Қазақстанда ірі мемлекеттік банк бар екенін халық біле бермейді. Себебі түсінікті: ол мембанк тек ірі компанияларды, үлкен жобаларды қолдауға қызмет етеді, соларға қаржы ұсынады. Әңгіме Қазақстанның даму банкі туралы. Ел Президенті оның қаржылық-өнеркәсіптік топтардың қалтасындағы банкке айналып кеткенін ашық айтты. Сыннан кейін ҚДБ-да реформа жүргізіліп жатыр. Нәтиже бар ма?
Президент айтты, не өзгерді?
2022 жылғы 11 қаңтарда Мәжілістің жалпы отырысында сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев ҚДБ-ны қатаң сынға алды. Оның пайымдауынша, мемлекеттік қолдау шаралары шағын және орта бизнеске қолжетімсіз, оны негізінен олигополиялық топтар иеленіп кеткен. Қалыптасқан жүйе «достарыма – барлығы, қалғандарына – заң бойынша» қағидатымен ірі құрылымдарға қызмет етуге бағдарланған.
–Бұл жүйе экономикадағы олигополияны одан сайын күшейтеді. Үлкен кәсіпорындар айрықша артықшылықтарға ие, бәсекелестікті басып-жаншиды, реформалар жүргізуге кедергі келтіреді. Қазақстанның даму банкі сайып келгенде, қаржы-өнеркәсіптік және құрылыс топтарынан тұратын тұлғалардың шектеулі шоғырының жеке банкіне айналып кеткен. Біз олардың кім екенін аты-жөніне дейін білеміз! Үлкен кабинеттерге еркін кіре алатынын пайдаланып, олар төл жобаларын жүзеге асыру үшін артықшылықты жағдайға қол жеткізеді, – деген Қ.Тоқаев Үкіметке ҚДБ-ның қызметін қайта құруды жүктеді.
Осыдан кейін аталған банктің басшылығы қызметтерінен кетті: аталған банкті Абай Сарқұлов 2019 жылдан бері басқарып келген еді.
Бүгінде банктің жаңа басшылығы ҚДБ қызметінің ашықтығын арттыру бағытында өзгерістерді жүзеге асыруға тырысып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында «Қазақстанның даму банкі» АҚ қызметін реформалау мәселесін жаңа Үкімет басшысы Әлихан Смайылов жеке бақылауына алған. Не өзгермек?
«ҚДБ» АҚ – «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің еншілес ұйымы, ал «Бәйтеректің» жалғыз акционері – Ұлттық экономика министрлігі. Осы ведомство холдингпен бірге «Қазақстанның даму банкі» АҚ қызметін реформалау тұжырымдамасын әзірлеп шықты. Бірден айта кетелік, жаңғырған мембанктің өзі бәрібір «гигантизмнен» арылмайды екен.
«Біріншіден, реформалаудан кейін ҚДБ жоғары және орта деңгейде өңделген шикізаттық емес өнімдер өндірісін жеңілдікпен қаржыландыруға басымдық беретін болады. Бұлардың бәрі – масштабы үлкен, көп капиталды қажет ететін ауқымды инвестициялық жобалар. Олардың ел үшін стратегиялық және экономикалық маңызы бар, өтелу мерзімі ұзақ. Бұған қоса, ҚДБ экспортқа бағдарланған өндірістерді қаржыландыруға екпін түсіреді. Екіншіден, технологияларды елге әкелуге, импорт алмастыруға және инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жобаларды несиелендіруге де баса назар аударады», – деді «Бәйтерек» ұлттық холдингінің басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев.
Үшіншіден, ҚДБ қызметін реформалау – оның банктік өнімдеріне өзге инвесторлар мен компаниялардың да қол жеткізуіне, төртіншіден, қызметтердің жедел көрсетілуіне ықпал етуге тиіс. Мысалы, өтінімдерді қарау мерзімін бұған дейінгі 153 жұмыс күнінен 80 жұмыс күніне дейін қысқарту көзделіп отыр.
Бесіншіден, несиелік өтінімдерді қабылдауға және қарастыруға арналған жеке цифрлық платформа енгізілмек. «Банк-Клиент» атты қашықтан қызмет көрсетуге арналған цифрлық банк сервисі іске қосылады. Сол арқылы клиенттерге операциялық қызмет көрсету мерзімдері қысқарады және несиелік өтінімдердің мәртебесін ашық қадағалауға болады.
