Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия» құрылған еді. Комиссия соңғы екі жылда қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөнінде қомақты істерді бастап кетті. Бүгінге дейін тарихшылар қандай жұмыс атқарды? Архивте қалған жабық тақырыптарды аша алдық па? Келешекте атқарылатын істер қандай? Бұл сауалымызды комиссия мүшелеріне қойған едік.
Тарихшы, профессор Гүлжауһар Көкебаеваның айтуынша, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау біркүндік немесе біржылдық мерзімде іске асатын шара емес. «Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 24 қарашадағы Жарлығы бойынша саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Мемлекеттік комиссияның негізгі міндеті – саяси қуғын-сүргін құрбандарын заңдық және саяси тұрғыдан ақтау. Комиссияның атауындағы «толық ақтау» деген сөзге назар аударайық. Толық ақтау үшін ең алдымен саяси қуғын-сүргін құрбандарының барлық санаттарын анықтау қажет. Осы мәселені зерттеп, анықтау үшін мемлекеттік комиссияның жұмыс топтары құрылды. Мен соғыс тұтқындары мәселесін зерттейтін жұмыс тобына жетекшілік етемін. Соғыс тұтқындары бұрынғы ақтау туралы құжаттарда нақты түрде қарастырылған жоқ деуге болады. Соғыс тұтқындарының өзі бірнеше санатқа бөлінеді, соған орай олардың жазалану жағдайларын тексеріп, зерттеп, қорытынды жасауымыз қажет», – дейді.
Тарихшының айтуынша, саяси қуғын-сүргін саясаты тоталитарлық коммунистік режим орнаған барлық елдерге тән құбылыс еді. Кеңес Одағында бұл процесс үнемі жүріп жатты, әрбір кезеңде оның тек масштабы мен түрі ғана өзгеріп отырды. Соғыстан кейін Кеңес Одағының ықпалына түскен Шығыс Еуропа елдерінде 1948-1953 жылдары «идеологиялық» және «таптық» жауларын жазалау шаралары кең етек алды. Кеңес Одағында жеке басқа табынушылықтың зардаптарын жою науқаны басталғанда Шығыс Еуропа елдерінің басшыларына да саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға нұсқау берілді. Ақтау шаралары осы елдердегі саяси ахуалға орай әртүрлі деңгейде жүрді.
Гүлжауһар Көкебаева өзі жетекшілік ететін соғыс тұтқындары тақырыбында да бірқатар тың деректің бар екенін айтады. «Соғысушы әскерлердің бір-бірін тұтқынға алуы – кек қайтару да, жазалау да емес, тек қана осы соғыс тұтқынының алдағы уақытта соғыс қимылдарына қатысуына жол бермеу мақсатындағы қамау әрекетi. Сондықтан соғыс тұтқынына қылмыскер немесе сатқын ретінде қарауға болмайды, олар халықаралық құқық ережелерімен қорғалуға тиіс. Бірақ Кеңес өкіметі соғыс тұтқындарының құқықтарын қорғайтын халықаралық келісімдерді мойындамаумен қатар, тұтқынға түскендерді сатқын деп айыптады. 1941 жылы 16 тамызда КСРО Мемлекеттік Қорғаныс комитеті тұтқынға түскен Кеңес жауынгерлерінің отбасылары мен туыстарын қуғындау туралы №270 бұйрықты шығарды. Осылайша, кеңестік әскери тұтқындар ұзақ жылдар бойы қоғамдық санада «сатқындар», «опасыздар», «халық жаулары» деген түсінікпен теңестірілді. Екiншi дүниежүзiлiк соғыста Германияның да, Кеңес Одағының да соғыс тұтқындарына қатысты халықаралық құқық ережелерi мен заңдылықтарын сақтамағаны даусыз. Демек, кеңестiк соғыс тұтқындары екi тоталитарлық мемлекеттiң, екi диктатордың арасында жаншылып, қорғансыз, мүсәпiрлiк жағдайға түсiрiлген. Елге қайтқан соғыс тұтқындарын жинақтап, тексеру үшін арнайы лагерьлер және жинақтау-іріктеу пункттері құрылды. Осы жерлерге жинақталған соғыс тұтқындары тексеруден өткізіліп, біреулері НКВД қарамағындағы арнайы лагерьлерге, екіншілері соғыста қираған аудандарды қалпына келтіруге жіберілді, үшіншілері туған жерлеріне қайтты. Арнайы лагерьлерге жіберілгендердің басым бөлігі сотталып, ұзақ жылдарға айдауға кетті. Туған жеріне оралғандарға төлқұжаттың орнына арнайы куәлік берілді және басқа облыс, аудандарға шығуға тыйым салынды. Соғыста қаны мен жанын беріп, аямай алысқан, бірақ қапияда қолға түсіп қалған арыстай азаматтардың бетіне шіркеу түсті. Олардың ақ-қарасын айырып, арына түскен таңбадан арылтуға жол берілген жоқ, осылайша қаншама адамның Отанына сіңірген еңбегі ескерілмей қалды», – дейді тарихшы.
