QR-код немесе салықтан жалтару
QR-код немесе салықтан жалтару
344
оқылды
Соңғы жылдары сауда-саттықта жұрт кәсіпкерлердің жеке шотына ақша жіберіп, бизнес салықтан жалтарудың жақсы жолын тапқан еді. Алайда былтыр Үкімет QR-код арқылы төлем жасауды талап етіп, салықты бақылаймыз деп жар салды. Арада біраз уақыт өтті. Қазір базарға, кафеге, басқа жерге бара қалсаңыз, жағдай пәлендей өзгермеген. Әлі де тауар, қызмет ақысын жеке шотқа жолдауды сұрайтын саудагер көп. Сонда кім кімді алдап жүр? Былтыр «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Kaspi және Halyq Bank-пен бірлесіп, ХҚО-ларда мемлекеттік бажды QR көмегімен төлеу сервисін енгізді. Міне, содан бері жыл ай­налмай жатып қазақстандықтар QR кодты 700 мың рет сұратып, 2,8 млрд теңгеге төлем жасаған. QR төлемді белсенді қолдан­ған­дардың ішінде Алматы қаласы көш бастаған (72 052), одан кейін қарағандылықтар (63 278), үшінші орында –астаналық тұрғындар (54 354). Ал QR төлемін қолдану көрсеткіші ең төмені – Атырау мен Солтүстік Қазақ­стан облыстарында (тиісінше 23 080 және 23 449 рет). Естеріңізге салайық, Мемлекет бас­шысы 2021 жылы халыққа арнаған Жол­дауында мемлекеттік қызметтерді көрсетуді толығымен цифрландыруды тапсырған болатын. Ал QR код арқылы төлем жасау сер­висі мемлекеттік қызметтерді алуды оңтайландыра түсті. «Сервис енгізілген сәттен бастап, біз оң өзгерістер байқап отырмыз – клиенттер уақытын үнемдеп, оператордың алдында оты­рып-ақ қызмет ақысын төлеп жүр. Кас­салардың жүктемесі төмендеді. Сондай-ақ QR код арқылы төлем жасалғанда комиссия алынбайды. Осының барлығы бізге таяу уақытта ХҚО-дағы кассалардың санын үштен бірге дейін қысқартуға мүмкіндік береді», – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Әділ Қожықов.

Қолма-қолсыз төлемнен бас тартудың басты себебі – салықтан жалтару

Бүгінде мемлекеттік қызмет көрсету саласында мемкорпорация жаңа цифрлық мүмкіндіктерді енгізуде. Бұдан бұрын QR кодпен жер учаскелеріне актілерді дайындау және беру, жылжымайтын мүлікке құқық­тар­ды тіркеу, кондоминиум объектілері бо­йынша және жер қатынастары сала­сындағы басқа да мемлекеттік қызметтерді төлеуге болатын. Енді кассаға кезекке тұр­май-ақ құжаттандыру қызметінің алым­дарын да төлеу мүмкіндігі бар. QR төлемдері барлық сауда, мәдениет нысандары мен ойын-сауық мекемелерінде қолданылады. Ендігі күні клиенттер 146 мемлекеттік қыз­мет түрін осы тәсіл арқылы жүзеге асыра алады.

