншейін айтылады. Бар нәрсе әдемі қағаз жүзінде жүреді", - деді Шымкент қаласының тұрғыны Қалдыгүл Сәбденқұлова.
Ұрылар далада жайылып жүрген қой, сиыр мен жылқының да біразын қолды қылды дейді жұрт. Ал аудандық полиция басқармасынан келген жауапты маман биылғы жылғы үй ұрлығының бірде-бірі ашылмағанын мойындады.
"Қазіргі уақытта күдікті адам бар. Сол бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Тергеу амалдарына байланысты атын қазір айтпаймыз", - деді Шымкент қаласы Қаратау аудандық жергілікті полиция бөлімінің басшысы Бауыржан Оразымбетов.
Бөлім басшысы «Асар-2» ықшамауданында екі учаскелік инспектор барын жеткізді. Олар көрші елдімекеннен қатынап жұмыс істейді екен.