Технарға зәру бұл қоғам
Технарға зәру бұл қоғам
345
оқылды
Заман өзгерген сайын адам­ның сұранысы да құ­былып оты­рады. Сол секілді ма­мандықтар да өзгеріп жатыр. Бірі жойылып, енді бірі жаңадан пайда болды. Мәселен, индустриялық бағ­дар­ламаны жүзеге асыра бас­­таған тұста елімізде ин­женерлер ең құр­метті маман­дық саналған. Қар­жы дағда­рысына дейін мұнай­дың ба­ға­сы жоғары болған кезде мұ­най-газ саласы мен жалпы эко­но­микаға, бизнеске бет бұрған­дар кө­бейді. Енді индус­триялық-инновациялық бағдарламалар жайлаған тұста технологияның тілін меңгергендерге зәру бол­дық. Бірақ бұл саладағы білікті мамандарымыз көп пе, жастарды қай бағытта оқытқан жөн?

Келешек қай салаға мұқтаж?

Еңбек нарығын зерттеуші сарапшылар Қазақстанда соңғы жылдары қашықтан басқаратын техникалық оператор, жалпы ақпараттық технолог, өнеркәсіп саласы­ның мамандарына сұраныс артқанын айтып жүр. Қазір жеңіл өнеркәсіп өнім­дерінің технологиясы мен оны құрастыру, тау-кен ісі, прибор жасау, жылу энергети­касы саласының мамандарына қажеттілік күн санап артып барады. Мысалы, кейінгі 2 жылда IT мамандарға сұраныс екі есе артқан. ­Соған қарамастан еңбек нарығын­да кадр тапшылығы бар. Дипломын алған түлектердің бірі жоғары жалақыға қызы­ғып шетел асса, енді бірі басқа кәсіпке бет бұрған. Яғни, елімізде келешекте техно­логиялық мамандықтарға сұраныс еселене түспек. Сөзіміз дәйексіз болмасын, мә­селен 2019 жылы Қазақстанда болашақта ең сұранысқа ие болатын 100 мамандықтың тізімі жасалды. Тізімді Еңбек және халық­ты әлеуметтік қорғау министрлігі мем­ле­кеттік бағдарламалар мен кадрлық қажет­тілікті болжау негізінде жасаған. Сондағы 100 мамандықтың 57-сі тікелей техноло­гия­лық салаға қатысты. Ал BTS Education бас директоры Саясат Нұрбек қазір өнер­кәсіп орындары, өндірістік ұйымдар не зауыттарда білікті техникалық жұмысшы­лар, білікті жұмыс күші сұранысқа ие бо­лып отырғанын айтады. 2020 жылы бас­таған «Жаңа мамандықтар атласы» деген үлкен жобада осы күнге дейін туризм, тау-кен, мұнай-газ, энергетика, ақпарат­тық технологиялар, ауыл шаруашылығы, машина жасау, құрылыс секілді 9 басым сала бар. Сарапшы педагогтер мен дәрі­герлерге қалай сұраныс болса, технология­лық мамандықтар да қалыс қалмайтынын алға тартады. EduNavigator жобасының жетекшісі Ғизат Маханов та технологиялық салаларға сұраныс артқанын растап отыр. – Елімізде технарлар көбейгені даусыз. Соңғы 5-10 жылдықта диджитализация жақ­сы дамыды. Бұрынғы мен қазіргінің айыр­масы жер мен көктей. Яғни, күнде­лікті қажеттіліктің бәрінде, банк қызметі, құжаттарды онлайн рәсімдеу, білім алу, такси шақыру, тапсырыс беру секілді дүниелер айтарлықтай жеңілдеді. Бұл – бір жағы. Қазір көлік құрастыру тәрізді сала­лар да дамып жатыр. Онда да мамандарға сұраныс көп. Ауыл шаруашылығын алып қарасақ, ол жерге де биотехнология, хи­мия мамандары қажет. Қазақстанда 1990-2000 жылдары гуманитарлық мамандық­тарға сұраныс өте көп болған. Енді өнді­рістің қарқын алуына байланысты тех­нарлар алға шықты. Қарапайым бір мысал, ерекше, терең ғылымды қажет ететін ғи­мараттар салуда архитекторлар тапшы. Амалсыз шетелден әкеледі. Жалпы, Қа­зақстан технологиялық дамуын бағалар болсақ, әлемде ең алдыңғы қатарда бол­ма­са да, соңында емес. Биология, химия, өндіріс салалары да алға ілгерілеп келе­ді. Әйтеуір бір орында тұрмағанымыз анық, – деді сарапшы. Таяуда Білім және ғылым министрлігі 2022 жылы техникалық мамандықтарға грант саны артатынын хабарлады. Осы күнге дейін шамамен жыл сайын 60 мыңға жуық гранттың 40 пайызы техникалық мамандықтарға бейімделген болатын. Енді техникалық мамандықтар үлесі 60 пайызға жетеді. Ведомство мәліметінше, 2025 жыл­ға қарай жастар толығымен сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік білім алуға ниетті екен. Енді педагогика, IT және техникалық бағыттағы білім салаларына грант көбірек бөлінеді.