Салықтан жалтарғысы келетіндер бар

Былтыр Сауда және интеграция вице-министрі Әсел Жанасова алдағы уақытта QR-кодтар POS-терминалдарға теңестірі­летінін мәлімдеген. Дүкеннен алған тауар ақы­сын смартфондағы QR-кодпен төлей салу әдісі сатушыға да, тұтынушыға да қо­лай­лы. Оның үстіне, есептесудің бұл түрі эко­логиялық әрі қауіпсіз саналады. Өйткені са­тушыға да, терминалға да аса жақындау­дың қажеті жоқ. Содан да болар, онлайн және қолма-қолсыз төлем көпшіліктің кө­ңіліне жаға кетті. Әйтсе де, терминал қоюды, сontactless payment арқылы төлем қабыл­дауды қаламайтын кәсіпкерлер де аз емес. Яғни, төлем карталары арқылы сау­далас­қы­сы келмейді. «Картаға аудара са­лыңыз» деп де­ректемелерін көрнекті жерге жазып қояды. Мұның себебін экономист Мақсат Ха­лық былай деп түсіндіреді: «Қолма-қолсыз төлемнен бас тартудың басты себебі – са­лықтан жалтару. Өйткені былтыр қосылған құн салығының шегі 30 мың айлық есептік көрсеткішке тең болды. Егер одан асса, кә­сіпкерлер кірісінің 3 пайызын ғана тө­леуге мүмкіндік беретін жеңілдетілген декларациядан айырылады. Онда ҚҚС үшін 12 пайызды төлеуге мәжбүр болады. Бұ­ған басқа да салық түрлері қосылады. Сондықтан көбі салықты аз төлеу үшін жалтарады», – дейді экономист. QR-код 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап қосылған құн салығын төлеуші ретінде тір­кеу шегі 30 АЕК-тен 20 мыңға дейінгі есе­ленген мөлшеріне төмендетілген. Биыл АЕК 3 063 теңге деп белгіленді, демек ҚҚС бо­йынша тіркеу есебіне қою үшін ең аз жылдық айналым 61 260 000 теңгеден аспауы тиіс. 2021 жылы ол 87 510 000 теңге (30 000 АЕК) көлемінде болған. Яғни, қазір сәйкесінше азайды. Сондықтан кәсіпкерлер табысын бұрынғыдан бетер жасыра түсетін болады. Сарапшы экономикамыз әлі дағ­дарыс жағдайында тұрғанда, ҚҚС шегін әзірге төмендетудің еш қажеті жоқ, кері­сінше, салықтық жеңілдіктер жасалғаны жөн деп санайды. Әйтпесе экономикада көлеңкелі бизнестің үлесі арта түсетіні анық. Жеңілдетілген декларацияда қала беру үшін бірнеше жеке кәсіпкерлік әйт­песе компания ашып, қулық жасайтындар да көбейеді. Өздеріңіз де көріп жүрсіздер, қаладағы көптеген сауда-саттық орындары QR-код арқылы төлем жасатпайды. Тіпті, ілуде бі­реуінде ғана QR-код жұмыс істейді десе болады, көпшілік саудагерлер одан бас тарт­қан. Ал шағын азық-түлік дүкендерінде мұндай жүйе о бастан жоқ десе де болады. Төлемді картаға аудартады немесе қолма-қол ақша алады. Мұндай жағдайда мемле­кеттік бюджетке тиісті салықтар төлен­бейтіні тағы айдан анық. «Сатушы тауардың ақысын тек қағаз ақшамен қабылдап, картамен төлеуден, төлемнің басқа түрлері, мәселен, QR-код арқылы қабылдаудан бас тартатын болса, бұл сатып алушының құқын бұзады. Яғни, тұтынушының заңды мүддесін аяқ асты ет­кені. Мұндай әрекет Әкімшілік құқықбұ­зушылық кодексінің 194-бабына сәйкес жа­уапкершілікке тартылады. Кәсіпкер­лер­дің заң бұзу фактісі бірінші рет әшкереленсе, тек ескерту алса, ал бұл жағдай тағы бір рет қайталанса, 40 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады», – дейді The Founders компа­ниясының заңгері Талант Рамазанов. Ал осындай жағдайға тап болған тұты­нушы өзінің заңды құқының бұзылуына байланысты жергілікті салық органына ха­барласуға құқылы. Тіпті, мұндай хабар­лама үшін мемлекет 1000 теңге көлемінде сыйақы төлейтін көрінеді. Әлбетте, бо­лымсыз сыйақы үшін ешкімнің құзырлы ор­гандардың табалдырығын тоздырт­пай­тыны белгілі. Оның ең оңтайлы жолы – e-Salyq Azamat мобайл қосымшасы. Оны өз телефоныңызға жүктеп, салық органдарына шағымыңызды жіберуге болады. Бұл тұтынушы ретінде өзіңізге қолайлы төлем тәсілімен сауда жасауға толық құқылы еке­ніңізді білдіреді. Ең бастысы, сіз сол ар­қылы салықтан жалтарушыларға тосқауыл қойып, қазынаның қалтасын толтыруға өз үлесіңізді қосып жатқаныңызды сезінесіз.

