Алматы облысындағы Абай ауылының тұрғындары тұтас көшеміз сатылып кетіп, үйге кіріп-шыға алмай қалдық деп отыр. 12 жыл бойы осы жолмен жүріп келдік деген жұрт кенет жер иесі табылып, бұл жерді қоршап алды деп ашулы. Әбігерге түскен ел тіпті қоршау ішінде қалған көліктерін кранмен көтеріп шығарып жатыр, – деп хабарлайды Алматы арнасы.
Қарасай ауданына қарасты Абай ауылының тұрғындары көшесіз отырғалы бір жылдан асты деп базынасын айтып отыр. Олардың айтуынша, 12 жыл жол қылып жүрген жерді аяқасты иесі келіп қоршауға алған. Ал жергілікті әкімдік бұл жердің иесі бары айтылмаған деп ашулы.
Көшеміз сатылып, көңіліміз күпті болды деген мұқым елдің мұңын тыңдауы тиіс билік өкілдері бұл жерге аттап баспайды дейді. Ол аздай апатты жағдайда өрт сөндіру қызметі, не жедел жәрдем бұл маңнан өте алмайды деп отыр.
«Менің үш балам бар. Балабақшаға жіберейін десем, апаратын жол жоқ! Осы жолмен үш баламды осылай алып жүруге мәжбүрмін. Төртінші балама айы-күнім жақындап отыр. Ақпанның соңында босанамын, Алла бұйырса. Сонда толғақ келсе, жедел жәрдемді қалай шақырамын?» – деп күйінеді Абай ауылының тұрғыны Айгерім Тастемірова.
Өзен бойын жағалап, жарға жармасып әзер өтіп жүрміз деген жұрт қай күні құлап кетеміз деп қорқып отыр. Ол аздай бұл жерді маскүнемдер мен нашақорлар мекен етіп алғанын айтады. Енді қызымыз оқуға, ұлымыз жұмысқа бармай қамалып отырмыз деп мұңын шақты.
Бейнежазбадан көшесі сатылып кеткен тұрғын қоршау ішінде қалған көлігін кранмен көтеріп шығарып жатқанын көруге болады. Ел аман, жұрт тынышта көшесі қоршауға алынып, үйінен шыға алмай қалған тұрғындар 1 жыл бойына тар жолмен өтіп жүрміз дейді.
«Міне, 1 маусымнан көшемізді жауып тастаған. Содан бері ешқандай шара қолданған жоқ. Заң аясында да ешкім келіп жағдайымызды білген жоқ. Жер иесінің қолында құжаты бар, бірақ оған ол құжатты қалай, кім, қашан бергені белгісіз. Мұның барлығы жемқорлықтың кесірінен болған дүние», – дейді Абай ауылының тағы бір тұрғыны Берікжан Серікболұлы.
Ал аталмыш жағдайдан хабардамыз деген әкімдік жердің қазіргі заңды иесінде қажетті құжаттар бар деп отыр. Заң бойынша жер телімінің иесі ол жерді қоршауға алуға құқылы. Алайда келтірілген ыңғайсыздықты шешу керек деп ақталды.
«Сотта қаралып жатыр, Абай ауылындағы Әзірбаев, 2 мекенжайының мәселесіне қатысты ертең сағат 11.00-де соттың екінші отырысы өтеді. 2006 жылы Қарасай аудандық әкімінің қаулысымен бұл жер берілген. Одан кейін 2009 жылы Мұстафаев сатып алу келісімшартын жасаған», – деді Райымбек ауылдық округі әкімдігі аппаратының бас маманы Нұрғали Бақтораев.
Жағдайды бақылауға алдық деп уәде еткен жергілікті әкімдік сот отырысынан соң мәселені біржақты етеміз деді. Егер сот шешімі тұрғындардың пайдасына шешілсе, әкімдік осы тұстан басқа жер бөліп беруі мүмкін дейді әкімдік өкілдері.