Телекоммуникация монополистердің меншігі ме?
Телекоммуникация монополистердің меншігі ме?
© коллаж: Әсел Балтақызы
213
оқылды
Интернет біздің өмірімізге дендеп енгені сондай, әрбір күнімізді онсыз елестету мүмкін емес. Жаңалықтар оқып, ақпарат алсақ та, әлеуметтік желілер арқылы бір-бірімізбен хабарлассақ та, интернеттің шексіз мүмкіндігіне жүгінеміз. Біріккен Ұлттар Ұйымының интернетке қолжетімділікті адам құқының ажырамас бөлшегі деп тануы да тегін емес болар. Сондықтан мұндағы қызмет түрі де сұранысқа сай сапалы болуы қажет. Бірақ елімізде интернетке қатысты көп сын айтылады. Мамандар басты мәселе мұндағы нарықтың монополиялық сипатында екенін айтады.

Мәселенің бір шешімі – демонополизация

Бүгінде Қазақстанның теле­ком­муникация нарығын негізінен екі ірі компания ғана билеп-төстеп отыр. Олар – Ұлттық оператор «Қа­зақтелеком» АҚ мен «Кар-Тел» ЖШС. Бұл жағдай мұндағы мем­лекеттік рет­теудің нәтижесіздігіне, қыз­меттер мен техникалық пара­метр­лердің сапасыздығына әкеліп отыр. Одан бөлек, бірқатар компа­ния радиожиілік спектрін бөлудің қолданыстағы кестесіне, оның ішінде шағын радиожиіліктерді бөлуге қатысты мәселелерге кезігіп отыр. Сондықтан да бұл саланы монополиядан босатып, бәсекелес орта қалыптастырып, жаңа ойын­шылар тартатын уақыт келгендей. Еліміздегі телекоммуникациялар қызметі нарығын қайта құрудың уа­қыты келді. Бұл туралы таяуда өт­кен бас­пасөз мәслихатында айтылды. «Біздің телекоммуникация нарығын дамыту үшін өте сауатты, нақты тексерілген антимоно­по­лиялық саясат қажет. Мәселен, елі­­міздегі инфрақұрылымдық бай­ланыс желілерінің құрылысын салу үшін бізде ең бірінші кезектегі ресурс – ақша десем, провайдерлер куә, бірақ сонымен қатар бізде одан кем соқпайтын тағы бір басты ресурс, ол – уақыт. Айталық, құры­лысқа қажетті бюджет бола тұра көп­теген компания кабель кәрізіне қолжетімсіздік, жиілікке қолже­тімсіз­дік, қалада болса, орын­жай­ларға қолжетімсіздік сияқты әкім­шілік кедергілер кездеседі. Сон­дық­­тан да антимонополиялық ор­­гандар бұл мәселеде теңдесі бар, әб­ден пысықталған шешімдерге баруы тиіс», – дейді «Азия» халық­ара­­лық кабель операторлары қа­уым­­дас­ты­ғының төрағасы Антон Шин. Оның айтуынша, ақшаң бола тұра әкімшілік мәселелерді шешуге жылдар кетуі мүмкін екен. Мәсе­лен, Алматыда операторлар тұрғын үйге қосылуға келгенде көп мәсе­ле­­ге тап болады. Бұл тұста біз оған уақыт жоғалтпауымыз үшін анти­монополиялық орган тұтыну­шы­лармен және операторлармен бір­­лесіп, осы тығырықтан шыға­тын бір шараны ойлап табуы қа­жет. Бұл салада бәсекелестік ту­дыр­ған жөн. Сонда интернет са­пасы да, қамту аясы да арта түспек. Жалпы, на­рық­тағы проблемалар бір бұл емес. Интернет сапасына да, қызмет сапасына да көңіл бөл­ген абзал.

Алдын ала ақы алу негізсіз

Әдетте кез келген пайдалану­шыға ғаламдық желіге шығу үшін еш кідіріссіз тез ашылатын жоғары жылдамдықты интернет қажет. Әйтсе де, елімізде барлық жерде он­дай байланыс жоқ. Тіпті, про­вай­дерлердің қызмет көрсету келісімшарттарында жария етіп жүрген «500 Мбит/c-ға дейін» деген максималды жылдамдықтың өзі жай қағаз жүзінде ғана. Іс жү­зінде көп ретте бұл көрсеткіш одан көп аз болып келеді. Ал бұл деге­німіз – баяу интернеттің кесірінен уақыт жоғалту, қаржы жоғалту сияқты проблемаларға алып ке­леді. Пайдаланушылар мұндайда бұл проблеманың шешімін өздері іздеуге мәжбүр. «Провайдер келісімшартта көр­сеткен интернет жылдамдығын қам­тамасыз етуі тиіс. Өйткені пай­даланушылар өздері одан аз жыл­дамдықта қызмет алып отырса да, шартта көрсетілген соманы толық­тай төлеп отыр. Тағы бір мәселе, про­вайдерлердің көрсет­кен қыз­мет­теріне алдын ала ақы алатыны. Ал осы кезеңдегі ақаулар, берілмей қалған мегабиттер көлемі ескеріл­мей қалады. Сондықтан да біздің қауымдастық қаралып жат­қан «ҚР кейбір заңнамалық акті­леріне тұтынушылардың құқын қорғау мәселелері бойынша өзге­рістер мен толықтырулар енгізу ту­ралы» заң жобасына байланыс оператор­ла­рына қызмет көрсету келісімшар­тын жасасу кезінде интернеттің нақты жылдамдық өлшемін көрсе­туді міндеттейтін норманы енгізуді ұсынып отыр», – дейді Ұлттық коммуникация және цифрландыру қауымдас­тығының вице-прези­денті Жанат Асантаев.