Биржаға жат, олигархтарға жақ болды
Жасыратыны жоқ, ҚДБ-ны реформалау талаптары бұрын да жасалған. Үлкен кабинеттер ішінде көзден таса, назардан тыс жүрген талас-тартыстар, топтар арасындағы текетірестер ақыры Үкімет отырысында журналистер көзінше дау-жанжалға ұласқанына куә болғанбыз. Оқиға 2004-2005 жылдары өрбіді. Үкімет тартқан экономист мамандар ҚДБ-ны ішінара жекешелендіруді ұсынды. Сарапшыларға сенсек, осы арқылы «екі жеп, биге шығуға» болатын еді. Бір жағынан, мембанкті листингтесе, биржа талаптарына сәйкес оның қызметінің ашықтығы қамтамасыз етіледі. Екінші жағынан, оның акцияларының бір бөлігін жекеменшік жинақтаушы зейнетақы қорлары сатып ала алады. Өйткені қазақстандықтардың жиып жатқан зейнетқаржысының «бір басын екі етуге» уәде берген сол кездегі ЖЗҚ-лар теңгеге теңге қоспақ түгіл, инфляцияның шығынын да жаба алмай жатқан болатын. Бұл ретте зейнетақы активтерін басқаратын ұйымдар басшылары «Қазақстанда табысы жоғары қаржылық құралдардың тапшылығын» айтып, зар жылағанда, етегі жасқа толатын. Әлемдік биржаға шығуға шектеулер бар-тын.
Сондықтан ЖЗҚ-лардың аузын майлап, бетіне қан жүгіртудің жан-жақты жолдарын іздеп, басын тауға, тасқа соққан Үкімет экономистерінің көзіне ҚДБ секілді «майлы жілік» түсті.
Осы даму банкінің толығымен мемлекетке түгесілі акция пакетінің бір бөлігін ЖЗҚ-лар арасында бөліске салу идеясы биік мінберден алғаш рет 2004 жылдың 3 желтоқсанында айтылды. Бұған биліктегілердің бір тобы қарсы екені байқалды. Олардың ұстанымын білдіру үшін мінберге әдейі сұранып шыққан «Қазақстан даму банкі» АҚ-ның президенті Қамбар Шалғымбаев мұндай қадамға қарсы екенін мәлімдеді. Бірақ сол жолы экономистер жеңді: артынша Үкімет қабылдаған «2005-2007 жылдарға арналған құнды қағаздар нарығын дамыту» бағдарламасына зейнетақы қорларына ҚДБ акцияларын сатып алуға мүмкіндік беретін бап енді де кетті.
Дегенмен 2005 жылғы ақпанда, осы мәселе талқыланған Үкіметтегі жиында қызылкеңірдек айтыс қайта өрбіді. Сонда «Айқын» газетіне сұхбат берген Қамбар Шалғымбаев өз ұстанымдарынан табан аудармай, соңына дейін баратын сыңай танытты: «Әңгіме ҚДБ-ны жекешелендіру айналасында өрбіп жатыр, бұл тіпті бағдарламада қарастырылған. Алайда бұған қатысты ҚДБ-ның өзіндік, өзгеше пікірі бар және ол алдағы болашақта даму банкінде ешқандай жекешелендірудің болмайтынын білдіреді. Бұл ЖЗҚ-ларға да пайда әкелмейді, себебі олар зейнетақы активтерін кірісі жоғары құралдарға салуы керек. Ал ҚДБ-ның несиелік портфеліндегі маржа-кіріс небәрі 1,3 пайыз ғана. Инфляция көлемінен 7 есе төмен! Осыдан кейін не айтуға болады?!» – деп түсіндірді ол.
Биліктегі арпалыс немен тынғаны мәлім. ҚДБ жекешелендірілмеді, 100 пайыз акциясы Үкімет қолында қалды. Оның орнына ол Президент айтқандай, қаржы-өнеркәсіптік және құрылыс топтарының, олигархтардың шектеулі шоғырының жеке банкіне айналып кетті. Ал 2013 жылы мемлекет салымшыларға еш пайда әкеле алмаған ЖЗҚ-ларды жауып, олардың активтері негізінде «БЖЗҚ» АҚ-ын құрды.
Біреуге – көл, біреуге шөл ме?
ҚДБ қаржыландырған жобалар арасында жақсысы да, жасығы да жетерлік. «Жүргізушілер жақсы біледі, бензиннің таза болмауынан шетелдік қымбат көліктер жиі істен шығып жатады. Сондықтан банктің қаржыландырылуымен Қазақстанда тұңғыш рет бидайды барынша терең өңдеу негізінде жоғары октандық, экологиялық таза отындық биотұнба өндіру бойынша өндірістік кешеннің жобасы қолға алынбақ. Жалпы құны 70,1 миллион доллар болатын кешен СҚО-дағы Тайынша қаласында бой көтереді», – деп хабарлады 2005 жылы ақпарат құралдарына «ҚДБ» АҚ аппаратының жетекшісі Юрий Козлов.