Мамандық бойынша жұмыс табыла ма?

Кейде өз саласы бойынша білім алып, оқуды аяқтаған соң басқа салада қызмет етіп не жеке кәсіпке ден қоятындар кез­деседі. Яғни, жүздеген грант бөліп, жастар оқыған кейбір мамандық шындығында еңбек нарығында сұранысы жоқ, елеусіз сала болуы мүмкін. Бұндайда кез келген жоғары оқу орны еңбек нарығын болжап, сараптап отырғаны абзал. Қандай өзгеріс­тер болып жатқанын, білім алған шәкірттер кейін жұмыссыз қалмауын ескергені жөн. Оқу бағдарламалары сұранысқа сай дайындалуы тиіс. Бірақ елімізде көп оқу орны бұл іспен ден қойып, айналыспайтын тәрізді. Мәселен, биыл еліміздегі білім беру гранттарының бөлінуіне қарасақ, 17 028 грант инженерлік, өңдеу және құ­рылыс салаларына бағытталған. ІТ сала­сына – 7 487, жаратылыстану ғылымдары­на – 4 088, ауыл шаруашылығы ғылымда­рына 1 895 орын бар. Бәрінде техникалық мамандық бар. Бірақ жыл сайын даярлана­тын осыншама технардың бәрі бірдей өз саласында жұмыс істеп жүр ме? Көпшілік мұндайда «Биотехнология» мамандығын жиі айтады. Себебі оқуды аяқтаған соң жас­тар осы салаға қатысты жұмыс таба алмай, басқа салаға кетіп немесе биология пәнінің мұғалімі болып кетеді екен. Айге­рім Оразбаева 2016-2020 жылдары Л.Гу­милев атындағы Еуразия ұлттық универси­тетінде «Биотехнология» мамандығы бо­йынша білім алған. Дегенмен «мамандыққа сұраныс жоқ, мүлде жұмыс табылмайды» деген пікірмен келіспейтінін жеткізді. – Бұл мамандыққа оқуға түсетіндер көп. Бір курста 4 топ болдық, оның 3-еуі қазақ тобы. Әрқайсысында 20-23 студент болды. Бірақ оқуды бітіргенге дейін сту­денттер 2 есеге жуық азайып қалды. Бұл салада жұмыс жоқ деп айта алмаймын. Мысалы, бакалавр кезінде қатарластарым қан орталығы секілді жерлерде жұмыс істеді. Өз басым жұмыс қарастырған жоқ­пын, себебі оқуды жалғастырғым келді. Меніңше, елорда мен Алматы сияқты үлкен қалаларда бұл мамандық бойынша жұмыс табылады, мәселе аймақтарда болуы керек. Бакалаврды тәмамдаған соң қатарластарымның ешқайсысы мұғалім болып кеткен жоқ. Кейбірі сала бойынша жұмыс тапты, енді бірі басқа салаға ауысты, – дейді ол. Биотехнология саласына бөлінетін грант та аз емес. Мәселен, былтыр осы мамандыққа 650 мемлекеттік білім гранты қаралған. Негізі өте қажет мамандық, вирусология, ауыл шаруашылығы секілді салаларға таптырмайды. Алайда оларға жұмыс тауып беретін кәсіпорындар шектеулі сынды. Демек, қажет мамандарды дайындаймыз, қолайлы орта жасап бере алмаймыз.

Ресейдің технологиялық білімі бізге қажет пе?

Айтпақшы, жақында ғана осы техника­лық білім беруге қатысты мәселе шыққа­нын білеміз. Сұранысты ескеріп, Ресейдің жетекші техникалық университеттері «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқы­татын жоғары оқу орындарының тізіміне енбек. Кейін бұл тақырып біраз талқы­ла­нып, түрлі пікір айтылғанын білеміз. Себебі «Ресейдің жоғары оқу орындарында жастарды оқытудың қажеті жоқ» деп санайтындар көп. Әрине, бұл пікірді құптар ниетіміз жоқ, алайда 2020 жылы 70 мың ғалым Ресейден шетелдерге көшкен. Яғни, көршіміз ғылымға аса бір қолайлы орта жасай алмаса керек. Әлемнің ең үздік 200 оқу орнының қатарына тек М.Ломо­носов атындағы Мәскеу мемлекеттік уни­верситеті (194-орын) ғана енген. Техникалық білім беру деген тек мың­дап технар дайындау емес. Экономикаға қажет мамандарды дайындап, техноло­гия­лық процестерді түсінетін ұрпақты, буын­ды қалыптастыру. Соған лайық жас буын қалыптасқанда ғана технократтық фило­со­фияның немесе тәрбиенің нәти­жесі болары хақ. Мысалы, мектеп­тер барлық соңғы үлгідегі техникамен, құрал-жаб­дықтармен жабдықталған болуы тиіс. Бірақ біздегі жағдай ондай емес. Зертха­налар тек теориялық біліммен шектеледі, тәжірибелік білім беруі аз. Әйтпесе еңбек нарығындағы сұранысты өзіміз қамта­ма­сыз ете алмай жүрмейік.