Көктем жақындаса да, алматылықтарға жылылығы сезілер емес. Өйткені Алматыдағы «қаңтар оқиғасының» ызғары әлі елдің берекесін қашырып тұрғандай. Бүлікшілер қаншама ғимараттарды бүлдіріп, өртеп жіберді. Солардың бәрі қаңтардағы оқиғаның тыртығындай көрінеді. Сауда орындарын ғана емес, кеңсе заттарын түгелімен тонап, жиһаздарды өртеп жіберген. Табыс көзінен бір сәтте айрылған кәсіпкерлер есеңгіреп қалды. Қазір ендігі тіршілігін қайта жандандыру үшін барын салуда. Сондай кәсіпкердің бірі – Айна Ермекбаева.
Орталық алаңдағы «Республика» бизнес орталығында кәсібін дөңгелетіп отырған 140-қа жуық кәсікер болған. Ғимарат өртке оранғанда, олардың да мүлкі қиратылды. Олардың бәрі осы жерде кеңсені жалға алып отырған. Енді қазір олар барар жер таппай отыр. Өйткені қаладағы бизнеске ыңғайлы ғимараттардың көбісі осылай талқандалған.
– Мына сұмдықты көргенімде жылап жібердім. Кеңсемді күл-талқан етіп, күйретіп, өртеп жіберген. Ол аз болғандай оқ жаудырған. Оны әйнектерде қалған оқтың ізінен байқауға болады. Сейфтерді көтеріп кеткен. Ноутбуктер ұрланған. Құжаттың жартысы өртенген, қалғаны жерде тапталып, өртті өшіргеннен су-су болып қалған. Шыны керек, далада қалғандай болдым. Сол кезде «ертең балаларыма не істей алам» деген ой санамды жарды. Тұрған жерімде есеңгіредім де қалдым, – дейді Айна Жұбатқанқызы.
Оның айтуынша, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы тек 30 мекемеге уақытша орын тауып берген. Алайда көбісі кеңсеге сәйкестендірілмеген.
– 17 жылғы еңбегім бір сәтте құрдымға кетті. Кәсібім күйреп, жылдар бойы жиғанымның күл талқаны шыққанына әлі де сене алар емеспін. Осыны ойлаймын да көңілім құлази береді. Не істерімді білмеймін, – деді Орталық Азия аймақтық кеңес және білім беру орталығының директоры Айна Ермекбаева.
https://youtu.be/8eJl7F7UwlU