Гүлжауһар Көкебаеваның айтуынша, 1948 жылы 21 ақпанда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының «Аса қауіпті мемлекеттік қылмыскерлерді жазасын өтеу үшін КСРО-ның қашық өңірлеріне жер аудару туралы» жарлығы шықты. «Аса қауіпті мемлекеттік қылмыскерлер» қатарына бұрынғы әскери тұтқындар да жатқызылды. Осылайша, 1948-1949 жылдары қайта оралғандарға қарсы қуғынның екінші толқыны басталды. 1955 жылы 17 қыркүйекте КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысы кезеңінде басқыншылармен ынтымақтасқан кеңес азаматтарына кешірім жасау туралы» жарлығы шықты, осы жарлық бойынша бұрынғы Кеңес соғыс тұтқындары кеңестік лагерьден босап шықты. Алайда «кешірім жасау» (амнистия) ақтау емес, демек бұл жарлық фашистік тұтқында азап көріп, елге қайтқан соң тағы да «сатқын» атауымен лагерьде отырған Кеңес жауынгерлерін тағы да қорлау болған еді, сондай-ақ «басқыншылармен ынтымақтасқан» деген сипаттаманың өзі соғыс тұтқындарының барлық санаттарына тән емес екенін ескеру керек. КСРО ыдырап кеткен соң Ресейде саяси қайраткерлер мен ғалымдардың бастамасымен әскери тұтқындар туралы мәселе қайта қаралды. РФ Президенті 1995 жылы 24 қаңтарда «Ұлы Отан соғысы кезеңінде және соғыстан кейінгі кезеңде елге оралған бұрынғы әскери тұтқындардың және бейбіт адамдардың – Ресей азаматтарының заңды құқығын қалпына келтіру туралы» жарлыққа қол қойды. Ресей заңдарының егеменді Қазақстан жерінде заңдық күші жоқ, демек бұрынғы қазақстандық соғыс тұтқындарының азаматтық құқықтары әлі заң жүзінде қалпына келтірілген жоқ. Бұл мемлекеттік комиссияның жұмыс тобының алда атқаруға тиісті міндеттерінің бірі.
Ал тарихшы Рашид Оразов: «Басты бір міндет – зерттеушілер үшін бұрын жабық болған қорлардағы материалдарды зерделеп, оларды құпиясыздандыру туралы арнайы заң шығару органдарына ұсыныс беру екенін баса көрсеткеніміз орынды. Кеңестік заманда жазықсыз қудаланып, атылған кейбір тұлғалар 1956 жылдары ақталды. Бірақ өкінішке қарай аталған тұлғалардың істері зерттеушілерге берілмей жабық архивтерде жатқаны белгілі. Біраз уақыт бұрын бұл істер ҰҚК архивінен ІІМ архивіне берілді. Бүгінде ІІМ арнайы архивінен аталған істер Президент архивіне өткізілуде. Комиссия 59, 84-баптармен айыпталғандарға ерекше назар аударуда. 59-баппен сотталғандар Кеңес өкіметінің жүргізген түрлі реформаларына қарсы қолына қару алып күрескендер осы уақытқа дейін ақталмаған. Ал жабық архив қорларындағы құжаттарды қарау барысында 84-баппен айыпталғандар заңсыз шекараны бұзғандар, әсіресе бұл баппен Қытаймен шекаралас аудандардың азаматтары көп зардап шеккені анықталып отыр. Бұдан бөлек, «экономикалық қастандық жасады» дейтін айыппен сотталғандар тағы бар. 107, 109, 111-баптар да қуғын-сүргін кезінде азаматтарға айып ретінде тағылған», – дейді. Оның айтуынша, 1929-1931 жылдардағы шаруалар көтерілісіне қатысқандар әлі ақталған жоқ. 1927 жылғы бай-кулактарды тап ретінде жою жөніндегі қаулыға байланысты тәркілеуге ұшырап, сондай-ақ 1929-1931 жылдардағы көтерілістерге