«Қасіретті қаңтардың» ызғарын балалар да бір кісідей сезінді. Ойнап жүріп, оққа ұшқандар мен жарақат алғандардан бөлек қызық қуып алаңға барғандар жаза басып, істі болды. Әрине, балалығымен бүлікте, алаңда қоштасқандардың әрекетіне құқықтық баға беру құзырлы органдардың еншісінде. Дегенмен темір тордың арғы жағындағы санаулы күндердің өзі ерте есейткен өрендердің мәселесі тұтас қоғамды алаңдатады.
Апта аралығында Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова тәртіпсіздікке қатысы бар деп ұсталғандардың арасында кәмелеттік жасқа толмағандардың да болғанын айтты. Омбудсменнің мәліметінше, Алматы қаласы мен облысында, Жамбыл облысында ұсталғандардың арасында жасөспірімдер болған. Олар жаппай тәртіпсіздікке, ғимараттарды басып алу және қару тонауға қатысқандары үшін айыпталған екен.
Қазір жаза басып, заң бұзған жасөспірімдердің барлығы ата-аналардың кепілхаты арқылы босатылған. Тек Тараз қаласында ғана бір бала әлі уақытша ұстау изоляторында отыр.
Жамбыл облысында өңір басшысының қолдауымен құрылған қоғамдық қабылдау кеңесінің мүшесі Эльмира Мырза Ғали азаматтық қоғам өкілдерінің атсалысуымен бүгінге дейін 5 баланың бостандыққа шыққанын айтады.
– Оларға ата-аналарымен бірге біз де кепілхат беріп, бостандыққа шығарып алдық. Жасөспірімдердің барлығы бірауыздан алаңға қызық көру үшін әлдекімдерге еріп барғанын айтады.
5 ақпан күні Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымовамен бірге дәл осы мәселе бойынша 19 ананы қабылдап, жанайқайын тыңдадым. Әрине, аналар баламыз «кінәлі емес» деп шырылдайды. Бірақ олардың балаларының қару ұстағаны анықталып отыр. Қазір қамауда қалған жалғыз баланың үстінен ұйымдастырушы ретінде іс қозғалып жатыр, – дейді Эльмира Инаятқызы.
Әзірге «Қасіретті қаңтарға» қатысы бар деген айыппен күдікке ілінген кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдердің жалпы саны белгісіз. Өз кезегінде Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин да бүлікке қатысты деген күдікке ілінген әр баланың құқығының аяқасты болмауы үшін әрекет етіп жатқанын алға тартады. Ақпан айының алғашқы күндерінде Балалар құқықтары жөнінде омбудсменнің араласуымен кәмелетке толмаған 9 бала ешқайда кетпеу туралы тілхатпен тергеу изоляторынан босатылыпты. Әйтсе де, олардың әрекетіне құқықтық баға беру үшін тергеу амалдары тоқтатылмаған.
Заңгер Ғалым Саржановтың пікірінше, кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдерді заңға қайшы әрекеті үшін жауапкершілікке тартуға ешқандай кедергі жоқ.
– Қылмыстық кодексте азаматтардың жасаған қылмысы үшін қай жастан бастап жауапкершілікке тартылатыны нақты жазылған. Мәселен, ұрлық жасаған 14 жастағы бала өз әрекеті үшін заң алдында жауап береді. Әрине, оларға әуелі сот-психологиялық сараптама тағайындалады. Сараптама жасөспірімнің ешқандай психологиялық ауытқушылығын жоқ екенін растаса, олар жауапкершілікке тартылады. Әрине, сот шешім шығаруда жасөспірімнің жасын назарға алуы мүмкін. Соған сай жеңілдеу жаза берілуі де ғажап емес, – дейді заңгер.
