Шыны керек, Шымкентте, тіпті тұтас Түркістан өңірінде «ҚазТрансГазАймақ» мекемесіне көңілі толмайтындар көп. Біресе күн қатты суығанда жылудың қуаты азайса, біресе нағыз керек кезде жылуды өшіріп тастап, жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Бәрінен бұрын тұрғындарды төлемақысында шикіліктер жиі болатыны мазалайды. Ал мекеме ғимаратының есігі тұрғындар үшін үнемі жабық. Халықпен кері байланыс дұрыс жолға қойылмаған. Сондықтан болар, тұрғындар өтініші мен наразылығын кімге айтарын білмей ғимарат есігін күзетіп-күзетіп қайтады.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Ернар Қоспаев жыл басынан бері тұрғындардан келіп түскен 40-қа жуық арыздың басым бөлігі «ҚазТрансГазАймақ»-тың Шымкенттегі өндірістік филиалына тиесілі екенін айтады. Бүгінге дейін 10-ға жуық арыз шешімін тапқанын жеткізді. «Әр үйге барып, газдың есептеуішін жазып алып кететін бақылаушылар есептеуішті артық көрсетіп қояды дейтіндер көп. Себебі түбіртектердегі төлемақылар жазылғаннан артық шығып тұрады. Одан бөлек, жарамдылығы 5 жыл деп бекітілген есептеуіштердің уақыты өтіп кеткен соң оған әр айналғанына үстемеақы қосылады. Яғни, бұрынғы бағадан әлдеқайда жоғары болып кетеді. Заңдылығы бойынша мұндай жоғары үстемеақымен екі айдан артық есептеуге болмайды. Ал олар 1 жылға дейін қосып есептеп, осылайша монополиялық үстемеақы жағдайын пайдаланып тұтынушылардың құқықтарын бұзу деректері жиі кездеседі», – дейді департамент басшысының орынбасары. Шағым айтушылардың тағы бір парасы «ҚазТрансГазАймақ» мекемесі басшысының қабылдауына кіре алмайтынын, арызға жауап қатпайтынын айтып күйінеді екен.
Былтыр түбіртекте төлемдерді артық жазу деректері бойынша тергеу тағайындалып, іс сотқа жолданыпты. Соттың шешімімен «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Шымкенттегі өндірістік филиалына 4 млн теңге айыппұл салынған. Соған қарамастан, одан сабақ алып жатқан мекеме жоқ, сол баяғы сарынымен тұтынушылардың құқын таптауды жалғастырып келеді екен. Оған түсіп жатқан арыз-шағымдар дәлел бола алады. Бір көше ғана емес, түгелдей ауыл-аймақ тұрғындары шағым жасайтын деректер де бар. Әсіресе, Шымкенттің Достық, Самал-3 шағынауданы тұрғындарының айтары көп.
Одан бөлек, метрологиялық талаптарға сай табиғи газдың құны қысқы маусымда басқа, жазғы маусымда бөлек тарифпен есептеледі. Бұл жағдай да кейде түсінбеушілік тудырып жатады.
Сонымен бірге тұрғындарды мазалайтын тағы бір мәселе бар. Газдан ақау шықса қараймыз, жөндеп береміз, тексеріп тұрамыз деп келіп, қағазға қол қойдырып, ол үшін жылына бір рет ақы төлейсіздер деп, ақшасын алып кететін мекемелер көбейген. Олар бұл келісімшартқа отыру міндетті деп сендіреді. Алайда сол кеткеннен мол кететін мекемеден бас тартсаңыз тағы болмайды. Заңдылығы солай екен. Дегенмен осындай мекемелердің көбейгені көңілге күлік ұялатады. Сонымен қатар газға қатысты қандай да бір ақау шыққанда шақыра қалсаңыз келіп тексермегені былай тұрсын, тұшымды жауап та ала алмайсыз.