Қауіпті ескере жүрген де жөн

Contactless payment технологиясы біздің елде ғана емес, бүкіл әлемде кеңінен етек жайып барады. Олай дейтініміз, 2020 жылдың қорытындысы бойынша барлық транзак­ция­ның 41 пайызына тең болған. Ал дамыған елдерде оның үлесі тіптен жоғары. Мәселен, Еуроодақ елдерінде атал­ған әдіспен транзак­циялардың 80 пайызына жуығы өтеді екен. Қазақстанда қолма-қолсыз төлем үлесі­нің артуына сауда POS-терминалдары инфрақұрылымының жақсарып, ішкі на­рыққа Apple Pay және Samsung Pay сияқты әлемдік жүйелердің келуі, банктер мен төлем жүйелерінің клиенттерді қызықтыру мақсатында түрлі бонус пен кэшбек ұсынуы әсер етті. Мәселен, QR-код арқылы сауда ж­а­са­ғанда 3-5 пайыз көлемінде кэшбек бе­рілетінін білетін жұрт қалтаға ақша салу бы­лай тұрсын, шама келгенше банк карта­сымен де төлем төлемеуге тырысады. Бүгінде жаһандық трендке айналып бара жатқан төлем жүйесі алдағы уақыттарда тұтынушының жүрегін жаулай беретіні ту­ралы болжамдар бар. Мысалы, Juniper Research зерттеу компаниясының сарапшы­ла­рының айтуынша, 2024 жылға қарай әлем­дегі жанаспай төлем жасау транзак­цияла­ры­ның көлемі 6 трлн долларға жетуі ықтимал. Бүгінде оның көлемі 2 трлн дол­лардан асқан. Дегенмен жаңа технологиялардың да кері жақтары болатынын ескере кеткен­деріңіз жөн. Spectre Security Group компа­ниясының директоры Медет Туриннің айтуынша, клиент банктің немесе Ashyq-тың қосымшасындағы QR-кодқа телефо­нын төсегенде, ол өзінің жеке деректе­мелерін жария етпейді. Ал енді көшеде тұрған әйтпесе өзіне беймәлім QR-кодқа телефонын беттестіргенде, ол мүмкін. Смартфон иесі сол QR-код арқылы өзінің жеке деректерін «ұрлап» алатын қауіпті бағдарламаны жұқтыруы ықтимал. Сон­дықтан кез келген жердегі бейтаныс код­тарды сканерлеуге болмайды. «QR-кодтың бәрін сканерлей беруге болмайды. Егер сіз банктің қосымшасы ар­қылы төлем жасағыңыз келсе, онда тер­миналға немесе сатушының смартфонына сенуіңізге тура келеді. Бұл жерде мәселе бол­мауы тиіс. Бірақ көшеден немесе басқа­дай күдікті жерден сканерлеген QR-кодтан сақтаныңыз. Оны алаяқтар әдейі қалдырып кетуі мүмкін», – деп сақтандырады сарапшы. Оның айтуынша, сіздің телефоны­ңыз­дағы браузерді ашып, сол арқылы түрлі алаяқ­тық әрекеттер жасауға болатын QR-кодтар­дың түрлері көп. Сондықтан ска­нер­лемес бұ­рын сілтеменің заңды немесе заң­сыз екен­дігіне көз жеткізу керек. Өйт­кені кейбір сілтемелер заңсыз болады, олар әлдебір күмәнді сайттарға, мәселен лоте­реяға кіргізіп жіберуі мүмкін. Ал ол жерде жеңіл табыс табуға құмарлығы оянған адамды әбден әккіленіп алған қулардың алдап-соғып кетуі, оңайдың оңайы. «Сіз пәлен теңге ақша тап­тыңыз, оны алу үшін осындайда осындай де­ректеріңіз керек» деп азғырғанда, бүкіл банк­тік құпияңызды қалай ашып қойғаныңызды артынан бірақ біліп, бармағыңызды тістеуіңіз мүмкін. Бірақ ол кезде ендігі бәрі кеш болады. Иә, қандай озық технологияның да кем-кетік тұстары болуы заңды. QR-код тех­нологиясына да осы тұрғыдан қарау ке­рек. Рас бұл қолайлы, жедел, бірақ қа­уіпсіз емес. QR-кодты қолданғанда осы жа­­ғын да ескере жүрген жақсы-ау.