Қанша жерден жеңіл жаза тағайындалуы мүмкін деп жылы жапқанымызбен, сот шешімімен істі болғандарға қатысты біздегі көзқарас белгілі. Осыдан-ақ бірер жылын темір тордың арғы жағында өткізген жасөспірімнің кейінгі тағдыры қалай боларын шамалай беріңіз. Оның жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны үшін жазалануы жағдайды тіптен қиындата түсетіні анық. Демек, баласын қорғау қолында жан дәрмені қалмай шырылдап жүрген ата-аналарды түсінуге болады. Алайда қылмыстың өтеуі жаза екенін ұмытпайық! Ал оның қылмысқа қатысы бар-жоғын дәлелдеу не жоққа шығаруда құқық қорғау органдарының кәсібилігі сыналмақ.
Айтпақшы, жасөспірімдердің «Қасіретті қаңтардағы» белсенділігі турасындағы әңгімені 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасымен байланыстырып жатқандар да бар. Расында, көпшілік негізінен студенттер мен жұмысшылар қатысты деп білетін Желтоқсан оқиғасында 16-17 жастағы жасөспірімдердің бой көрсеткені тарихи негізі бар дерек. 17 жасында сол қасіретті күндерді көзбен көрген желтоқсаншы Думан Оразбаевтың көрген құқайы аз болмаған.
– Желтоқсан оқиғасына қатысты деген айып тағылып, істі болғандардың ең жасы мен болдым-ау шамасы. Сот шешімімен 3 жыл бас бостандығымнан айырылдым. Оның алғашқы 1,5 жылын Өскемендегі кәмелетке толмағандарға арналған колонияда өткіздім. Колониядан кейін жазаны өтеу мерзімі қысқарып, бостандыққа да 1,5 жылда шықтым, – дейді Думан Оразбаев.
Алматыдағы жастарды қолдап Қарағандының орталық алаңына шыққанда елордалық Гүлден Мусинаның да жасы небәрі 17 жаста болған екен.
– Атышулы 60-баппен айыпталып, кесімді мерзімді Көкшетау қаласындағы қатаң режимдегі түрмеде өтейтін болғам. Сот бір күннен соң басқаша шешім шығарып, сол кездегі Целиноград қаласына шартты түрде еңбекпен түзеуге жіберді. Кесімді мерзім аяқталған соң Қарағанды медицина университетіне бардым, олар мені танып, 5 жылға дейін бұл оқу орнына түсе алмайтынымды ескертті, – дейді Гүлден Мусина.
Әрине, арада 35 жыл уақыт өтсе де, Желтоқсан жаңғырығы жұр жадында. Дегенмен аты жаппай тәртіпсіздік болғанымен «Қасіретті қаңтар» бір мезгілде бірнеше өңірді қамтуымен және сыртқы күштердің ықпалының басым болуымен, құрбандарының санымен ерекшеленді.
Ең өкініштісі, «Қаңтар бүлігіндегі» кей эпизодтарда жасөспірімдердің шектен тыс белсенділігі байқалады. Тіпті, Таразда әкесімен бірге алаңға шыққан жасөспірімнің бүлікшілерге жанғыш сұйықтық таратқаны дәлелденді.
Қалай десек те, «Қаңтар бүлігі» балалардың қамсыз балалығына өшпес із қалдырып кетті. Жаппай тәртіпсіздікке біліп, білмей қатысқаны үшін жауапкершілікке тартылып жатқандар өз алдына. Бүлікшілер лаң салған маңында қам-қарекетсіз жүрген бейкүнә балалар да оққа ұшты. Кейбірі ауыр жарақаттанып, төсекке таңылды. Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Байсеркин бүлік кезінде 2 баланың қайтыс болғанын, тағы 7 баланың оқ тиіп ауруханаға түскенін мәлімдеді. Демек, осыншама бала бүлік салдарынан балалығымен мерзімінен бұрын қоштасты.
Бұлардың сыртында жаппай тәртіпсіздік кезінде әкесінен, анасынан, бірге туған бауырынан айырылған бейкүнә балалардың қасіреті жатқанын да ұмытпауымыз керек.