Алматы облысында ерлі-зайыптылар 350-ден астам адамды алдап соққан
Алматы облысында ерлі-зайыптылар 350-ден астам адамды алдап соққан
324
оқылды
«Елім-ай» тұтынушылар кооперативі» қаржылық пирамидасы 2 мыңнан астам азаматтың 1,3 млрд теңге қаражатын қалтасына басқан. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады. 
«Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы облыстық аумақтық департаменті қаржы пирамидасы басшыларының 2019 жылдың қарашасынан 2021 жылдың қарашасына дейін еліміздің 12 өңірінің аумағында пайызсыз займ ұсыну арқылы жылжитын және жылжымайтын мүлік сатып алуға көмек көрсету желеуімен 2 мың салымшының 1,3 млрд теңге қаражатын тартқанын анықтады. Кооператив құрылтайшыларының оны тіркеуге және қаржылық-шаруашылық қызметіне іс жүзінде ешқандай қатысы жоқ. Құрылтайшылық және өзге де құжаттарға қол қоймаған. Тұтынушылар кооперативі өз қызметін қолданыстағы заңнаманы бұза отырып жүзеге асырған. Қазірдің өзінде қаржылық пирамида басшылығын қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы шағыммен зардап шегуші деп танылған 350-ден астам азамат жүгінді. Сот санкциясымен аталған кооперативтің есеп айырысу шотындағы ақша қаражаты, жылжитын және жылжымайтын мүліктер бұғатталды», - делінген хабарламада.
Ведомствоның мәліметінше, тергеу соты екі күдіктіге қатысты тұтқынға алу түріндегі бұлтартау шарасын таңдады. Шымкент қаласының, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Түркістан облыстық департаменттері де аталған өңірлердің аумағында қаржы пирамидасына басшылық ету фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу бастады. Прокуратураның үйлестіруімен дәлелдерді жинау, сонымен қатар күдіктілер шығарған активтерді іздеу бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
«Сіздерді мұқият әрі абай болуға, қысқа мерзімнің ішінде жоғары табыс әкелетін күдікті ұсыныстардан бас тартуға шақырамыз. Егер сіз «Елім-ай» тұтынушылар кооперативі» қаржылық пирамидасының зардап шегуші болсаңыз, онда ҚМА-ның мына телефон нөміріне шұғыл хабарласыңыз: +7(7172)708-478», - делінген ведомство хабарласында.