2006 жылы СҚО-да «Биохим» зауыты ашылды. Жоба ақырында 94 млн долларға (сол кездегі бағаммен 12 миллиард теңгеге) түскен. Алайда кәсіпорын дұрыс өнім шығара алмаған күйі, 2011 жылы жабылып тынды. Дегенмен астықты шикізат түрінде сата бермей, одан өнім өндіру, өңдеу маңызды. Сондықтан Үкімет бұл жобаға жаңа инвестор тауып, қосымша 11 млрд теңге қаржы құйып, атауын өзгертіп, қайта жандандырды. СҚО әкімі Құмар Ақсақаловтың мәліметінше, кәсіпорын 2021 жылы 4 мың тонна биоэтанол өндірген. Салыстыру үшін айтсақ, зауыт қайта іске қосылғанда оның жылына 20 мың тонна биоэтанол өндіретіні, болашақта 36 мың тоннаға жеткізетіні жарияланды. 2006 жылы осындай тіпті 57 мың тонна өнім жасайтыны мәлімделіп еді. Барлық жоспар межесі тым алыс. Зауытта, сондай-ақ 6 мың тонна глютен және 10 мың тонна крахмал шығарылады. Сарапшылардың әзілдеуінше, зауыт толық қуаттылығына шыққанда автокөліктер әлемде толығымен электрге, гелийге және атомдық шағын реакторларға көшіп болады.
ҚДБ қаржыландырылған табысты жобалардың бірі – 2004 жылы елордада іске қосылған, ұяшықты бетоннан құрылыс өнімдерін шығаратын зауыт. ҚДБ оған 6,04 млн доллар несие берді. «Экотон+» АҚ акционері Бауыржан Баймұхановтың мәліметінше, компания 2012 жылы ҚДБ-дан алған заемын толық өтеді: бүгінде зауыттың экобетонын пайдаланып, құрылыс компаниялары елде 10,5 миллион шаршы метр тұрғын үй тұрғызды. Бірақ бұл экспортқа бағдарланған өнім емес. Зауыт өз өнімдерін Ақмола, Қостанай, Қарағанды, Ақтөбе, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау, БҚО және Түркістан өңірлеріне сатады.
Қазақстанның даму банкі Қостанайда жаңа заманғы АМЗ-МАН қозғалтқышын жасауды, ауыл шаруашылығы техникаларын жөндейтін сервистік орталықтар ашуды, Шымкентте тоқыма, бояу-өңдеу өндірісін қалпына келтіруді, мақта-мата өнімдерін шығару кластерін дамытуды, Алматы облысында қағаз фабрикасын қаржыландыруды қолға алды. Олардың біразы мемлекет қаржысын босқа шығындап, жабылып қалды.
ҚДБ-ның ондаған миллиард теңге алған ірі клиенттері арасында «ҚазАзот», Eurasian Resources Group, Транстелеком, Altyn Shyghys ЖШС, EkibastuzFerroAlloys ЖШС, Hyundai Trans Kazakhstan, RG Gold және басқасы бар. «Атырау мұнай өңдеу зауытына 3 миллиард доллардан (!) астам, «ПетроКазахстан Ойл Продактске» 2 млрд доллар қаржы берген.
«Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайын» реконструкциялауға – 92,5 млрд, Түркістанда «Керуен сарай» кешенін салуға Turkistan Silk Way Harbor компаниясына 87 млрд теңге бюджет қаржысын жұмсаған.
Кейбір мамандар ҚДБ қаражаты қайтарымды несие екенін тілге тиек етеді. Бұл ретте өзге сарапшылар мына мәселеге назар аудартады: 2021 жылдың 12 қарашасында KASE ҚДБ-ның еншілес ұйымы «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ (бұрынғы «БРК-Лизинг») 3-рет облигацияларын шығарып, биржаға сатқанын хабарлады. Нәтижесінде, жылдық 12,4 пайыз ставкасымен 50 миллиард теңге тартты. Соның алдында 2020 жылғы 11 қарашада (10 жылға 11,8 пайыз ставкамен) және 2021 жылғы 19 наурызда (10 жылға 11,5 пайыз) биржада 2 рет облигация орналастырды, жалпы сомасы 100 миллиард теңге тартты. Ұйымның бюджетке қол жаймай, қаржыны нарықтан алғаны қуанышты емес пе? Мұнда гәп бар.
Кz.expert порталы сарапшыларының түсіндіруінше, ұйым өз клиенттеріне 3 пайыз ставкамен жеңілдікті несие таратады: «Егер ірі компаниялар 150 млрд теңгені осы ставкамен толық игерсе, ұйым жыл сайын 13,35 миллиард теңгеге шығын шегіп отыратын болады». 12,4 пайыздан алып, 3 пайыздан үлестірген соң шығынға батпағанда қайтеді? Әйтсе де, ҚДБ кейбір ірі жобаларға 1,5 пайыз, ал кейбіріне 15 пайыз ставкамен қарыз беретіні оның сайтында көрсетілген. «Ала қойды бөле қырқу» қағидаты аңғарылады.