Саннан сапаға көшетін кез келді

Нұр-Сұлтан қаласының қо­ғам­дық кеңесінің мүшесі, Integrity ASTANA коммерциялық емес ұйы­­мының басшысы Жанат Нұр­ға­лиев жақында қабылдан­ған «Цифрландыру, ғылым және инно­вация есебінен техноло­гиялық серпіліс» ұлттық жоба­сының ин­дикаторлары ақыры орындалма­ғанын айтады. Бұл көрсеткіш негізінен оның «Са­палы интернет және ақпараттық қауіпсіздік» деп аталатын VI ба­ғытына қатысты. «Егер бұрындары бірінші ке­зекте 100 пайыз интернетпен қа­м­ту деген мәселе көп ай­ты­латын бол­са, қазір күн тәртібіне оның са­пасы шығып отыр. Өйт­кені сапа емес сан қуғандар сол кезде ин­тернет жылдамдығының ең тө­менгі параметрлерін ғана қарас­тыра салған. Ол қалалар­да 10 Мб, ауылдарда 5 мб. Осылай­ша, Қа­зақстан мобильді интер­нет жыл­дамдығы бойынша рей­тингте 179 елдің ішінде 90-орын­ды (33,76 Мбит/сек) иеленіп отыр. Бізді көр­шілеріміз басып озып отыр. Мә­селен, Қырғыз елі 76, (43,31), Бе­ларусь 74-орында (45,67). Бұл – ойланатын мәсе­ле», – дейді ол. Осы проблеманы шешу үшін ұлттық жоспарда келесідей қар­жыландыру көлемі қарастырылып отыр: 2021 жылы 34,9 миллиард теңге, 2022 жылы 17,5 миллиард теңге және 2025 жылы 228 мил­лиард теңге. Бұл сомадан респуб­ликалық бюджеттен тек 17 мил­лиард теңге қарастырылған. Одан бөлек, 529 миллиард теңге бюд­жеттен тыс қорлардың есебінен түсуі тиіс, оның ішінде 2025 жылға көзделіп отырған 228 миллиард теңге бар. Баспасөз мәслихатын өткізгендер бұл соңғы сома ұлттық операторлардың есебінен алынуы мүмкін екенін айтады. «Бірақ біз бұл мемлекеттік бағдарламадан олардың қай опе­ратор екенін, қанша инвестиция шығаруы керегін түсініп отырған жоқпыз. Қаржыландырудың ең үлкен бөлігі 2025 жылға қойылған. Бейне бір «әуелі сол уақытқа жетіп алайық, сосын көрерміз» деген ниет бар  секілді. Бұлай болмайды. Біздің қоғамға сапалы интернет екі-үш жылдан кейін емес, қазір керек. Сондықтан да уақыт өткіз­бей, ұлттық компаниялардың, опе­раторлардың өздеріне қабыл­даған нақты міндеттемелерін біз қазірдің өзінде-ақ көруге тиіспіз. Ол үшін бұл соманың компаниялар бойынша қалай бөлінгені айқын­далуы қажет. Азаматтарды 100% сапалы интернетпен қамтамасыз ету үшін инфрақұрылым мен тех­никалық жарақтандыруды жүр­гі­зуге кімнің қашан және қанша кө­лемде дайын екенін осы бастан біліп отырғанымыз дұрыс», – дейді ол. Бүгінде елімізде 1 178 ауылда интернет байланысы жоқ екен. Ал интернеті бар ауылдардың өзінде оның жылдамдығы әлсіз. Мұны техникалық тілде «ақтаңдақтар» деп атайды. Мұндай проблема ауыл­дарда ғана емес, қалаларда да кездеседі. Мәселен, адам көп жи­налған жерлерде жүктеме көп бол­ғандықтан, байланыс сапасы на­шар­лайды. Бүгінде сапасы ең жақ­сы интернет Нұр-Сұлтан қала­сында болса, ең нашары – Қы­зылорда қаласында. Ал ауылдардан Батыс Қазақстан облысында «ақ­таңдақтар» көп. Баспасөз мәслиха­тына қатысатындар оның қоры­тын­дысы бойынша бәсекеге қабі­леттілікті арттыру және телеком­муникация саласын одан әрі тиімді дамыту бойынша нақты ұсыныс­та­рын жинақтап, Мемлекет бас­шы­сының атына үндеу жіберуге келісті.