Айыппұлдың жүгі ауыр
Айыппұлдың жүгі ауыр
© коллаж: Әсел Балтақызы
410
оқылды
Қазақстанда жүр­гізушілер Жолда жүру ережесін бұзғаны үшін ТМД елдері ішінде ең көп айып тө­лейді, оның мөл­шері тіпті бірқатар Еу­ропа мемле­кет­те­рінен де асып кеткен. Бі­рақ біздің өмір сүру дең­гейі­міз Еуро­па­дағыдай емес. Алай­да айыппұл көлемін арт­тыра беру заң­бұзу­шылықтың санын қысқарта ма? Прокуратураның дерегіне сүйенсек, соңғы 20 жылда кейбір айып түрлерінің бағасы 25 есе өскен, ал бұл уақыт ішінде тұрғын­дардың кірісі небәрі 7 есе артқан. Былтыр ереже бұзған қазақстан­дықтарға жалпы сомасы 22 млрд 055 млн теңге болатын 2 млн 250 мың хаттама жолданған. Жол ережесін бұзу дерегінің 44 пайызы камера арқылы анықталған. Ішкі істер министрінің орын­басары Сәкен Сәрсеновтің ай­туынша, республика жолдарында қозғалыс ережелерінің бұзылуын тіркейтін 13,2 мыңға жуық ста­цио­нарлық автоматты камера жұмыс істейді. Алдағы уақытта олардың санын әлі де көбейту жоспарланған. «Полиция департаменті апат болған жерлерді талдап, анағұрлым қауіпті жол бөліктерін анықтады. Зерттеу нәтижесі бойынша жер­гілікті атқару органдарына бейне­камера желісін кеңейту жөнінде ұсыныс айтылды. Камерамен келі­суге не оны алдауға болмайтынын бәрі біледі. Осылайша, автоматты камера орнату көлік жүргізу мәде­ние­тін арттыруға ықпал етеді, ал жол қозғалысына қатысушылар же­лікпе жүргізушілерден қорға­лады. Сондықтан цифрлы бақы­лауды әрі қарай дамытудан біз жазалау емес, профилактикалық және тежеу әсерін күтеміз»,– деді Сәкен Сәрсенов.

«Сергек» селт етпейді

Жолда жүру ережесін (ЖЖЕ) бақылау үшін астанада 2017 жыл­дың жазында алғаш ретін «Сергек» отандық бейнебақылау кешені іске қосылды. Бақылау камералары жол қозғалысын «ақылмен» қада­ғалап қоймай, бағдаршамның қы­зыл жарығында өтіп кеткен, тоқтау сызығын басып тоқтаған немесе тыйым салынған жолақ үстінде маневр жасаған ереже бұзушы­лар­дың ешқайсысын қалт жібермей, жіпке тізіп отырды. Жаңа қондыр­ғы сол жылдың өзінде-ақ бюджетке миллиард теңгеден астам кіріс әкелді. «Сергек» бейнебақылау кешені теория бойынша ЖЖЕ-нің клас­сикалық бұзушылықтарын ғана емес, сонымен қатар температура бағамын, уыттылық деңгейін, тіпті адамның түрін де ажыратуға қабі­летті. Оның камералары 2018 жыл­дың жазында Алматыда орнатыл­ды, сосын еліміздің басқа ірі қа­лаларының көшелерінде де бір­тіндеп көріне бастады. «Сергектің» қырағы бақылауынан сескенген жүргізушілер енді жол үстінде ойқастауды азайтты, ЖЖЕ бұзу біршама кеміді. Бірақ адамнан айла асқан ба? 2020 жылы Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы күрес қызметінің өкіл­дері елордада дерекқордан «Сер­гек» камералары түсірген айып­пұлдарды өшірумен айна­лы­сатын қылмыстық схеманы әш­кере етті. Мұндай айла-шарғымен Оперативтік басқару орталығының (ОБО) бірнеше қызметкері ай­налысқаны анықталды. Олардың ішіндегі ісі сотқа жеткен тек бір қызметкердің өзі жүйеден жалпы сомасы 3 млн теңгеден асатын 268 айыпты өшіріп тастаған. Күдікке одан басқа тағы 4-5 қызметкер ілік­кен болатын, ал бұлардың қан­ша айыптарды өшіріп үлгергенін тап басып ешкім айта алмайды.