қатысып, кейін Қытайға, Моңғолияға, тағы басқа жаққа амалсыздан қоныс аударуға мәжбүр болғандар бар. Оларды кеңестік билік «бандиттік топтар», «бандиттік шайкалар» деп айыптаған. Олар не заңдық азаматтық тұрғыдан, әлеуметтік-саяси тұрғыдан ақталған жоқ. Кеңестік биліктің ОГПУ органдары кезінде көтеріліске қатысқандарды «бандитизммен», «бандиттік топтарға қатысты» деп айыптады. Сондықтан көтеріліске қатысқандар осы бапқа негізделіп ақталмай жатыр. «Негізі, бұл көтеріліске қатысқандар ешқандай бандит емес, ешқандай бандиттік топтарға қатыспаған, саясатпен шаруасы жоқ, қарапайым шаруа адамдары болатын. Олар өздерін, өздерінің отбасын қайтсек аман сақтап қаламыз деп Кеңес өкіметінің ұжымдастыру, тәркілеу сияқты реформаларына наразылық танытқандар екенін құжаттардағы деректер арқылы көз жеткізіп отырмыз», – дейді.
Тарихшы архив құжаттарында 30-жылдардағы аштық кезінде аман қалуды ойлаған қазақтар осы жағдайдан шығудың жолын іздегенін, аздаған меншіктерін сатқанынша сатып, Қазақстанды тастап, көршілес мемлекеттерге – Өзбекстан, Қырғыз мемлекеті, Қытай, Монғолия, тіпті шығыс Ауғанстан шекарасына дейін көшкенін айтады. Олар төрт-бес ірі қара малын қорғайтын жер таппай, бір жерден екінші жерге көшіп жүрді және олардың көпшілігі түрлі тонауға ұшырап, барлық жолда ұрылардың жемі болады. Жол бойы аздаған қазақтарды тонамаған басмашылар қалмаған.
«Ал қырғыз жеріне аштықтан босып барған қазақтардың тарихи тағдыры мына мәліметте төмендегідей көрсетілген. Қырғыз Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы прокурорының айтуынша, құрбан болғандар негізінен балалар екен. Көшпелі қазақтар арасында аштық барысында адам жегіштік оқиғалары жиілеген. Сонымен, 7 маусым күні Тоқмақ қаласының Фрунзе ауданы көшпелі қазақтарды тамақтандыратын жердің жанында 6 жасар қазақ қыздың мәйіті табылды, ішегі мен басы жерде жатқан, ал баланың денесі қазірдің өзінде қазанға пісірілген болатын. Тергеу анықтағандай, қызды аштықтан аман қалу үшін 3 ер адам мен әйелдер пышақтап өлтірген. Сол жерде, басқа да жерден тамаққа дайындаған қыздың мәйіті табылды. Жалпы, тамақтану пунктінің айналасынан адамның бірқатар сүйектері (кеуде, қабырға, жілік, жамбас сүйектері) табылды. Қазақ босқыншылары үшін осындай қиын азық-түлік жағдайына қарамастан, РКФСР Халық Комиссарлары кеңесінің осы жылғы 21 наурыздағы №246 шешімі бойынша, қазақтарға көмек ретінде Қырғыз АССР-інен – 1 225 000 сом ақша бөлдірткен, өкінішке қарай бұл қаржы әлі түспегенін айтқан (ҚР ОМА. 30-қ. 7-т., 151-іс.)», – дейді.
Комиссия жұмысы әлі біткен жоқ. Жалғасып жатыр. Тарихшылар ХХ ғасырдағы аштық қасіретінің санын нақты құжаттармен айқындау, босқан қазақтардың тағдыры мен санын анықтау, Екінші дүниежүзілік соғыс құрбандары мен із-түзсіз кеткендерді, тұтқында болғандардың тарихына қатысты істерді бұғаудан шығару міндеттері тұрғанын айтады. Яғни, саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың соңғы адамы ақталғанға дейін комиссия жұмысын тоқтатпайды деп сенеміз.