Шымкент қаласындағы Асар-2 шағынаудан тұрғындары үрей үстінде отыр. Енді қайтсін, ұры атаулы осы Асарда жүретіндей. Қаңтар айының өзінде 11 үйді тонап кеткен. Бұл – ресми тіркелгені. Ал арызданбағаны қаншама... Тұрғындар ұрылардың күндіз де, түнде де жорыққа шыға беретінін айтады. Бірнеше жылдан бері созылып келе жатқан бұл қылмыстың беті қайтар емес. Бірде-бір күдікті ұсталмапты. Полицейден қайран болмаған соң ашынған жұрт енді елді мекенді өздері күзетуге кіріскен.
Мұнда 6 жылдан бері тұрып жатқан Жасұлан Ақтаев – ұрылардың құрбаны болғандардың бірі. Бастапқыда мұнда тұрғын халық аз болған, кейін көшіп келушілер қатары артып, қазір едәуір үлкен ауылға айналыпты. «Отбасыммен 3 бөлмелі кішірек үйде тұрамыз. 21 қаңтар күні кешкі сағат 7-11 арасында қонаққа барып келдік. Келгенімізде терезе ашық тұрғанын көрдік. Оған аса мән бермей, терезені ашып кетіппіз деп жауып алдық. Ішке кірген соң келіншегім шкафтың шашылып жатқанын көрді. Сөйтіп, артынша өзінің алтын-күмістерінің қолды болғанын айтып, ойбайлап қалды. Байқасақ, терезеден бері шкафқа дейінгі аяқкиім іздері көрініп тұр. Үй де оншалықты суымапты. Соған қарағанда біздің келуіміздің алдында болған оқиға сияқты. Дереу полицияны шақырттық. Олар тексеріп, «із қалмапты, қолғаппен қараған сияқты» деп кетіп қалды. 300 мың теңгенің жобасында әшекей мен інімнің, келіншегімнің және менің құжат салынған сөмкемді алып кеткен. Сол күйі табылған жоқ. Жақында құжаттарымды қайта рәсімдедім», – дейді ол. Елді мекен тұрғыны осы жағдайдан кейін ауыл тұрғындары ашқан WhatsApp-тағы чатқа болған оқиғаны жазып, көршілерін сақ болуға шақырған. Бірақ бұл жағдай бұдан бұрын да болып жүрген және бұдан кейін де талай болған. «Дәл қазір ұрлыққа түсудің маусымы екен. Біз мұны қайдан білейік? Ұрылар осындай қыстыгүндері адамдар үйлерінен шықпайтын уақытта жорыққа шығады екен. Өкінішке қарай, бірде-бір рет қылмыскер құрықталмаған. Қазір біз ұрланған затқа емес, балаларымыздың қауіпсіздігіне алаңдап отырмыз. Себебі бір үйге екі реттен ұрлыққа түсу жағдайы болған. Сондықтан үйге тағы айналып келіп қала ма деген қауіппен әйел, бала-шағам үрейде отыр. Сыртқа шығуға жүрексінеді», – дейді ол.
Мұнда учаскелік инспектор жиі ауысады. Жуырда тағы басқа инспектор келіпті. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, тұрғындардың тыныштығын қамтамасыз етуі тиіс полицейлердің осы уақытқа дейін ұрыны ұстай алмай қауқарсыз отырғанына күйінеді. Соңғы кездері ғана көшеде дабылқаққышын қосып жүретін полицейлердің бұл әрекетіне тұрғындардың көңілі толмайды. Себебі бұл жағдай көпке созылмайтыны белгілі. Одан да ұрыны астыртын әрекетпен ұстау керек екенін айтады. Бүгінде елді мекендегі кейбір белсенділер көшеде салт жүргендерді тексеріп, бұл іске өздері кіріскен.
Ал Нышанәлі Дәуренбековтің үйін ұрылардың үптеп кеткеніне 10 күн болыпты. Баукеспелер теледидар мен ноутбукты қолды еткен. Асардан үй сатып алғанына бір жыл болған Назира апаның өткен бейсенбіде пердесі мен аспашамын ұрлап кеткен. «Мұнда әлі жылу жоқ. Сондықтан ауылдан әлі көшіп келмедік. Енді жиі-жиі болатын ұрлықты ести берген соң мұнда тұруға қорқып та отырмыз. Сатып, қала ішіндегі көпқабатты үйлерге көшсем бе деп отырмын», – дейді әжей.
Тұрғындардың барлығы дерлік тәртіп сақшыларына сенбейді. Оларды ұрылармен сыбайлас дейтіндер көп. Ұстаған күдіктіні шығарып жіберіпті дегенді де жиі естиді. Тіпті, Гаухар Әбішованың үйіне ұрылар тапа-тал түсте келіпті. «Бұл ұрлық қанша жылдан бері тыйылмай келеді. Екі жыл бұрын үйіме баса-көктеп келген суық қолдылар екі баламды екеуі қабырғаға тақап тұрып, үшіншісі үйден бағалы зат, ақша іздеген. Алғашында кіре сала «ақша қайда, мамаң жіберді» дейді. Одан соң өздері іздеген. Кейін бір балам сытылып, далаға айқайлап шыққанда, бұлар тез көлігіне мініп қашып кетеді. Сүндет той істегелі жүрген едім. Үйде ақша да бар еді, таба алмапты. Соған қарағанда, үйінде адам жоғын, ақшаның кімде бар екенін білетін адамдар шығар», – дейді ауыл тұрғыны. Бала-шағасының амандығына шүкіршілік еткен ол арызданбапты. Одан кейін мектеп үйінің жанында болса да, балаларын сабаққа апарып алып келеді. «Асарда қорқатын заман болып тұр. Осы уақытқа дейін «ұры ұсталды» не болмаса, «біреудің заты табылыпты» дегенді естіген емеспін», – дейді ол. Тіпті, осындай айқай-шу болып, тұрғындар жиналып жатқанның өзінде шеткі үйлерді тонап кеткен. Бұл енді мүлдем шектен шыққандық.
Учаскелік полицейлер болса, «қылмыстың өршуіне инфрақұрылымның жоқтығы себеп болып отыр», – дейді. Ауылда тіркелген 11 ұрлық қылмысының біреуі де ашылмаған. Бар тапқаны – учаскелік полицейді ауыстыру. Жуырда тағы біреуін алып келіпті. Қаратау ауданы ПБ жергілікті полиция қызметінің бастығы Бауыржан Оразымбетов жаңадан келген тәртіп сақшысының тәжірибесі мол екенін айтты. «Жаңадан келген учаскелік полицейдің қылмыс ашуға бейімі мол. Халықпен жақсы тіл табысып жатыр. Осы жерге жақын маңда тұрады. Осында әдейі қойып отырмыз. Енді қылмыс азаяды. Жұмыс атқарамыз. Өздеріңіз байқағандай, көшелер асфальтталмаған, су, жарық жоқ. Жарық қою, камера орнату мақсатында әкімдікке ұсыныс бердік», – деді ол.
Ал мұндай жауаптың талайын естіп, зәрезап болған тұрғындар енді кімге барып шағым айтарын білмей отыр.