Көрпеге қарап көсілу керек-ау

Қазақстандықтар жолда жүру ережесін бұзуға байланысты тө­ленетін айып ақшаның көлемі өте үлкен екенін айтып жиі шағым­данады. Бас прокуратураның Статистикалық комитетінің есебі бойынша, біздің жолдарда ең көп кездесетін ереже бұзушылық – жыл­дамдықты шамадан тыс арт­тыру (жалпы жол-көлік оқиға­сы­ның 27,3 пайызы), көлікті басып озу (3,5 пайыз), жол белгілерін елемеу (4,2 пайыз) және мас күйде рөльге отыру (2,1 пайыз). Freedom Finance Insurance компаниясы сарапшыларының дерегіне сүйенсек, біздегі айыппұл мөлшері орташа алғанда 8-29 мың теңге аралығында түрленеді. Ал жол ережесі қайталанып бұзылып жатса, айып көлемі айтарлықтай ұлғая береді. Жылдамдықты шекті мөлшерден асырғаны үшін – 14 585 теңгеден 58 340 теңгеге дейін. Бір жыл ішінде жылдамдықты тағы арттырса – 87 510 теңге. Ішімдікке мас болып көлік жүргізгені үшін – 15 тәулік әкімшілік қамауға алу немесе 7 жылға жүргізушілік куә­лігінен айыру. Бұл әрекет тағы қай­таланса, кінәлі адам 20 күнге қа­малып, 8 жылға жүргізуші куә­лігінен айырылады. Көлікті басып озу – 43 755 теңге. Ереже бұзу қайталанса – 87 510 теңге. Салыстыру үшін айта кетсек, Қазақстан мен Ресейдің айыппұл белгілеу принциптерінде айыр­ма­шылық бар: Ресей Федерация­сы­ның Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінде нақты ережеге байланысты оның сомасы рубль­мен нақты көрсетіледі (немесе айып­пұлдың диапазоны шеңбе­рінде), ал Қазақстанда ол айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көле­мі­мен белгіленген. Бұл айыппұл со­масын автоматтық режимде рет­теуге мүмкіндік береді. Жыл сайын АЕК ұлғайған сайын айыппұлдың да көлемі көбейе түседі. Мәселен, 2021 жылы АЕК 10 пайызға өсіп, 2 917 теңгені құрады. Ал 2022 жыл­дан бастап ол 5 пайызға өсіп, 3 063 теңгені құрады. Егер Қазақстан мен Ресейдің айыппұл мөлшер­лерін салыстыратын болсақ, бізде кейбір позициялар бойынша тіпті 15 есеге дейін көп екенін көреміз. Жалпы, посткеңестік мемлекет­тердің ішінде біздің респуб­ли­ка­дағы әкімшілік айыппұл басқа­лар­ға қарағанда анағұрлым жоғары, бірақ ол өркениетті мемлекеттерге қарағанда төмен. Ол түсінікті де, Еуропа мен АҚШ-тың немесе Жа­понияның азаматтарының жыл­дық кірісі мен қазақстандық тұр­ғынның табысы мен жағдайын мүлдем салыстыруға келмейді. Израильде мүгедектерге арнал­ған орынға көлік қойғаны үшін тағылатын айып үлкен – 1 032 шекель ($258). Бұл аз сома емес, бірақ ол елдегі ең төменгі жалақы көлемінен әлденеше есе төмен – 4 992 шекель ($1 248). Бір қызығы, бұл Қазақстанда дәл осындай айып үшін төленетін сомадан теңгеге шаққанда 20 000 теңгеге төмен!

Өзге жұрттардың жағдайы – осы

АҚШ-та жылдамдықты асыр­ғаны үшін 1 000-2 500 доллар кө­лемінде айып төлейді (431 047-1 077 617 теңге). Айыптың көлемі автокөлік иесі ЖЖЕ бұзған штат­тың заңына байланысты болады. Ішімдік ішіп, рөльге отырғандар үшін әр штаттың өзіне ғана ар­налған дербес заңдары бар. Оның ең қаталы Иллинойс штатында – мәңгі бақи жүргізушілік куәлігі­нен айыру, 3 жыл түрмеге тоғыту және 25 000 доллар айып төлейді (10 776 175 теңге). Финляндияда жылдамдықты асырғаны үшін нақты айыппұл белгіленбейді, ол ереже бұзушы­ның жылдық табысына қарай алы­нады. Мәселен, сіздің табысыңыз 11 млн доллар (4 741 517 000 теңге) болса, 200 мың долларға (86 209 400 теңге) шығындануыңызға тура келеді. Егер көлікті мас күйінде жүргізсеңіз – 4 500 еуро (2 269 824 теңге) немесе 3 жылға бас бостан­дығынан айыру жазасы кесіледі. Ұлыбританияда жылдамдықты шектен тыс асырғандар 100-1000 фунт (58 743-587 431 теңге) ақша­сы­нан қағылады. Даланың жайдақ жолымен 275 шақырым/сағ жыл­дамдықпен жүрген британдыққа билік 5 780 фунт стерлинг (3 395 355 теңге) айып салған кез де бол­ған. Ішімдік ішкен немесе есірткі қабылдаған автокөлік иелері 3 000 фунт (1 762 295 теңге) айып төлейді. Украи­нада аса үлкен жылдам­дықпен жүретіндерге 340-3 400 гривен (5 401-54 017 теңге), ал көлікке мас күйінде отырғандарға 17 000 гри­вен (270 087 теңге) айып салынады немесе бір жылға жүр­гізуші куәлі­гінен айырады. Ресейде қатты жыл­дамдықпен жүргені үшін – 3 мың рубль (17 160 теңге). Бұл ере­же бұзушылық қайталанса, 10 мың рубль (57 200 теңге) айып төлейсіз немесе бір жылға жүргі­зуші куә­лі­гінен айырады. Ішімдік ішіп ұс­талған жүргізушілер 30 мың рубль (171 600 теңге) айып арқа­лай­ды.
СӨЗ СОҢЫ. Бүгінде қазақстан­дық әлеуметті толғандыратын өзекті мәселенің бірі – халықтың өмір сүру деңгейі мен әкімшілік айыппұлдар көлемінің сәйкес келмеуі. Автосүйер қауым Жолда жүру ережесі елеусіз бұзылса да, шамадан тыс көп ақша төлейміз деп шағымданады. Олар айыппұлға жылдар бойы төлеген ақшаларымыз қайда кетіп жатыр, ол қандай мақсатқа жұмсалды, оның көзге көрінетін нәтижесі қандай, тағы да басқа мәселелер бойынша құзырлы органдар нақты тергеу-тек­серу жүргізе ме екен деп алаңдаулы.